×

Атырауда үш адамды атып өлтірген тұрғын қаруды қайдан алған?

Атырауда 9 мыңнан астам қару заңды түрде тіркелген. Ал заңсыз айналымда жүрген қару саны белгісіз

 Айнұр Асылбекқызы 05.04.2022 | 15:37
коллаж: Halyq Uni

Атырау облысында заңды түрде азаматтық тұлғалардың атына 9 мыңнан астам қару тіркелген. Ал, заңсыз айналымда жүргені қаншама? Оны ешкім ашып айта алмайды.

Атырауда 15 наурызда «Авангард» ықшамауданында үш адамды атып өлтіріп, бір адамды ауыр жарақаттаған «атқышта» екі тапанша болғаны кейін белгілі болды. Қарапайым тұрғында қару қайдан жүр деген сұрақ көпшіліктің көкейін тесті.

Атырау облыстық полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Нұрсұлтан Мұхамбетқалиевтің айтуынша, қазір өңірімізде заңсыз қару айналымын анықтау мәселесі қатаң бақылауға алынған.      

«Қарумен ұсталған адам кімнен сатып алғанын айтпайды. «Гараждан тауып алдым, қызық көріп қалтама салдым» деп жауап бере салады. Көбіне заңсыз айналымда контрабандалық, ұрланған, әсіресе пәтер тонау кезінде ұрланған, сонымен бірге, немқұрайлықтан жоғалтқан қарулар кездеседі. Сосын көбі аңшы қаруының басын кесіп, шолақ мылтық, тегіс ұңғылы қару жасайды.

Басты проблема – қару біздің елге контрабанда арқылы келеді. Әсіресе, Ресейден. Ол жақта травматикалық қаруды азаматтық тұлғаларға рұқсат бар. Ал бізде тыйым салынған. Ресей мен Қазақстан арасында кеден шекарасы ашық. Онда тек жүк көліктерінің (фура) құжаттары мен жүк көлігі жүргізушісінің жеке басын тексереді. Ал жүк көлігінің ішін тексермейді. Шекарадан өте береді, сол себепті бұл жайттарды да ескеру қажет», - дейді Мұхамбетқалиев.

Тағы бір жайт. Қару саудасы есірткі саудасы секілді интернет арқылы да сатылуы мүмкін. Мұндай сауда түрінің сызбасын еске салайық. Сатушы мен сатып алушы, мәселен, Telegram мессенджері арқылы бір-бірімен байланыс орнатып, қажетті тауарға тапсырыс береді. Кейін онлайн төлем жасалады. Яғни, QIWI арқылы. Ақша түскеннен кейін, сатушы тауардың қай жерде жатқандығы жайлы мәлімет береді және олар бір-бірімен бетпе-бет кездеспейді (безконтактное преступление). Ол үшін тауарды белгілі жерге жеткізетін үшінші тұлға тартылады.

Біздің қолымыздағы ақпаратқа сәйкес, 15 наурызда Атыраудағы «Авангард» ықшамауданында үш адамды атып өлтірген «атқыш» полицияға берген жауабында екі тапаншаны осы тәсілмен Telegram арқылы сатып алғанын айтқан.

Бізге белгілісі, бұл дерек әзірге дәлелденбеген, бірақ, сондай сауда жайында ақпарат бар.

Айтпақшы, Атырауда ақпанда жергілікті полиция қызметкерлері қылмыстық топты ұстап, олардан 7 қару тәркіледі. Бұл - екі «Тайга», екі аңшылық қарудың басы кесілген түрі (шолақ мылтық), екі винчестер, екі травматикалық қару.

Соның ішінде екі қару жоғалғандар санатында тіркеліп, заңсыз айналымға түскен. Оның бірі 2018 жылы жоғалған, ал екіншісі 2011 жылы Алматыда пәтер тоналған кезде ұрланған.

Кейде аңшылар өзен-теңізге түсіріп алып, жоғалтып алатын кездері болады екен.

Атырау облыстық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау тобының аға инспекторы Қанат Қабсиховтың айтуынша, облыста 9 мыңнан астам қару заңды түрде тіркелген. Қабсихов жергілікті учаскелік инспекторлармен бірлесіп, қару сақтау, тасымалдау, тіркеу ережелерінің сақталуын қадағалайды.  Одан бөлек, қару сатып алуға рұқсат алу үшін өтініш берген азаматтарды тексеріп, тиісті талаптарға сәйкес рұқсат беруге болатыны-болмайтынын қадағалайды. Мәселен, өтініш түсірген азаматтың бұрын соттылығы болғанын, наркологиялық және психиатриялық есепте бар-жоғын, 18-ден асқан ҚР азаматы болуын, бұрын-соңды қандай әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша құқықбұзушылық әрекеті, қоғамғы қарсы өмір салты (антиобщественный образ жизни) қаралады.

Одан бөлек, инкасаторлық және күзет қызметтері де бізден рұқсат алады. Ол жерлерде жұмыс істейтін қаруды иеленуге рұқсат алған әр күзетші, әр инкасатор қызметкері тексеріледі, - дейді Қабсихов.

Атап өтейік, елімізде 2008 жылдан бері жыл сайын «Қару» акциясы өтеді. Акция аясында тұрғындар заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрі, жарылғыш затты ақшалай сыйақы үшін тапсыруға ниет білдірген азамат кез келген аумақтық полиция органына өтініш бере алады. Қабсиховтың айтуынша, акция кезінде қару тапсырғандар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.  

Бұл - көзі тірісінде қарттардың бүгінге дейін сақталып келген аңшы қарулары немесе тауып алынған қару түрлері болуы мүмкін.

Тұрғындардан қаруды сатып алу үшін бюджеттен жыл сайын ақша бөлінеді.

Былтыр полиция департаментінің сұранысымен Атырау облысы үшін 2,7 млн теңге бөлінген. Былтыр 46 қару тапсырған. Оның жетеуі иір ойықты мылтық (нарезное оружие), 39-ы тегіс ұңғылы мылтық (гладкоствольное оружие) және 2000-ға жуық иір ойықты мылтықтардың оқ-дәрілері тапсырылған. Салыстыру үшін келтірсек, 2020 жылы 2,5 млн бөлініп, 44 қару тапсырылған. Ол кезде 5 иір ойықты мылтық, 39 тегіс ұңғылы мылтық, 5000-нан астам иір ойықты мылтықтың оқ-дәрілері жиналған.

Ал, биыл «Қару» акциясы таяуда өтеді. Әзірге қашан өтеді белгісіз. Облыстық полиция департаментінің басшысы бұйрық шығарған соң белгілі болады. Биыл атыраулықтардан қару сатып алу үшін 3 млнға жуық теңге бөлінді. Қабсихов акция бұл соманы игеріп болғанша жүретінін айтады. Науқан кезінде сатып алынады, бөлінген ақшаны игергенше жүреді. Мәселен, 2020 жылы акция үш ай, ал 2021 жылы екі ай жүрген.

Ақшалай сыйақы көлемі қарудың жай-күйіне байланысты төленеді. Сыйақы көлемі – 10 АЕК (30 630 теңге) пен 100 АЕК (306 300 теңге) арасында белгіленеді.  

Айтпақшы, акция аясынан тыс ақшалай сыйақы төленбейді. Дегенмен, акциядан тыс қару тапсырғандар да болған.

Еске салайық, 15 наурызда шамамен кешкі сағат 22:00-де Атырау қаласында болған атыстан (тапаншадан) үш адам қаза тауып, бір адам жарақат алды. Қайғылы оқиғадан кейін күдікті ұсталып, қамауға алынды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама