Halyq Uni логотип
×

Талдыкөлді құрғатқан құрылысшы, футболшы және журналист: Астана мәслихатына кімдер барды?

34 депутаттың 14-і алтыншы және жетінші шақырылым депутаты болған

 Айнұр Шошаева 05.04.2023 | 09:57
Талдыкөлді құрғатқан құрылысшы, футболшы және журналист: Астана мәслихатына кімдер барды?
Коллаж: Halyq Uni

Астана қалалық мәслихатының VIII шақырылымына сайланған 34 депутаттың 14-і бұрынғы шақырылымның депутаты болған, деп хабарлайды Halyq Uni.

Өткен аптада Астана қалалық сайлау комиссиясы мәслихатқа сайланған депутаттарға депутаттық төсбелгілер мен куәліктерін табыс етті. Елордалық мәслихатқа 4 саяси партия  - «Аманат», «Ақжол», «Байтақ» және ҚХП-дан 17 және бір мандаттық округ бойынша 17, барлығы 34 депутат сайланған болатын. 

Сайланған депутаттардың арасында 25 ер адам, 9 әйел бар. Орташа жасы – 44, ең үлкені – 63, ең жасы – 22-де. Жаңадан сайланған 34 депутаттың 14-і алтыншы және жетінші шақырылым депутаты болған. 

Мәслихат сайтында жарияланған тізімдегі депутаттарлың мамандығы мен кәсібі туралы ақпарат іздеп көрдік. Биылғы құрамға шолу жасап отырып, мәслихат кәсіпкерлер мен дәрігерлер, сондай-ақ қалалық әкімдікке бағынышты коммуналдық мекемелердің басшыларынан және Amanat партиясының қызметкерлерінен құралғанын көруге болады.  

ПАРТИЯ МЕН МЕЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕ ӨКІЛДЕРІ

Мәселен, мәслихат хатшысы болып сайланған Ерлан Каналимов бұрын партияның елордалық филиалына жетекшілік еткен болатын. Сондай-ақ Берік Жакенов, Владислав Сергеев, Арсланбек Мағзұм да партияда қызмет еткен. 

Ерлан Дәкенов бүгінде әкімдікке қарасты Мемлекеттік академиялық филармонияны, Табиғат Зейнулқабден «Астана су арнасы» МКК, Мәулен Самамбетов «Астана орманы» ЖШС, Нұрлан Көпешов «Астана энергия» АҚ басқарады.

ДЕПУТАТТАР АРАСЫНДА ДӘРІГЕР ӘЙЕЛДЕР БАРШЫЛЫҚ 

Депутаттық мандатқа ие болған 9 әйелдің біреуі журналист Ләйлә Сұлтанқызы, біреуі коуч Жанаргүл Құлмағамбетова, үшеуі кәсіпкер – «Бөбек Медина» ЖШС құрылтайшысы Мадина Әжікенова, «SUN EVENTS» ЖШС директоры Сәуле Самидин мен «Әдемі-ай» ЖШС директоры Баһаргүл Төлеген.

Қалған төртеуі медицина саласының мамандары: № 5 қалалық емхананың бас дәрігері Алтыншаш Табулдина, Отан соғысы мүгедектеріне арналған Орталық клиникалық госпиталінің директоры Динара Оразалина, №6 қалалық емхананың бас дәрігері Динара Байсеркина және Эндохирургия клиникасының жетекшісі Салтанат Женалаева

ҚОС «ФУТБОЛШЫ» МЕН БІР ҰҚК ҚЫЗМЕТКЕРІ

Бұған қоса «Астана» футбол клубының екі бірдей экс-басшысы депутат мандатын иеленді. Оның бірі – белгілі қазақстандық футболшы Давид Лория. Екіншісі Азамат Айтхожин бүгінде «Қазақстан Футбол Федерациясы Қауымдастығы» ЗТБ бас хатшысы болып жұмыс істейді.  

Тағы жаңадан сайланған депутат Кендебай Адамбеков ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет еткен. Нақты айтсақ, ҰҚК Қарағанды облысы бойынша департаментінің бұрынғы басшысы болған.

«КӨҢІЛДІ ТАПҚЫР» МЕН КӘСІПКЕРЛЕР

Қазақстандықтарға көңілді тапқырлар ойынымен танылған Нұрлан Өтешев бүгінде Қазақстанның кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары лауазымын атқарады. Мәслихат құрамында ол да бар.

Авиатор Ғабит Тәжімұратовқа сайлаушылар биыл да дауыс беріпті, ол бұрын «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының» басқарма төрағасының басшысы болған еді. Қазіргі қызметі бізге белгісіз.

Тағы бір депутат Қанат Ибраев ҚР Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығын басқарады. 

Сонымен бірге депутат куәлігіне ие болғандардың көбі кәсіпкерлер. Асқар Смағұлов қаржы, инвестициялар мен сақтандыру, Жандос Рахмет демалыс пен ойын-сауықты ұйымдастыру жөніндегі қызметпен айналысады. Елордалық мәслихаттан бір орын Бауыржан Қасымбергебаев атты кәсіпкерге бұйырыпты. Бұған қоса, жылдағы дәстүр бойынша депуттаттық бір орынға Өмірзақовтар әуелетінің өкілі жайғасты. Сегізінші шақырылымда Азамат Өмірзақов ныспылы депутат бар. Ол алдыңғы шақырылымның да депутаты болды. Ал оның әкесі Тұрсынбек Өмірзақов дәл осы қалалық мәслихатта екі шақырылымның депутаты болған еді. 

ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯЛАРЫНЫҢ АЛТЫ ӨКІЛІ ДЕПУТАТТЫҚҚА ӨТТІ

Астана мәслихатына өткен депутаттардың бір бөлігі кәсіпкер-құрылысшылар, нақты айтсақ құрылыс компанияларының басшылары. Депутат Қанат Естектің атына тіркелген «Асыл Қазына НС» ЖШС бар, құрылыс саласына қажетті материалдар дайындайды.

Экс-мәжілісмен, бүгінде Қазақстанның құрылысшылар одағының жетекшісі Талғат Ерғалиев те биыл мәслихат мандатына ие болған. «Строй класс» құрылыс компаниясының негізін қалаған Ерғалиев жеңіл ипотекаларды көбейтуді ұсынып жүрген еді. Оның одақтағы тағы бір әріптесі – Абзал Сағымбаев та мәслихатқа өтті. 

Құрылысшылардың легін №10 сайлау округі бойынша сайланған Нұрлан Мүслім жалғастырады. Оның «Darian Stroy» компаниясының аты кіші Талдыкөл аумағын құрғатып, құрылыс салу жанжалы кезінде аталған болатын.

№15 округтен сайланған Бауыржан Смайыловтың атына «Калкаман-недвижимость» ЖШС тіркелген, ол компанияның бақылау кеңесінің төрағасы. Айта кетейік, Смайылов бұған дейін астаналық мәслихаттың, екі рет Мәжіліс депутаты болған. Сондай-ақ «Ақмола құрылыс материалдары» ЖШС басшысы болды. Аталған компания автокөлік жолдарын салу және жөндеумен, сондай-ақ тұрғын үй салумен айналысады. «Шишкин лайк» арнасының мәліметінше, бұл компанияның 87,3 млн теңге салық пен кедендік қарызы бар. 

Тізімдегі тағы бір депутат – кәсіпкер Азамат Орынбасаров, ол «Qamqor Qurylys» құрылыс компаниясының бас директоры. Бұл компания елордада үш бірдей тұрғын үй кешенін салған әрі былтыр пәтерді рұқсат құжаттамасыз, яғни заңсыз сатқан компаниялардың тізімінде жүрген. 

Еске сала кетейік, Астана қаласының мәслихаты бас қаланың бюджетін бекітеді. Одан бөлек қаладағы жер учаскелері, құрылыс нысандары сияқты маңызды шешімді қабылдап, қаулы шығаратын орган.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама