Үкімет сүт-тауар фермаларын салуға көп қаражат бөлді: СҚО-да сүн өнімдері неге қымбат

Самат Жақып

Өңірде айран, сүзбе, және сары май бағасы айтарлықтай өскен

коллаж: Halyq Uni

Еліміздің солтүстігінде сүт қымбаттады. Мұнымен қоса сүттен алынатын өнімдердің бағасы шарықтап кеткен. Өңірдегі сүт өндіруші зауыттар тауарының кей түрін бірден 15 пайызға дейін аспандатып жіберген, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Жергілікті халық қымбатшылықты сәуір айының басында байқаған. Сондықтан қазір қаладағы зейнеткерлердің көбі сүт өндіруші кәсіпорындардың жеке дүкендеріне арнайы барып, сатып алуға мәжбүр. Өйткені супермаркеттегі баға тіптен аспандап кеткен.

«Майлылығы 4,5% болатын сүттің бір литрі мұнда - 330 теңге. Ал базарларда ол 360 теңгеге дейін. Ірі сауда орындарында одан да жоғары. Амал жоқ, аламыз. Себебі мұнда адам ағзасына аса қажетті кальций дәрумендері бар. Қазіргі таңда қымбаттамаған дүние қалмаған шығар. Зейнетақымыздың бәрін осы азық-түлікке жұмсаймыз», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Раиса Москвитина.

Орта есеппен алғанда өңірде айран - 14,3%, сүзбе – 9,5% және сары май – 5,3% өскен. Бұл туралы өткен демалыс күндері ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен жиында айтылды. Үкімет басшысы соңғы екі жылда Солтүстік Қазақстан облысында сүт-тауар фермаларын салуға айтарлықтай қаражат бөлінгенімен, қымбатшылық әлі де жалғасыаһп келе жатқанын жеткізді.

Ал облысты бес жылдан артық уақыт басқарып отырған Құмар Ақсақалов бағаны төмендету үшін ауқымды жұмыстар атқарылады деп сендірді.

«Соңғы екі жылда сүт өнімдері бойынша республикадағы ең төмен баға біздің облыста болды. Бірақ есеп жүргізілген кезде баға күрт өсіп кеткендігі анықталды. Оған бірнеше фактор әсер еткен. Сондықтан, осындай мәселе туындап отыр. Қазіргі таңда біз бағаны төмендету үшін кешенді жұмыстар жүргізіп жатырмыз», - деді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов.

Мән-жайды анықтау үшін өңрдегі сүт өндіруші кәсіпорындардың басшыларымен хабарласқан едік. Алайда, кәсіпкерлер БАҚ өкілдерімен кездесіп, қымбатшылыққа не түрткі болғанын түсіндіруден бас тартты. Айта кету қажет, қазір Солтүстік Қазақстан облысында сүт өңдеумен айналысатын алты зауыт жұмыс істеп тұр.

Өңірде шикізат қоры бойынша еш тапшылық жоқ. Мәселен, былтыр елімізде 30-ға жуық сүт тауарлы фермасы ашылса, оның тең жартысы Солтүстік Қазақстан облысында. Әсіресе, аймақта сүтті бағыттағы мал басын көбейту шаралары қарқын алды. Қазір өлкеде сүт өндірумен 90-нан астам шаруашылық айналысады. 29 заманауи сүт кешені жұмыс істеп тұр. Ал оның 22-сі соңғы 3 жылда ашылған. Ал биыл тағы 11 заманауи тауарлы-сүт фермасының құрылысы басталды. Яғни, жыл соңына дейін 5600 бас сиырға арналған 8 сүт кешені пайдалануға берілмекші.

Осылайша 2025 жылға дейін облыста 52 сүт фермасының құрылады деген жоспар бар. Ал былтыр сүт өндірісі сәйкесінші мерзіммен салыстырғанла 6,2% артқан. Орта есеппен алғанда былтыр өлкеде 635 мың тонна сүт өндірілген екен. Бұл - елімізде өндірілген жалпы сүттің 10 пайыздан астамы.

СҮТ ИМПОРТТЫҚ ҚАПТАМАЛАР ЕСЕБІНЕН ҚЫМБАТТАҒАН

Жыл сайын өңірдің ауыл шаруашылығы саласына мемлекеттен миллардтап қаржы бөлініп, тауарлы-сүт фермалары жаппай ашылып жатса да, халық арзан өнімге әлі қол жеткізе алмай отыр. Себеп біреу - сүт өнімдеріне қажетті қаптамалардың өзімізде өндірілмеуі.

«Сүт және сүт өнімдеріне қажетті қамтамалар - 30%, ал оны өндіруге қажетті қондырғылардың қосалқы бөлшектері - 50% қымбаттағанын байқап отырмыз. Мұндай дүниелер Қазақстанда жасалмайды. Біз импортқа тәуелдіміз. Яғни, кәсіпкерлер көбіне оны көрші елдерден тапсырыспен алдырады. Мұның бәрі сүт бағасына әсер етіп отыр. Одан бөлек, қазір ауыл шаруашылығы техникалары, оның қосалқы бөлшектері де қымбаттады. Ресейге салынған санкциялардың салқыны бізге де тиіп жатыр», - дейді облыстық ауыл шарушалығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев.

Жауаптылардың айтуынша, алдағы уақытта сүт зауыттарында істейін жұмысшылардың айлығы өспек.