Жыл басынан бері 34 адам ажал құшқан Алматы облысындағы күре жол жайлы
Сарапшылар елімізде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бірыңғай бақылаушы орган жоқтығын айтады
Былтыр Қазақстанда жол апатынан 1997 адам жол көз жұмса, биыл 10 айдағы статистика 1813-ке жеткен. Түрлі жарақат алғандары, денсаулығына зақым келгендері өз алдына. Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, жолдағы адам өліміне қатысты көрсеткіш бойынша өңірлер арасында Алматы қаласы «көш» басында тұр. Ал, республикалық күре жолдарға келгенде Алматы облысының аумағындағы «даңғылдар» ең қауіпті болып саналады. Биыл облыс көлемінде жол апатынан 10 айда 362 адам қаза тапқан.
ЕҢ ҚАУІПТІ ӨҢІРЛЕР – ТҮРКІСТАН МЕН АЛМАТЫ ОБЛЫСТАРЫ
Жыл басынан бері Алматы – Шелек бағытындағы жолда көз жұмған адамдардың саны 20-ға жетіпті. Әрі қарай Шонжыға дейінгі аралықты қоса алсақ, ажал құшқандардың саны 34-ке дейін көбейеді. Одан кейінгі қауіпті саналатын жол - Алматы мен Ұзынағаш аралығы. Биыл осы жолда 22 адамның өмірі үзілген. Алматы мен Қапшағай арасын жалғайтын бетон жолда да биыл 11 адамның өмірі қиылған. Бұл аралықтағы жолдардың қай-қайсы да көлік қарсы бағытқа шығып кетпес үшін ортасы арнайы қоршаумен бөлінген. Жол сапасы бойынша бірінші санатқа жатады. «ҚазАвтоЖол» өкілдері басты мәселе ретінде әдеттегідей жылдамдықты асыруда деп түсіндірді.
Өңірлер арасында жолдағы қайғылы жағдай бойынша Алматы облысынан кейін Түркістан облысы тұр. Облыста жыл басталғалы 296 жолаушының өмірі қиылған. Мұнда да Шымкенттен шығатын үш бағыт ерекше көзге түседі. Ең қауіптісі, Шымкент-Абай жолының бойында Сарыағаш – Абай елдімекені ортасында - 19 адамның өлімі тіркелген. Шымкент пен Түркістан қалаларының ортасында 10 адам жан тәсілім етіпті. Түркістаннан ары қарай облыс аумағында тағы 2 жағдай тіркелген. Ал Шымкенттен Алматыға қарай шығатын - Т. Рысқұлов елдімекеніне дейінгі аралықта – 7 адам өлген.
*(Шымкент пен Түркістан қалалары ішіндегі жағдайлар есепке алынбаған).
ЖОЛ АПАТЫНА ТЕК ЖҮРГІЗУШІ МЕН ЖОЛАУШЫ ҒАНА КІНӘЛІ МЕ?
Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Шерзат Сүттібаевтың айтуынша, Түркістан мен Шымкенттің арасындағы жол «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жобасы аясында салынған. Бірінші «Б» санатындағы 4 жолақты кең жол. Бұл жерде ортадағы бөлу жолағында қоршауы бар. Онда қарсы бағытқа шығу мәселесі жоқ. Негізгі мәселе - жан-жағында қоршаудың болмауынан жолға мал шығып кетеді. Соның салдарынан жол апаты жиі тіркеледі.
«ҚазАвтоЖол» өкілдері оған жергілікті тұрғындарды айыптайды. Олардың айтуынша, жолдың бойына мал шықпас үшін деп торлы сым тартылғанмен, ертесіне сол маңайдағы тұрғындар оны жұлып әкетіп, үйінде қораға пайдаланады. Одан кейін «электрі малбағар» деген сым тартылған. Бірақ оны да қопарып алып кетеді екен. Көп жағдайда тұрғындар малына қарамайды. Қалаған жерінде жайыла береді. Жайылымдағы малдарға ыңғайлы болу үшін бірінші санаттағы жолдарда (астында) мал өткелдері салынған. Бірақ ол да нәтижесін бермей отыр.
Малдың үстіне жарықты шағылыстыратын бояу жағыңыздар немесе мойнына лента тағыңыздар деп ауыл тұрғындарымен кездесуде ескерткенбіз. Оны ескеріп жатқан ешкім жоқ. Өзімен-өзі жайылып жүрген мал жолға шығып кетіп, соның салдарынан жол апаты болады. Иә, ондай проблема бар. Біз оны айтып та, онымен күресіп те келеміз. Одан басқа амалымыз да қалмады, - дейді «Қазавтожолдың» ресми өкілі Диас Ахметшәріп.
Ал облыстық полиция департаментінің өкілдері биыл көлікпен мал қағу жағдайы 17 рет тіркелгенін айтады.
ҚҰРЫЛЫСЫ ӘЛІ БАСТАЛМАҒАН, БІРАҚ ЖОЛ АПАТЫ ЖИІ БОЛАТЫН ЖОЛ
Облыс өкілдері Жібек жолы кеден бекетінен бастап Сарыағаш – Абай – Қызыләскерге дейінгі аралықты ең қауіпті жол жеп есептейді. Екінші санатты, 2 жолақты жол тәулігіне 7 мың көлікке дейін арналған. Бірақ ондағы көлік ағыны тәулігіне кемі 15 мың, кейде 20 мыңға дейін барады екен. Оның үстіне, барлық елдімекен ішімен өтеді. Апаттың бәрі жылдамдықты асырған көліктердің қарсы бағытқа шығып кетуінен болып жатыр екен.
«ҚазАвтоЖол» Түркістан облыстық филиалы директорының орынбасары Нұржан Бековтің айтуынша, Сарыағаш айналма жолы «Нұрлы жол» бағдарламасында 2020-2025 жылдар аралығында қарастырылған. Жұмыс жақын арада басталмақ. Яғни, Шымкент – Ташкент бетон жолы өтетін Жібек жолы елдімекенінің тұсынан басталып, жол бойындағы Сарыағаш, Абай аудандарының бәрін айналып өтіп, Қызыләскерден шығып, кеден бекетіне дейін бармақ. Жобаны Азия даму банкі қаржыландырмақ. Банк қаржыландыру бойынша келісімін берген, қазір тек Үкіметтің шешімін күтіп отыр. Жол салынып біткен бойда ақылы болмақ. Банктен алынған қарыз соның есебінен қайтарылмақ.
«ЗАҢ КІНӘНІҢ БӘРІН ЖҮРГІЗУШІГЕ АУДАРЫП ҚОЙҒАН»
Сарапшылардың айтуынша, мемлекет жол-көлік оқиғасына қатысты кінәнің бәрін жүргізушіге немесе жолаушыға артып қоя салады. «Ортақ жол» жол қозғалысы қауіпсіздігі қауымдастығының директоры Әрсен Шакуовтің айтуынша, бүгінде жол апатына заң бойынша қаупі жоғары техниканың иесі жауапты. Яғни, көлік жүргізушісі. Мас күйінде көлік жүргізу, жылдамдық асыру сынды ережеге қайшы жайттар көп екені белгілі. Дегенмен, егер бір жерде жыл сайын жол апаты жиі тіркеліп, адам өлімі бола берсе, мәселе жолдың өзінде.
Осы тұрғыдан мемлекеттік органдар қорытынды шығару керек. Яғни, сол инфрақұрылым толыққанды зерттеліп, кемшіліктері түзетілуге тиіс. Бірақ заң бойынша кінә жүргізушіге жабылатын болғандықтан, ол мәселеге ешкім бас қатырмайды. Сондықтан заңдағы сол терминді ауыстырмайынша, жағдай оңалмайды. Одан бөлек, елімізде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бірыңғай бақылаушы орган жоқ. Мысалы, Ресейде ондай орган бұрыннан жұмыс істеп келеді, - дейді сарапшы.