×

Әрбір тұрғынға 23 шаршы метрден: Қазақстан әлемдік стандартқа қашан жетеді?

Баспананың 13-14% қымбаттауы да кері әсер етіп тұр

 Ербол Тұрымбет 15.03.2023 | 15:31
Фото: Halyq Uni

БҰҰ әлеуметтік стандарттары бойынша әрбір тұрғын кемі 30 шаршы метрмен қамтылуы керек. Ал «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында» келтірілген деректерге қарасақ, еліміз бойынша тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткіші 2022 жылдың қорытындысы бойынша тұрғын үй-жайлардың жалпы ауданын 1 тұрғынға шаққанда 23,4 шаршы метрден келді. Бұл 2018 жылғы деңгейден 6,8% жоғары. Ол уақытта әрбір қазақстандыққа 21,9 шаршы метрден келген еді.

БАСПАНАМЕН АУЫЛДАН ГӨРІ ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫ ЖАҚСЫ ҚАМТЫЛҒАН

Ал қала мен ауыл бөлінісіне келсек, қалалықтар үшін 1 тұрғынға жалпы баспана ауданынан 25,8 шаршы метрден тиген. Ал ауылдық жер тұрғындарының әрқайсына 19,8 шаршы метрде тұрып жатыр.

Баспанамен қамтамасыз етудің ең жоғарғы көрсеткіші 7 өңірде байқалған. Онда да қалалық елдімекендердің мәліметі жақсы. Мәселен, Астана тұрғындарына – 30,5 шаршы метрден келсе, Алматы қаласында – 29,1 ш.м. Ал өзге үздік өңірлер бойынша, Маңғыстау облысы – 28,4, Шымкент қаласы – 27,4, ШҚО – 26,5, Ақмола облысы – 26,1, Атырау облысы – 26 шаршы метрден.

Ауылдық жерлер бойынша әрбір тұрғынға шаққанда тұрғын алаңмен қамтамасыз етудің неғұрлым жоғары көрсеткіші Маңғыстау облысында тіркеліпті. Ауылда тұратын әрбір маңғыстаулыққа 27,3 шаршы метр тұрғынжайдан келеді. Ал ең төмен көрсеткіш Жамбыл облысында (15,8 ш.м.).

Осы жерде мемлекеттік қызметте жүрген азаматтарға мүмкіндік қарастырылғанын айта кетуіміз керек. Мысалы, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 75-бабында мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беру нормасы бекітілген. Соның негізінде аталған баптың 1-тармағында әр адамға кемiнде 15 ш.м. және көп дегенде 18 шаршы метрі пайдалы алаң, бiрақ кемiнде бiр бөлмелi пәтер мөлшерiнде немесе жатақханадан бөлме берiлу керек.

Айта кетерлігі, жыл сайын елде тұрғын үй құрылысының көлемі өсіп келген еді. 2022 жылдың басында жарияланған деректер бойынша, елдің тұрғын үй қоры 387,7 млн шаршы метрді құрады. Оның 250,2 млн шаршы метрі немесе 64,5%-ы қалалар мен басқа да қалалық елдімекендерде, ал 137,5 млн шаршы метрі немесе 35,5%-ы ауылдық елдімекендерде орналасқан. Жалпы, баспана құрылысы бойынша 2018-2021 жылдары тұрғын үй құрылысының көрсеткіштері оң серпін көрсетті.

Статистиканың деректері бойынша республикада осы кезеңде 58 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй (521 мың тұрғынжай), оның ішінде:

  • 2018 жылы – 12,5 млн шаршы метр (114 мың тұрғынжай);
  • 2019 жылы – 13,1 млн шаршы метр (116 мың тұрғынжай);
  • 2020 жылы – 15,3 млн шаршы метр (140 мың тұрғынжай);
  • 2021 жылы – 17,1 млн шаршы метр (151,2 мың тұрғынжай) салынды.

2021 жылы тұрғын үйді іске қосудың жылдық көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 36,8%-ға ұлғайған.

ҮЙДІҢ ҚЫМБАТТАУЫ ХАЛЫҚТЫ БАСПАНАМЕН ҚАМТУҒА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?

Алайда соңғы жылдары жоспарланған құрылыс көлеміне қатысты өзгеріс енгізуге мәжбүрлік туып отыр. Мәселен, елордада тұрғындарды тиісті деңгейде ауызсу, жылу және электрмен жабдықтау секілді қажеттіліктеріді қамтамасыз ету үшін инженерлік инфрақұрылым жүйесіне салмақ түсуіне байланысты құрылыс көлемі қысқартылды. Қалада 2021 жылы 3 млн шаршы метр үй салынса, 2022 жылы 2 млн-ға қысқартылды.

Екінші жағынан, елдегі инфляция мен доллар курсына байланысты жылдағы дәстүрлі 10-15% қымбатшылық соңғы жылы биыл да ықпалын білдірді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2023 жылғы ақпанда пәтерлерді қайта сату бағалары бір жылда 13%, жаңа тұрғын үйлерді сату 14% өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі өткен жылғы тиісті аймен салыстырғанда 33,8% артты.

Өңірлер бөлінісінде жаңа үйлер нарығында баға жылдық мәнде Ақтөбе (25,4%) және Ақтау қалаларында (25,2%) едәуір қымбаттады. Пәтерлерді қайта сату нарығындағы баға өсімінің көш басында Семей (41%), Қызылорда (39,9%), Ақтөбе (36,9%), Ақтау (35,4%), Қостанай (30,9%) қалалары тұр. Ал тұрғын үйді жалға алу бойынша жоғары өсім Көкшетау (53,7%), Қостанай (51,9%), Алматы (49,6%) және Петропавл (49,3%) қалаларында тіркелген.

Ал бір айдың ішінде (2023 жылғы ақпан 2023 жылғы қаңтарға қарағанда) жаңа тұрғын үйді сату бағалары – 0,3%, пәтерлерді қайта сату 0,4% өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу алдыңғы аймен салыстырғанда қаңтарда 0,2% көтерілді.

Тұрғын үй нарығындағы бағаның өзгеруі

 

1 ш.м бағасы, теңге

2023 жылғы ақпан

Анықтама: 2023 жылғы қаңтар

 

2022 жылғы ақпанға

2022 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда

2022 жылғы қаңтармен салыстырғанда

2022 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда

Жаңа тұрғын үйлерді сату

483 522*

14,0

1,0

14,0

0,7

Пәтерлерді қайта сату

517 278

13,0

0,8

18,7

0,3

Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі

4 679

33,8

-2,4

34,3

-2,5

Серіктес жаңалықтары

Сараптама