Бұдан былай Үкіметтің еңбек қатынастарын реттеу саласындағы құзыретінен функциялары алынады
Қазақстанда бүгіннен бірқатар заңға енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Оның ішінде Үкіметті кейбір функциясынан айыратын әкімшілік реформа, еңбек нарығын реттеу және салықтық реформалар бар, деп хабарлады Halyq uni.
«Шетелдіктер жұмысқа алынбайды, егер де...»
Бүгіннен бастап Еңбек кодексіне енгізілген бірқатар өзгеріс күшіне енеді. Жаңа өзгерістерге сәйкес, бұдан былай Қазақстан Үкіметінің еңбек қатынастарын реттеу саласындағы құзыретінен функциялары алынады. Атап айтқанда оларға еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақы мөлшерін анықтау, ұлттық компаниялардың, акционерлік қоғамдардың басшы қызметкерлеріне еңбекақы төлеу және сыйлықақы беру шарттары туралы үлгілік ережелерді бекіту, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктерімен (қауымдастықтарымен, одақтарымен) және қызметкерлердің республикалық бірлестіктерімен бас келісім жасасу жатады. сондай-ақ тиісті уәкілетті органдардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді қабылдау тәртібін белгілеуге араласпайтын болады. Есесіне, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру мен жұмысқа уақытша жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақы мөлшерін анықтау Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне беріледі. Кодекстегі тағы бір жаңалық – бұдан былай ҚР аумағында уақытша жүрген және азаматтығы жоқ шетелдіктермен еңбек шартын жасауға тыйым салынады. Бұл норма отбасын біріктіру мақсатында келуге және болу үшін келіп, бірақ ҚР азаматымен некеде тұрғанын растайтын құжат ұсына алмаған, сондай-ақеліміздің заңдарында белгіленген шарттарда шұғыл нысанда стационарлық жағдайларда алғашқы медициналық-санитарлық көмек пен мамандандырылған медициналық көмекті жабатын есептелген медициналық сақтандыру шарты жоқ азаматтарға қатысты.
Бұған қоса, Еңбек және халықты әлеуметтік министрлігі бүгіннен бастап мереке күндері жұмыс уақытын ұтымды пайдалану мақсатында демалыс күндерін басқа жұмыс күндеріне ауыстыруға құқылы болып саналады.
Үкімет кейбір функциясынан айырылады
Елімізде әкімшілік реформа бойынша бірқатар заңға енгізілген өзгеріс бүгіннен бастап күшіне енді. Нақты айтқанда Қазақстан үкіметі құрылымдық және инвестициялық саясатты жүзеге асыру, сондай-ақ мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау, туризм және спорт саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру бағытындағы функциясынан айырылды. Сондай-ақ, Үкімет ел заңдарының орындалуын қамтамасыз етпейді, олардың орындалуын министрліктер мен жергілікті атқарушы органдар бақылайды. Ал инвестиция, мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау, туризм және спортты дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты министрліктер өз құзыреті шегінде қалыптастыратын болады.
Сонымен бірге ұлттық стандарттарға және олардың бейнелеріне сәйкес келетін рәміздердің эталондарын дайындау бойынша жұмысты ұйымдастыру, әрі ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін мемлекеттік рәміздерді ауыстыру және жою қағидаларын бекіту Үкіметтің құзыретіне жатпайды.
Бұдан басқа, ҚР-дағы әкімшілік реформа мәселелері бойынша бірқатар заңнамалық актілерге түзетулер енгізіліп жатыр. Құжаттарды қабылдау нәтижесінде мемлекеттік басқарудың дербестігі артады және мемлекеттік органдар басшыларының дербес жауапкершілігі күшейтіледі.
Паркингте көлік жуу ашуға болмайды
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын реттейтін заңға енгізілген бірқатар өзгеріс бар. Құрылыс компанияларына салынған үйдің инженерлік желілері мен жерін иесіз қалдырып кетуге тыйым салынады. Яғни компаниялар коммуникациялады коммуналдық меншікке, ал жерді кондоминиум объектісінің ортақ мүлкінің құрамына беруге міндеттелді.
Егер үйде су ағып кетсе, меншік иесі кафель мен қабырғаны өз есебінен қалпына келтіреді. Бұған қоса, бұдан былай паркингтің құрылымдық бөлігі мен функционалды мақсатын өзгертуге тыйым салынады яғни, бұл техникалық қызмет көрсету немесе көлік жууды ұйымдастыруға болмайды дегенді білдіреді. Аз пәтерлі (16 пәтерден аз) тұрғын үйлерге тікелей бірлескен басқару формасы қайтарылады. Ал 30 пәтерден аспайтын үйде қарапайым серіктестік арқылы басқаруға рұқсат беріледі.
Тағы бір айта кететіні, ввтотұрақ пен қоймалар жеке (бөлек) меншік деп танылды. Лифтті жөндеу және ауыстыру туралы шешім қабылдау үшін бір подъездегі меншік иелерінің 2/3 дауысы жеткілікті, сондай-аұ тұрғындардың жиналысындағы кворум 2/3-тен 51% - ға дейін төмендетілді.
Азаптаудың алдын алу
Қылмыстық сот ісін жүргізу, жазаны орындау, сондай-ақ азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын қарым-қатынас түрлерінің алдын алу саласындағы адам құқықтары мәселелері бойынша түзетулер қолданысқа енгізіледі.
Атап айтқанда, ҚК-нің 146-бабы жаңа редакцияда «қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас, азаптау» деп жазылған. Осы баптың 1-бөлігінде қатыгездік, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынас үшін жауапкершілік 2 000 АЕК-ке дейін айыппұл не түзеу немесе қоғамдық жұмыстар түріндегі жазаны көздейді.
Билік өкілдерінің заңды талаптарына бағынбау және жаппай тәртіпсіздіктерге белсенді шақырғаны немесе жаппай тәртіпсіздіктерді арандатқаны үшін жаза мерзімі 3 жылдан 5 жылға дейін ұзартылды (бұрын мерзім 3 жылға дейін болған).
Бұқаралық ақпарат құралдары мен интернеттің көмегімен жасалған дәл осы әрекеттер үш жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделіп отыр.
Жаңа заңда тергеу әрекеттерін аудио және бейнетіркеу мүмкіндіктері беріліп отыр, бұл заңсыз әрекеттердің алдын алуға ықпал етеді.
Құжаттағы тағы бір жаңалық - түзетулерде ауруға байланысты жазаны өтеуді кейінге қалдыру көзделген. Алайда, бұл жаңалық кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қылмыс жасаған, адамдардың қаза болуына әкеп соққан не аса ауыр қылмыс жасаумен ұштасқан террористік немесе экстремистік қылмысқа, сондай-ақ қылмыстық топтың құрамында жасалған қылмысқа қатысты жазаны кейінге қалдыру қолданылмайды.
Соынмен қатар қылмыстық топ құрамында жасаған бұзақылық үшін 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Мемлекеттік қызмет
Бұл заңның 60-бабына толықтырулар енгізілді. Бұдан былай мемлекеттік саяси қызметші отставкадан бас тартқан жағдайда, отставкадан бас тарту туралы шешім қабылдаған органның (адамның) шешімі бойынша заңға сәйкес тәртіптік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Мемлекеттік саяси қызметші тәртіптік жауапкершілікке тікелей бағынысты қызметші ірі немесе аса ірі мөлшерде сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаса; сондай-ақ ол бұл қылмысты бірнеше рет жасаған болса, әрі бұл қылмысты бір емес, бірнеше қызметкері жасаса тартылады.
Айта кетейік, мемлекеттік саяси қызметшіні басқа мемлекеттік саяси лауазымға тағайындау оны өзінің қызметі кезеңінде өзіне бағынысты қызметшінің коррупциялық қылмыс жасағаны үшін отставкаға кету міндетінен босатпайды. Заңда мемлекеттік саяси қызметшілер оларды тағайындаған күннен бастап үш ай өткеннен кейін олардың қарамағындағылар сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған жағдайда отставкаға кететіні айтылған.
Жер мен жайылымдар
Жер заңнамасын бұзған әкімдік қызметкерлеріне қолданылатын әкімшілік жауапкершілік күшейтіледі. Мәселен, шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, шетелдік қатысуы бар ҚР заңды тұлғаларына, халықаралық ұйымдарға, шетелдік қатысуы бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға, олармен некеде тұрған еліміздің азаматтарына ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жеке меншік және жер пайдалану құқығын беруге тыйым салынады. Ең бастысы жайылымдық жерлерге жеке меншік құқығын және жер пайдалану құқығын беруге тыйым салынады.
Бұдан басқа, азаматтар мен мемлекеттік емес заңды тұлғаларға халықтың, оның ішінде облыстық және аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің немесе ауылдық елді мекендердің шекаралары шегінде шабындық алқаптармен қамтылған учаскелерді жеке меншікке және жер пайдалануға беруге тыйым салынады.
Ұшақ кешіксе айыппұл төлейді
Назар аударыңыз, жолаушыларды, багажды және жүктерді авиатасымалдау ережелеріндегі маңызды өзгерістер бар. Қолданыстағы ереже «рейс мәртебесінің өзгеруі» ұғымымен толықтырылды. Бұл маршруттың жоспарланған бағыттан өзгеруі, рейстің кешігуі, рейс кестесінің өзгеруі, рейстің тоқтатылуы немесе рейстің ұшу (келу) уақытына немесе бағытқа әсер ететін өзге де өзгерістерді білдіреді. Яғни егер рейс мәртебесі өзгеріп, жолаушы ұша алмаса билеттің қолданылу мерзімі авиакомпанияның ең жақын рейсіне дейін ұзартылады.
Сондай-ақ бұдан былай жолаушы авиакомпанияның қара тізіміне енген жағдайда компания өз бастамасы бойынша тасымалдау шартын біржақты тәртіппен тоқтатуға құқылы. Егер авиакомпания осы себеппен жолаушымен әуе тасымалы шартын тоқтатқан жағдайда, оған сатып алынған билеттің толық құнын өтейді.
Жолаушыны межелі пунктке уақытылы жеткізбеген тасымалдаушы, кешіктірудің әрбір сағаты үшін тарифтің (мерзімі өткен ұшу учаскесінің тарифі) құнынан 3% мөлшерінде айыппұл төлейді. Айыппұлды өндіру үшін жолаушы интернет-ресурс және тасымалдаушының билеттерін сату пункттері арқылы өтініш беруі керек.