Қандастарға есік ашыла ма, әлде қытай қаптай ма – сарапшы Қытаймен визасыз режим туралы
18-19 мамырда екі ел арасында визасыз режимге қол қойылады
Қытай Тайваньдағы мәселені әскери жолмен шешуге шешім қабылдаса, Қытайдан Қазақстанға келетін қандастар саны артуы мүмкін, деп хабарлайды Halyq Uni.
Хэйлунцзян университетінің шетелдік аймақтану бойынша магистрі Руслан Ринатұлының айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режимнің оң тұсы да, сын-қатерлі тұстары да бар. «Визасыз режим қытай азаматтарының ЖСН алып, Қазақстанда кәсіптерін заңдастыруға мүмкіндік бере ме?» деген сауалымызға сарапшы былай деп жауап берді:
«Көрші елдің шекаралық сипаттамасы туралы айтар болсақ, Қазақстанның ҚХР-мен жалпы шекарасы 1782 шақырымнан асады және күрделі рельефтер арқылы өтеді. Ал географиялық тұрғыдан тек Жоңғар қақпасы арқылы ғана еркін өте алады. Қазақстан тарапынан ШҚО, Алматы және Жетісу облыстары және қытай тарапынан Шынжаң Ұйғыр автономиялық ауданы шекара маңындағы өңірлерге жатады. Ресми есеп бойынша, Қазақстанда 4 мыңға жуық Қытай азаматы жұмыс істейді. Негізінен ол ауыр өнеркәсіп кешендері, тас жол салу, мұнай-кен өнімдері, және алып-сату бизнесі болып келеді. Яғни жұмыс жүргізуге Қытай азаматтарында қазір де мүмкіндіктері бар. ЖСН алу барлық шетелдіктерге ортақ процедураламармен өтеді», – дейді Руслан Ринатұлы.
Сарапшының айтуынша, Қытайдың жұмсақ күші негізінен кино, телевизия және мәдениет арқылы таралғанымен, Қазақстан бойынша Қытай пропагандасы шектеулі. Сондықтан Қазақстанның үлкен қалаларында жекелеген China Town аудандары құрылуы әзірге мүмкін емес.
Жуық арада China Town қалашықтарының құрылуына алып келетін себеп жоқ. China Town дегеніміз қытай эмигранттарының орныққан ауданы. Қытайлық азаматтар көшіп кетуге көбіне АҚШ, Жаңа Зеландия, Аустралия мемлекеттерін таңдайды. Ал қарапайым қытай азаматтары көшуге қызығушылық танытпайды. Конфуций институттары Алматы, Қарағанды, Астана және Ақтөбе сынды үлкен қалаларда ғана орналасқан, осы себепті ақпараттық вакуум болуы екі талай. Оған қоса біз ксенофобия мен синофобия мәселесін өркениетті түрде шешуіміз қажет, – дейді ол Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында.
2022 жылы Ресейде мобилизация жарияланғаннан кейін, Қазақстанға 27 қыркүйектегі мәлімет бойынша 98 мыңнан астам ресейлік келгендігі айтылған. Олардың 8 мыңға жуығы бейрезидент ЖСН алған. Бұл орайда сарапшының Қытай Тайваньдағы мәселені әскери жолмен шешуге шешім қабылдаса жағдай ушығуы әбден мүмкін екендігін алға тартып отыр.
Қытай мен Қазақстанның қарым-қатынасы Ресеймен салыстырғанда әлдеқайда суық. Ал 2022 жылдың күзгі сценарийдің қайталану ықтималдығы аз. Дегенмен Қытай Тайваньдағы мәселені әскери жолмен шешуге шешім қабылдаса Қытайдан келетін қандастар санының көбеюі әбден мүмкін, – дейді Ринат Русланұлы.
Оның айтуынша, визасыз режим екі ел арасындағы туристік салаға ықпал етеді, сондықтан билет тапшылығының алдын алуды ерте бастан ойластырған жөн.
Қытайлық туристер әлемдегі ең көп саяхаттайтын елдерге жатады. Қазақстандық туристік қауымдастықтың деректері бойынша, биыл Қытай туристерінің ағыныны 30 пайызға дейін артуы мүмкін. Визасыз режимді енгізу сапарға дайындық уақытын бірнеше айдан бір аптаға дейін азайтады. Оған қоса ұшақ рейстеріне билеттер тапшылығы болады деп ойлаймын. Біздің негізгі әуе айлақтары – Алматы және Астана, менің ойымшама осы мәселелерді алдын ала ойластыру керек, – дейді ол.
Айта кетелік, «Ашық НҚА» порталында Қазақстан мен Қытай Халық Үкіметтерінің арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге қол қою туралы қаулы жобасы жарияланды. Бұл құжат Қазақстан азаматтарының Қытай аумағында, Қытай азаматтарының Қазақстан аумағында 30 күннен аспайтын мерзімде визасыз жүруіне мүмкіндік беруді көздейді. Туристік, жеке және іскерлік сапарлар үшін визасыз режимге рұқсат етіледі.
Қаулы мәтініндегі мәлімет бойынша, 18-19 мамырда бұл келісімге Қазақстан Президентінің Қытай Халық Республикасына Мемлекеттік сапар барысында қол қойылмақ. Құжатқа ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Қытай Халық Республикасы Сыртқы істер министрі Цинь Ган қол қояды деп жоспарланған.
Қаулы жобасы 26 сәуірге дейін қоғам талқылауында болады.