2022 жылы футбол клубтарына 20 млрд теңге бөлінді

Бауыржан Мұқанов

Жалпы спорт саласына мемлекеттік бюджеттен 356 млрд теңгеден астам ақша жұмсалған

Фото: Halyq Uni

Halyq Uni агенттігінің зерттеуінше, 2022 жылы Қазақстанда республикалық және жергілікті бюджеттен спорт саласына жалпы 356,1 млрд теңге қаражат бөлінген.

«2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңда көрсетілгендей, 2022 жылы:

  • «жоғары дәрежелі спорт түрлерін дамытуға» 81 млрд теңге;
  • «спорттағы дарынды балаларды оқыту және тәрбиелеуге» 26 млрд теңге;  
  • «бұқаралық спорт пен ұлттық спорт түрлерін дамытуға» 1,4 млрд теңге бөлінген.
  • жергілікті әкімдіктер арқылы 247,7 млрд теңге бөлінген. Бұл туралы жергілікті атқарушы органдарға жіберген ресми сауалға берілген жауаптан белгілі болды.

Өңірлерге тоқталар болсақ, ең көп Астана қаласына (25,4 млрд теңге), Түркістан облысына (20,6 млрд теңге) және Алматы қаласына (19,5 млрд теңге) бөлінген. 

Ең аз Шымкент қаласына (3,7 млрд теңге), Батыс Қазақстан облысына 8,3 (млрд теңге) және Солтүстік Қазақстан облысына (8,9 млрд теңге) бөлінген екен. Ұлытау, Жетісу мен Абай облыстарында қаражат аз болғанымен, бұл өңірлер жыл ортасында бөлініп шаққындықтан, толық бір жылдық бюджеті белгісіз. 

Қоғамда спортты дамытуға бөлінген қаражаттың шетелдік легионерлер көптеп ойнайтын кәсіби спорттық клубтарға кетіп жатқаны туралы сын көп. Осы орайда, редакция әр өңірдің футболдан Қазақстан премьер-лигасы, бірінші лигасы және екінші лигасында ойнайтын клубтарға қанша қаражат бөлетінін де арнайы сұратты. Белгілі болғандай, жергілікті бюджеттен кәсіби футбол клубтарына 19,5 млрд теңге бөлінген. Бұдан бөлек, мысалы, «Астана» футбол клубына «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорынан бөлінетін мемлекет қаражаты тағы бар.  

Айта кетерлігі, бұл материалда футболдан бөлек, астаналық «Барыс», қарағандылық «Сарыарқа» секілді хоккей клубтары, «Астана» баскетбол клубтары секілді ұжымдарды есептемедік. 

Өңірлер ішінде футбол клубтарына ең көп қаражат бөлетіндер Түркістан облысы (3,3 млрд теңге) мен Атырау облысы (1,3 млрд теңге). Сегіз өңір 1,2 млрд теңгеден бөлсе, үш өңір 1,1 млрд теңгеден, тағы үш өңір 1 млрд теңгеден аз бөлсе, төрт өңір қаражат қарастырмаған. 

2022 жылы жергілікті бюджеттен жалпы спортқа және кәсіби спорттық клубтарға бөлінген қаражат

 

Өңір

Жалпы спортқа бөлінген қаражат, теңге

Соның ішінде футболдан
премьер-лига, бірінші және екінші лига клубтарына, теңге

Астана қаласы

25,4 млрд

бөлінбеген

Алматы қаласы

19,5 млрд

720 млн («Қайрат» ФК)

Шымкент қаласы

3,7 млрд

1,2 млрд («Ордабасы» ФК)

Абай облысы

3,6 млрд (қыркүйек-желтоқсан)

бөлінбеген

Ақмола облысы

11,1 млрд

1,1 млрд («Оқжетпес» ФК)

Ақтөбе облысы

12,6 млрд

1,2 млрд («Ақтөбе» ФК)

Алматы облысы

17,2 млрд

бөлінбеген

Атырау облысы

13,5 млрд

1,3 млрд («Атырау» ФК)

Батыс Қазақстан облысы

8,3 млрд

1,1 млрд («Ақжайық» ФК)

Жамбыл облысы

12,5 млрд

1,2 млрд («Тараз» ФК)

Жетісу облысы

11,4 млрд

1,1 млрд («Жетісу» ФК)

Қарағанды облысы

14,1 млрд

1,2 млрд («Шахтер» ФК)

Қостанай облысы

13,7 млрд

1,2 млрд («Тобыл» ФК)

Қызылорда облысы

14,5 млрд

605 млн («Қайсар» ФК)

Маңғыстау облысы

10,9 млрд

1,2 млрд («Каспий» ФК)

Павлодар облысы

13 млрд

1,2 млрд («Ақсу» ФК)

Солтүстік Қазақстан облысы

8,9 млрд

1,2 млрд («Қызылжар» ФК)

Түркістан облысы

20,6 млрд

760 млн – «Мақтаарал» ФК;

1,6 млрд – «Тұран» ФК;

360 млн – «Қыран» ФК;

188 млн – «Яссы» ФК;

212 млн – «Арыс» ФК;

185 млн – «Томирис Тұран-Түркістан» ФК

Ұлытау облысы

1,7 млрд

бөлінбеген

Шығыс Қазақстан облысы

11,5 млрд

627 млн

Барлығы

247,7 млрд

19,5 млрд теңге

Алдағы уақытта Halyq Uni агенттігі зерттеуді жалғастырып, жергілікті әкімдіктердің 2023 жылғы бюджеттерін талдайды.