×

Сарыөзекте 30 шақты үйдің төбесі кез келген уақытта опырылып түсуі мүмкін

Әкімдік әлі күнге дейін бұл үйлерді апатты деп танымаған

 Думан Қырықбаев 13.04.2022 | 10:36
коллаж: Halyq Uni

Алматы облысына қарасты Сарыөзек ауылындағы апатты үйлер тұрғындардың өміріне қауіп төндіріп тұр. 

Елді мекенде бір емес, отыздан аса баспана апатты жағдайда. Кеңестік кезеңде бой көтерген қосқабатты тұрғын үйлердің алды осыдан 90 жыл бұрын салынған екен. Олардың дені апатты деп танылмаса да, қабырғалары қақырап, қирауға шақ тұр. Тіпті, көктем келісімен кейбірінің астынан су шығып, үйдің іші ылғал тартып кеткен.

«Баспанамыздың астынан су шығып, еден-қабырғалары сыз тартқандықтан пәтер ішінде аяқкиімсіз жүре алмаймыз. Табаныңнан суық өтеді. Бұрын білінбейтін еді, қазір қартайған шағымда аяқ-қолым қақсап, маза бермейді. Жүрегім де сыр берді. Енді, міне, дәрі-дәрмектің көмегімен ғана өмір сүріп жүрміз», - дейді ауыл тұрғыны Алевтина Даровских.

Үй еденінің астын балтырдан келетіндей су басқан. Бұл мамандарды шақыртып, үш рет сорғызғаннан кейінгі жағдай. Су деңгейі сәл ғана төмендепті. Алайда, үйдің қабырғалары дымқыл тартып, көгерген. Оны Алевтина әжейдің көршілері де растап отыр.

Одан бөлек, қатты дауыл тұрса, үй қирап қалады ма деген де үрей бар. Себебі, ескі үйдің іргетасы мүжіліп, қабырғалардың арасы ажырай бастаған. Сылағы да түсіп жатыр.

«Мына үйдің қабырғасы қазір сылақ та ұстамайды. Өзім үшін де, балалар үшін де қатты алаңдаймын. Еден үстімен жүрсеңіз ағаштар дірілдейді. Көбісі шіріп кеткен. Басқа барар жеріміз жоқ болғандықтан, амалсыз осында тұрып жатырмыз. Қорқынышты. Бірдеңе гүрс ете қалса үй құлап кетті ме деп алаңдап, қан қысымым көтеріліп кетеді. Алдында жедел жәрдем шақырып, әрең дегенде есімді жижым. Апатты үйдің мәселесін тездетіп шешпесе, бұлай болмайды», - дейді тағы бір тұрғын Бибігүл Белгібаева.

Сарыөзектегі ескі үйлердің бәрі кезінде теміржол қызметкерлеріне арнап салынған екен. Арада қаншама жылдар өтсе де, ешбірі жөндеу көрмеген. Әбден тозғаны соншалық, қазір жамап, жасқауға да келмейді. Бір ғана шешімі бар - үйлерді сүріп, орнына жаңадан қоныс салу.

Қыста бұл үйлерден өрт шығу қаупі де басым. Тұрғындар қыс бой көмір тасып, үйдің ішінде пеш жағады. Орталық жылыту құбырына мүлдем қосылмаған. Кәріз жүйесі де жоқ. Қалдық су айнала қазылған шұңқырларға төгіліп жатыр.

Бұл мәселе бойынша жергілікті әкімдіктегілер де нақты ештеңе айта алмай отыр. Аудандық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Медет Сопбеков құжат пен қаржы жағы қолбайлау болып тұрғанын айтты.

«Жалпы, бізде осындай 36 үй бар. Соның 10-ның құжаты ғана кондоминимум ретінде тіркелген. Ал, қалған 26-сы тіркелмеген. Қазір соны ретке келтіру үшін ақша қажет. Ол алдағы мәслихат сессиясында қаралып, қаржы бөлінсе, техникалық паспортын жасатамыз. Кейін техникалық қорытындысын алу керек. Содан кейін ғана, республикалық бюджетке ұсыныс енгіземіз. Яғни, реновация бағдарламасына сәйкес, апатты үйлерді сүріп, орнына басқасын салу көзделген. Бірақ, бұның барлығы қаржы мәселесіне келіп тіреледі», - дейді бас маман.

Тұрғындардың уайымын әкімдіктің бұл сөзі баса алған жоқ. Себебі, қабырғасы сыз тартып, іргетасы әбден мүжілген үйлердің төбесі кез келген уақытта опырылып түсуі мүмкін.

«Басты талабымыз - мына тұрып жатқан баспанамызды апатты деп тану керек. Егер, апатты деп танылмаса, кезекке де тұра алмаймыз. Сол себепті, бізді тұрғын үй кезегіне қойсын. Жаңадан көпқабатты баспаналар салынып жатыр ғой. Жағдайымызға қарай, солардан берсін. Қашанғы үрей мен үміттің ортасында күн кешеміз?!», - дейді Сарыөзек ауылының тұрғыны Шайгүл Малаева.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама