×

Ең көп күнбағыс майы мен вермишель қымбаттайды: Жанармай бағасы азық-түлік құнын қаншалықты өсіреді

Тәуелсіз талдау нәтижесін сала сарапшылары да растады

 Ербол Тұрымбет 28.04.2023 | 16:32
Коллаж: Halyq Uni

DATAmetrics редакциясы 2017-2023 жылдар аралығында ай сайынғы статистикалық деректер негізінде регрессиялық талдау жүргізген. Соның нәтижелері бойынша дизель отынының қымбаттауы белгілі бір азық-түлік тауарларының бағасына әсер ететіні анықталған.

Редакция сарапшыларының есептеуінше, жазғы дизель құны 1 теңгеге қымбаттаған кезде, әлеуметтік маңызы бар тамақ түрлері 1-14 теңге аралығына дейін қымбаттайды. Атап айтқанда: 

  • күнбағыс майы – 20,2%;
  • вермишель – 16,5%; 
  • 1-сұрыпты ұн –16,1%;
  • сиыр еті – 15,7%; 
  • сары май – 15,4%; 
  • тауық еті – 14,7%; 
  • жұмыртқа – 13,8%;  
  • шұжық – 12,8%; 
  • 2,5 пайыздық сүт – 12,2%; 
  • күріш – 10,8%;
  • жоғары сұрыпты ұн наны – 10,8%: 
  • сүзбе – 6,4% қымбаттайды екен. 

Дегенмен, Ұлттық статистика бюросының ай сайынғы мәліметіне қарағанда, азық-түлік бағаларында өзгеріс аса байқалмайды. Тіпті, күнбағыс майының ақпандағы орташа көрсеткіші сәуірде біршама төмендеген. Алайда бұл жерде екі мәселені атап өтуіміз керек.

Біріншіден, 2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы жұмыртқадан басқа азық-түлік өнімдерінің негізгі топтары бойынша тұтыну көлемі төмендеген. Оның ішінде сүт және сүт өнімдері топтары бойынша 6,9%-ға, нан өнімдері мен жарма өнімдері – 4,3%-ға, ет және ет өнімдері – 5%-ға кеміген.

Екіншіден, ресми статистика азық-түліктің тек әлеуметтік маңызы бар 19 түрін ғана есепке алады.

ТАСЫМАЛ ШЫҒЫНЫ ЕУРОПАДА 3-4%, БІЗДЕ 13-14%-ҒА ДЕЙІН БАРАДЫ

Ауыл шаруашылығы саласының белгілі сарапшысы Төлеутай Рахымбеков әңгіме болып отырған болжамның расқа айналарына сенеді. Өйткені, дизель қымбаттағанда азық-түлік бағасының өсетіні сөзсіз. Маманның сөзінше, ол үш түрлі жағдайда ықпал етеді.

Біріншіден, жер жырту, егістік егу, өнім жинау, шабындық кезінде комбайн, тракторлар шығыны бар.

Екіншіден, егістікке пестицидтер, тыңайтқыштар әкелу керек. Оны жеткізу үшін де дизель пайдаланады. Мысалы, Жамбыл облысынан солтүстікке фосфор тыңайтқыштарын жеткізу шығыны көп болады. Көлікпен болсын, теміржолмен болсын – қай-қайсына да дизель керек.

Осы жерде айта кететін Қазақстанның бір ерекшелігі бар. Жер көлеміміз үлкен, ауылдық елдімекендер арасы алшақ, халықтың қоныстану тығыздығы көп емес. Осы орайда, өнімнің өзіндік құнының ішінде тасымал шығынының үлесі Еуропада 3-4% деңгейінде десек, бізде 13-14%-ға дейін барады.

Үшіншіден, өндірілген өнімнің қайта өңдеуі бар. Мысалы, ұн өндірісінде шығынның 10%-ын электр қуаты алады. Сол электр қуатын өндіруде де жанар-жағармайдың үлесі бар.

Төртіншіден, өңделген өнімді тасымалдауға да жанар-жағармай құны әсер етпек.

Дегенмен, маманның сөзінше, жанар-жағармай 12-сәуірде қымбаттағанымен, азық-түлік бағасы тура ертесіне артып кетеді деген сөз емес. Мұндайда «Лаг уақыты» деген термин бар. Әр түрлі жағдайдың нарыққа әсер ету мерзімі әр түрлі болуы мүмкін.

Мысалы, сүтті мамырдан бастап жинайды. Бидай күзде жиналса, етте басқаша, мал көбіне қыста сойылады. Одан бөлек, әр өнімнің қымбаттайтын кезі бар. Мысалы, еттің қымбаттайтын кезі наурыздың ортасы мен маусымның ортасы. Көкөніс пен жеміс-жидек бағасы қарашадан маусымға дейінгі аралықта өседі, – дейді Төлеутай Рахымбеков.

«ФЕРМЕРЛЕРГЕ ШЫҒЫНҒА ЖҰМЫС ІСТЕУДЕН БАСҚА ЖОЛ ЖОҚ»

Қазақстан фермерлер қауымдастығы ШҚО филиалының төрағасы Мейір Әбітаевтың пікірі де осындай. Оның айтуынша, Үкімет дизель отынын азық-түлік бағасы онсыз да шарықтап тұрған шақта тағы қымбаттатып отыр. Демек, азық-түлік ары қарай да кем дегенде 20%-ға құнын арттырады деген сөз.

Бірақ біз айналысатын салада бәрі керісінше болып тұр. Мысалы, бидай өнімдеріміз 100%-ға дейін арзандады. Сүтпен де айналысамыз. Ол да бүгін-ертең арзандауы мүмкін. Өйткені, Ресейден бидай көп келіп жатыр. Қазір 2-3 апта болды, тек теміржол арқылы ғана кіргізіледі. Оның өзі бізге біраз көмек, – дейді ол.

Дегенмен, шаруалардың тығырыққа тіреліп тұрғанын айтады. Мысалы, бидай шығаратын тыңайтқыштар мен химия, техника мен бөлшектердің бәрі бағасын 25-30%-ға өсірген. Сонда шаруалар қайтіп күн көрмек?

Былтыр бидайдың тоннасы 150 мың теңгеге дейін барған. Биыл 75-80 теңгеге дейін түсті, 100% арзандады дегеніңіз сол емес пе?! Қазір қоластымда 420 адам жұмыс істейді. Солардың жалақысы, несиелеріміз бар. Субсидия уақытылы төленбейді. Сүттің былтырғы субсидиясы енді ғана беріліп жатыр, – дейді Мейір Әбітаев.

Енді ол осы шаруашылықпен ары қарай да айналыса беруден басқа амал қалмағанын айтады. Өйткені, несиені былай қойғанның өзінде мойындарында қарызданып алған техникалары, оған қоса лизингпен алғандары бар.

Шаруа биыл жағдай кішкене түзелу керек деген үмітін жасырмайды. Әйтеуір, арзандатылған жағармай алып отырған жайы бар. Алайда оған қолы жетпейтін жеке шаруашылықпен айналысып отырғандары қаншама? Олардың ендігі жайы қалай болары беймәлім.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама