×

Елімізде қандай бағалы тастар бар: Минералдар музейінен репортаж

Қазақстанда минералды кеніштер таусылып барады

 Айнұр Шошаева 11.04.2022 | 11:00
фото: Нalyq Uni

Елордада 12 жылдан бері минералдар музейі жұмыс істеп келеді. Келушілер музейден елімізден табылған бағалы тастар мен минералдарды көре алады, дейді Halyq Uni тілшісі.

Музей – «Геобайт-инфо» ЖШС меншігі, Қазақстанның еңбек сіңірген геологі Олжабай Исмаиловтың жеке коллекциясы. Бастапқыда музей геологтің жұмыс барасында жинаған тастарынан құралған, кейін көрмелерден сатып алған және әріптестерінен сыйға келген минералдармен толықты. Қазір музейде 1500-ден астам минералы мен тау жыныстары, сондай-ақ полеонтологиялық коллекция, түрлі тарихи геологиялық құралдар бар.

«Алдымен шағын бөлмеден бастадық. Бірте-бірте кеңейіп келеді. Коллекция үнемі толықтырылып отырады. Қазақстан пайдалы қазбаларға өте бай. Музейді ашқандағы мақсат – минерал сұлулығын көрсету, бұған қоса мамандық беделін көтеру. Біздегі экспозицияға Қазақстан мен шектес мемлекеттер, Еуропа, Африка, Оңтүстік Америка мен Австралиядан табылған минералдар қойылды», - деді минералдар музейінің гиді Ғалия Досмағамбетова. 

Оның айтуынша, музейге қойылатын тастың барлығы тексеруден өтеді.

«Әр минералдың емдік қасиеті бар. Мысалы, қалқанша безі ұлғайған адамдар янтарь моншағын тағады. Немесе күн сайын 15 минуттан эвдиалитке қараса көздің көруі жақсарады дегенге сенетіндер бар. Әлбетте минералдардың зияны да болады. Бірақ біз оларды музейге қоймастан бұрын тексеріп аламыз. Минералдардың тағы бір қасиеті бар. Бір түрінен уақыт өте келе басқа бір түріне ауысып кетеді. Мәселен, берилл 10 млн жылдан соң изумрудқа айналып кетуі мүмкін», - деп қосты ол.

Музей қызметкері бізге алғаш рет Қазақстанда табылған минералдар туралы айтып берді. Қазақ жерінде табылған минералдың бірі диоптаз деп аталады. 18 ғасырда Қарағанды облысындағы Алтынтөбе кенішінен табылған. Әшір деген шаруа тауып алып, ағылшын көпесіне изумруд деп сатқан. Минералдың изумруд емес, диопаз екені анықталғанда шаруа өлім жазасына кесіледі. Диоптаздың ашерит деп те аталуының бір себебі осы.   

«Минералдарға оны алғаш тапқан адамның немесе сол табылған жердің аты беріліп отырған. Қазақстанда минерал көп. Мысалы, хромит рудасы. Қазақстан әлемде хром өндірісі бойынша екінші орында. Біздің мақтанышымыз деп айтамыз. Біздің музейдегі минерал Ақтөбе облысының Мұғалжар тауынан табылды. Мынау – гранат. Елдің көбі гранатты қызыл түсті болады деп ойлайды. Негізінде олай емес. Спессартин алғаш рет Германиядан табылған. Өте сирек кездесетін түрі демонтоид. Кең таралған түрі андрадит деп аталады. Бұл табиғи түрі. Егер оны жақсылап жылтыратса, басқа түске енеді. Кең таралған минералдың бірі - агат. Қазақстанда ол өте көп», - деді Досмағамбетова.

Бүгінгі таңда Қазақстаннан басқа елде кездеспейтін минералдың бірі  - тенгизит. 1985 жылы Теңіз кенішіндегі 14 айға созылған өрттен кейін пайда болған минерал. Сондай-ақ елімізде алюминий алу үшін қолданылатын негізгі шикізат боксит, кленка, қылыз қарындаш, шойын ыдыстар жасау үшін қолданылатын гематит, сурет салу кезінде пайдаланатын бояулауды жасайтын лимонит те жеткілікті. Цеолит минералын ауызсуды тазарту үшін пайдаланылады. Мәселен, Қапшағай су қоймасындағы ауызсу алатын бөлігінде цеолит бекеттері салынған.

«Бұл беломарит пен лабрадорит. Бұлар дала шпаттары. Кеңес одағы кезінде, тіпті қазірдің өзінде метро стансаларының едендері лабрадориттен төселеді. Алматы метросының Жібек жолы стансасының едені лабрадоритпен қапталған. Мынау флюорит деген минерал. Балқытқыштар шпатына жатады. Оның ішінде ақ түсі құнды болып саналады. Себебі одан көзілдірік, қымбат линза жасайды. Бір қызығы флюорит түрлі түсті болады. Мысалы, аметист тек күлгін түсті болады. Ол да кең таралған минерлдың бірі. Патшалар тәждерін осы таспен безендіріп отырған. Қазақстанда аметист Соколов-Сарыбай кенішінде, Бетпақдалада көп», - дейді гид.

Оның сөзінше, минералдар өте қымбат тұрады. Ол сиректігімен, табылған жеріне байланысты бағаланады. Мәселен, Ресей изумрудқа бай. Алайда зергерлік изумруд Конгода көп.

«Қазақстан жеріндегі минералдар ешкімнен кем емес. Алайда минералды кеніштер таусылып барады. Оған қоса саладағы кадрлар азайып барады. Мықты гидрогеологтар қартайды. Өткен аптада музеймізге Иран елшісі келді. Экскурсия өткіздім. Елшіге біздің экпозицияларымыз ұнады. «Қазақстанда минерал көп, неге зергерлік зауыттар жоқ?» деп сұрады. Оның айтуынша, Иранда әр қалада зергерлік зауыт бар көрінеді. Бізде шикізат жеткілікті бола тұра ондай зауыттар жоқ. Ойланатын дүние», - деп түйіндеді сөзін музей қызметкері.

Айта кетейік, бағалы тастардан бөлек, музей келушілері Қостанайдан табылған мамонт азуын көре алады. Сол сияқты сыйға келген тасбақаның басы, динозаврдың жұмыртқасы, фуга балығы бар. Музейде Қаныш Сәтпаевтың кілемнен тоқылған портретін көзіміз шалды. Академик, минерология ғылымының негізін қалаған Сәтбаевқа портретті 60 жасқа толғанда Шымкент тоқыма зауытының тігіншілері сыйлаған екен. Бүгінде ол минералдар мұражайының құнды жәдігері саналады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама