Halyq Uni логотип
×

Бір орынға 42 кандидат: Депутаттыққа үміткерлердің дені Астана мен Алматыда

Мәжіліске үміткерлердің 20 пайызы әйелдер

 Ая Өміртай 17.03.2023 | 16:07
Бір орынға 42 кандидат: Депутаттыққа үміткерлердің дені Астана мен Алматыда
Фото: Halyq Uni

Парламент Мәжілісінің депутаттығына ең жоғары бәсекелестік Астана мен Алматы қаласында тіркелген, деп хабарлайды Halyq Uni.

Орталық сайлау комиссиясының редакцияға жолдаған ресми жауабында 29 бірмандаттық аумақтық сайлау округтерінен Мәжіліс депутаттығына 609 кандидат ұсынылғанын хабарлады. Атап айтқанда, 7 саяси партиядан 79 кандидат, төрт қоғамдық бірлестіктен 5 кандидат, 525 кандидат өзін-өзі ұсынушылар.

САЯСИ БӘСЕКЕ АСТАНА МЕН АЛМАТЫДА

«29 сайлау округі бойынша Парламент Мәжілісінің депутаттығына 435 кандидат тіркелді, яғни бір мандатқа 15 адамнан. Ең жоғары бәсекелестік Астана қаласында бір мандатқа 41 және 42 кандидат, сондай-ақ Алматы қаласында 37, 33, 34 кандидаттан келіп тұр. Ең азы – Түркістан облысының №25 округінде 5 кандидат тіркелген», – делінген ОСК баспасөз қызметінің ақпаратында. 

Бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша Парламент Мәжілісіне кандидаттарды тіркеуде ең жоғары бәсеке Астана мен Алматы қаласында. Мәжіліс депутаттығына Астанада 76 үміткер өзін-өзі, 7 үміткер партия атынан ұсынылған. Алматыда 84 үміткер өзін-өзі ұсынса, қалған 20 үміткер партия атынан тіркелген. 

Абай облысында 6 үміткер өзін-өзі ұсынған болса, партия ұсынысымен 2 адам тіркелген. Сол сияқты, Алматы облысында 22 үміткер өзін-өзі ұсынса, партия атынан 3 кандидат сайлауға түсіп жатыр.

Өңірлер арасында халық саны бойынша алдыңғы қатардағы Түркістан облысында өзін-өзі ұсыну тәртібімен 10 үміткер, ал партия ұсынысымен 5 үміткер тіркелген. 

ЕРЛЕР МЕН ӘЙЕЛДЕРДІҢ ҮЛЕСІ ҚАНДАЙ?

Айта кетелік, өзін-өзі ұсыну тәртібімен 359 кандидат (82,53%), саяси партиялардан 76 кандидат (17,47%) тіркелген. Олардың 80,46 пайызы, яғни  350-і ерлер болса, 19,54 пайызы, яғни 85-і әйелдер. Үміткерлердің орташа жасы – 49 жас. 

2021 жылғы сайлауда ОСК тіркеген 5 саяси партия қатарында 90 әйел және 222 ер адам енгізілген болатын. Дегенмен мәслихат сайлауына түсіп жатқандар арасында әйелдердің үлесі едәуір артқаны байқалады.

«Мәслихаттар депутаттарын сайлау жөніндегі аумақтық сайлау комиссияларының мәліметтеріне сәйкес, 10 288 кандидат немесе бір мандатқа 3-тен астам адам тіркелді. Тіркелген кандидаттардың 7 494-і немесе 72,84%-ы ер адамдар, 2 794-і немесе 27,16%-ы әйелдер», – делінген ресми жауапта. 

АЙЫППҰЛ 15 АЕК

Бір ескеретін жайт, үміткерлердің агитациялық жұмысы кезінде плакаттарды жабыстыру, таратудың және сыртқы жаранаманы орналастырудың бекітілген ережесі бар. 

«Жергiлiктi атқарушы органдар тиiстi сайлау комиссияларымен бiрлесiп барлық кандидат үшiн үгіттiк баспа материалдарын орналастыру үшiн орын белгiлейдi және оларды стендтермен, тақталармен, тұғырлықтармен жарақтандырады. Кандидаттар үгiттiк баспа материалдарын тиiстi объект иесiнiң рұқсатымен өзге де орындарда iлiп қоюға құқылы. Үгiт материалдарын ескерткiштерге, ескерткіш тұғырларға, тарихи, мәдени немесе сәулеттiк құндылығы бар үйлер мен ғимараттарға, сондай-ақ дауыс беруге арналған үй-жайларға iліп қоюға тыйым салынатындығына назарыңызды аударамыз», – деп жауап берді ОСК баспасөз қызметі редакция сауалына. 

Ал үгіт материалдарын қасақана жою немесе бүлдіргені үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 114-бабымен әкімшілік жауапкершілік белгіленген. Яғни, он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. 

2023 жылдың 19 наурызында Мәжіліспен қатар мәслихат депутаттарын да кезектен тыс сайлау ұсынылды. Сайлаушылардың ең көбі – 1 177 507 сайлаушы Түркістан облысында, ал ең азы – 138 277 сайлаушы Ұлытау облысында тіркелген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама