×

«Қоғам арасына жік салады»: Ауылды дамыту тұжырымдамасы туралы сарапшылар не дейді

Бір апта бұрын «Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы» бекітілді

 Ербол Тұрымбет 18.04.2023 | 09:31
Коллаж: Halyq Uni

Жалпы, осы Ауыл тақырыбына арналған бағдарламалардың басы сонау 2000 жылдардан басталады. Осы бағыттағы бағдарамаларды ретімен тізетін болсақ: 

  • «Қазақстан аймақтары бойынша 2001-2005 жылдары ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді, қайта өңдеуді және сақтауды ғылыми қамтамасыз ету» салалық ғылыми-техникалық бағдарламасы; 
  • 2002-2005 жылдардағы «Ауыл жылы» бағдарламасы; 
  • 2004-2010 жылдардағы «Ауылдық аумақтарды дамыту» бағдарламасы; 
  • Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы; 
  • Бизнесті дамытудың жол картасы – 2025 (ішінде ауыл кәсіпкерлігін дамыту шаралары қарастырылған).

Сарапшылардың айтуынша, Үкіметтің жаңа бағдарламасы шикі жасалғандықтан, арасында ауыл әлеуетін арттырудан гөрі, қоғамдық қатынастарға жік салатын жайттар көп.

ӨҢІРЛІК ЕРЕКШЕЛІКТЕР ЕСКЕРІЛМЕГЕН

Бұл тақырыпты кең қозғаған DESHT тәуелсіз талдау орталығы жаңа тұжырымдаманың бірқатар кемшілігін тізіп шыққан. Мәселен, солтүстік облыстардың ауылдық аймақтары таза аграрлық салаға маманданса, батыс аймақтарда негізінен өндіруші өнеркәсіпке бағытталған. Тиісінше, егер солтүстік облыстарда өзін-өзі жұмыспен қамту басым болса, батыста – жалдамалы жұмыспен қамту кең тараған. Мұндай ерекшеліктері ескерілмегенін айтады.

Оған қоса, қоғамның аражігін ажыратады деген екі бірдей олқылықты атап көрсеткен.

Бірінші. Артта қалған ауылдарды алға жетелеудің орнына онсыз да әлеуетті ауылдарды таңдап алып, сол арқылы қоғамда наразылық тудырғалы отыр. Яғни, жағдайы бар ауылдарды қаржыландыра отырып, мемлекет қалған ауылдарды сыртта қалдырып, ондағы халық мемлекетке қиындық тудырмайды деп сенеді.

Екінші. Шекара маңындағы ауылдардың мәселесін шешу талпынысы жасанды көрінеді. Оның арты қиын жағдайға әкелуі мүмкін. Тұжырымдамада шекара маңындағы ауыл тұрғындарының жалақысына үстемеақы енгізу ұсынылған.

Сайып келгенде, талдау орталығы тұжырымдаманың мынадай кемшілігін тізіп шыққан:

  • экономикалық процестерге әсер ету үшін басқарудың алдамшы тәсілдері қолданылмақ. Сондай-ақ, ауылдық аумақтарға бірдей көзқараспен қарау байқалады;
  • халықтың табысына әсер ету жолдары нақтыланбаған;
  • тиімділігін дәлелдемеген қолданыстағы тәсілдер пайдаланылғалы отыр. Оған қоса, тексерілмеген өңірлік тәжірибелерді бүкіл елге қолдану көзделеді;
  • қоғамдық келісімнің аражігін ажырататын «миналар» салынған;
  • тұтастай алғанда, тұжырымдама қолданыстағы тапсырмаларды қайталап отыр.

АУЫЛДА ЖҰМЫССЫЗДЫҚ 90%-ҒА ДЕЙІН БАРАДЫ

Ауыл шаруашылығы саласының сарапшысы, белгілі ғалым Төлеутай Рахымбековтің айтуынша, көптеген ауылдық елдімекендерде жұмыссыздық деңгейі ресми деректердегідей 4-5% емес, 90%-ға барады.

Қарағанды, Ақмола, Павлодар облыстарында ауылдық елдімекендерде мың-мың жарым халық тұрады. Ақмолаға көршілес Қарағанды облысында 1420 адам тұратын ауылды білем. Соның жартысы экономикалық белсенді, яғни жұмысқа қабілеті бар адамдар делік. Соның 50-і мектепте, 10 адам басқа әлеуметтік мекемелерде, тағы 10-ы жергілікті кәсіпкерде жалданып жұмыс істейді. Сонда жалақы алып, салық төлейтін адам саны 70 қана. Сонда қалған 630 адам жұмыссыз отыр, – дейді сарапшы.

Оның сөзінше, дәстүрлі жұмыс орнын ашу керек деген көзқарасты өзгерту керек. Ауылда үйде отырып-ақ жұмыс істеп, табыс табуға болады. Мәселен, отбасылық шаруашылықтар жақсы мысал.

Төлеутай Сатайұлының айтуынша, қазір бұрынғыдай қайтадан кеңшар-ұжымшар ашайық деп ұсыныс жасап жүргендер де бар. Ол болмайтын нәрсе.

Біріншіден, бір кеңшарды ашу үшін Кеңес Одағы кезінде 100 млн доллар керек болатын. Ал бізге 220 совхоз ашу керек. Ал Қазақстанда 220 млрд доллар жоқ.

Екіншіден, ол совхозды ашқан күннің өзінде соншама жұмысшы керек емес. Бұрын бір совхозда орта есеппен 200 адам жұмыс істейтін. Қазір технология басқа. Бұрын 50-60 адам оратын жерді қазір 4-ақ комбайнер шабады.

Сондықтан мәселенің екі шешімі бар. Бірі, 6 млн халықты қалаға көшіру. Оның өзінде 1 адамды көшіру үшін 15 млн теңге ақша керек. Сайып келгенде тағы сол 200 млрд долларға шығады. Мемлекетте ондай ақша жоқ.

Екіншісі, ауыл тұрғындарының қолында бары – ауласы мен қорасы. Сол жерде олар бүгін де табыс көріп отыр. Бірақ сол табысын жүйелендіріп, өндірген өніміне әділетті баға арқылы табыс табатындай жағдай жасап беру керек. Менің есебімше, ауыл тұрғындарының бүгінгі орташа табысы адам басына шаққанда 40 мың теңге шамасында. Оны 150 мың теңгеге дейін еркін жеткізуге болады. Ол үшін сол отбасылық шаруашылықтарға қолдау жасау керек, – дейді маман.

«Ауыл» партиясының Мәжілістегі фракциясының жетекшісі Анас Баққожаевтың айтуынша, ауыл мәселесінде қазіргі статистика мен нақты жағдай сай емес.

Мәселен, бұрын ауылдық аймақтарды дамыту бойынша Комитет болатын. Қазір қайда сол комитет? Қай министрліктің құрылымында? Ауылдық елдімекендер бойынша кім нақты санақ жүргізіп отыр? Сұрақ көп, – дейді ол.

Жаңа тұжырымдаманы жасауға өз басы қатысқанын айтады. Ұлттық экономика министрлігі арнайы жұмыс тобын құрып, соның құрамына кірген. Онда айтылып жатқан мәселелермен танысып, келіспейтін жерлері бойынша ұсыныстарын берген.

Бірақ оның бәрі қабылданды, толық өтті деп айта алмаймын. Сондықтан Төлеутай Сатайұлы бастап, біз өзіміздің «Ауыл» партиясының бағдарламасын жасағанбыз. Бұл партияның өз тұжырымдамасы. Енді ол мемлекеттік бағдарламаға айналып кетеді деген үміт жоқ. Дегенмен фракция ретінде соны негізге ала отырып, ұсыныс ретінде енгізуге дайынбыз, – дейді депутат.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама