Атыраудағы 2,5 млрд теңге жұмсалған тутұғыр неге ілінбей тұр? Депутат шенеуніктің уәжін негізсіз деп атады

Айнұр Асылбекқызы

Атырау облысының 2022-2024 жылдарға арналған бюджетіне өзгеріс енгізу туралы шешім мақұлданды

фото: Halyq Uni

29 наурызда Атырау облыстық мәслихатының кезектен тыс ХІ сессиясында қоғамдық кеңес, жер комиссиясы, облыс бюджеті, жол жүру тарифі және тутұғырдың «тағдыры» қаралды. Депутаттар облыстық қоғамдық кеңестің және облыстық жер комиссиясының жаңа құрамы мен ережесін бекітіп, 2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгеріс енгізу туралы шешімді бірауыздан қабылдады. Сонымен қатар, облыста әлеуметтік мәні бар жолаушыларды тұрақты тасымалдау тарифтері ішінара өзгертілді. 

ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ҚҰРАМЫНА КІМДЕР ЕНДІ?

Алғашқы болып сессия отырысында қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының төрағасы Кеңес Қосыбаевтың баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, қоғамдық кеңес құрамында бұрын 27 адам болса, қазір 31 адам болды. Кеңес құрамында 25 азаматтық қоғам өкілі мен 6 мемлекеттік орган өкілі енген. Соның ішінде 21 ер адам және 10 әйел адам. Оның төртеуін саяси партиялар, 14-ін үкіметтік емес ұйымдары, алтауын мемлекеттік органдардан, жетеуі өзін ұсынғандар екен. Қосыбаев олардың кім екенін атап айтпады.

Қосыбаев кеңес құрамына бұрынғыдан облыстық «Мұнай-газ кешені ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсым Избасов пен облыстық мәслихат депутаты Нұржан Ермұхановтың қалдырылғанын атап өтті.

Айтып өтейік, қоғамдық кеңестің міндеттеріне азаматтық қоғамның мүдделерін білдіру және жергілікті деңгейлерде шешімдерді талқылау мен қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру; қоғамдық бақылауды ұйымдастыру және орталық атқарушы органдар мен жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдары, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету жатады.

ОБЛЫС БЮДЖЕТІ БОЙЫНША

Ал облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айгүл Әжіғалиеваның мәліметінше, 2022 жылдың басында пайдаланылмаған облыс бюджеті қаражатының қалдығы 9 млрд 889 млн 773 мың теңгені құраған. Ол бұл қаржыны биыл бірқатар мақсатта жұмсауды ұсынды. Оның айтуынша, былтыр республикалық бюджеттен және ұлттық қор есебінен берілген нысаналы трансферттердің пайдаланылмаған 3 млрд 358 млн теңгесі кері қайтарылады.

Ал, республикалық бюджет комиссиясы (Қаржы министрлігі) 2021 жылы ұлттық қордан бөлініп, пайдаланылмай қалып қойған нысаналы трансферттердің 1 млрд 400 млн теңгесін биыл қайта пайдалануға рұқсат еткен.

Бұдан бөлек, 2021 жылы тұрғын үй салуды қаржыландыру үшін мемлекеттік бағалы қағаздар есебінен 7 млрд 330 млн теңге қалып отыр. Сол соманы 2022 жылға қайта қарау көзделіп отыр. Содан соң Әжіғалиева кірістерге тоқталды.

«Кірістер бөлігін ұлғайту арқылы 2 млрд 369 млн теңгені былтырдан келе жатқан ауыспалы инвестициялық жобаларды қаржыландыру ұсынылады. 3 млрд 426 млн теңгені жаңа нысандарға бөлу ұсынылады: атап айтсам, білім беру саласына - 150 млн теңге, денсаулық сақтау саласына – 35 млн теңге, мәдениет және спорт саласына – 9 млн теңге, қорғаныс және құқыққорғау саласына – 100 млн теңге, электрмен қамту саласына – 210 млн теңге, сумен қамтуға – 1 млрд 8 млн теңге, байланыс саласына – 224 млн 600 мың теңге, жол саласы бойынша – 161 млн теңге, өзге де  салаларға - 1 млрд 278 млн теңге.

Биыл келесі мақсаттарға қаражат бөлу ұсынылады: білім беру саласының биылғы шығынына - 2 млрд 978 млн теңге, денсаулық сақтау саласына - 2 млрд 600 млн теңге, әлеуметтік көмек және әлеуметік қамсыздандыру салалары бойынша - 626 млн теңге, мәдениет және тілдерді дамыту саласына 950 млн теңге, дене шынықтыру және спорт саласы бойынша – 1 млрд 551 млн теңге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына – әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында тұрғын үй сертификатын беруге 337 млн теңге және Атырау қаласы бюджеттік кредит түріндегі тұрғын үй сертификатын беруге 41 млн теңге, Атырау облысы полиция департаментінің биылғы шығындарына қосымша 420 млн теңге бөлу ұсынылады», - деді Әжіғалиева.

ДАУҒА АЙНАЛҒАН ТУТҰҒЫР

Бұдан бөлек, сессия отырысында облыстық ішкі істер басқармасы басшысының орынбасары Злиха Таласбекова қала орталығындағы Республика алаңында биіктігі 91 метр тутұғырдың неге ілінбей тұрғаны жөніндегі Атырау облыстық мәслихатының депутаты Нұрлан Мүталиевтің депутаттық сауалына жауап берді. Оның айтуынша, облыстық құрылыс басқармасы мен қалалық әкімдік ұсынған ақпаратқа сәйкес, желдің жылдамдығы 11 м/с жеткен кезде ол төмен түсіріліп алынып тасталады. Алайда, сессия отырысында сөз алған Мүталиев бұл уәждің негізсіз екенін айтты.

Айтпақшы, бұған дейін облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі осыдан бір жыл бұрын тутұғыр жел жылдамдығы 8 м/с-дан асса және жауын-шашын болғанда түсіріледі деп жауап берген болатын.

Сессия отырысына қайта оралсақ. Мүталиев «Қазгидрометтен» биылғы қаңтар және ақпандағы жел жылдамдығы бойынша мәліметтерді талдап көргенін айтты. Ол қаңтар мен ақпанда желді күндердің бір-екі рет болғанын айтады.

«Көп болса екі-үш күн болар, қалған күндері ауа райы қолайлы болды. Бірақ, қаңтар айында тутұғыр бос тұрды, ал ақпан айында ту бар болғаны 3-4 күн ілінді. Меніңше, туды түсіре беруде басқа себеп жатыр. Мен тутұғырдың жобасын жасаған, ТШО-да жасаған сәулетші Самат Әділовтің эскиз жобасымен таныстым. Махамбет Жолдасқалиұлы (облыс әкімі – авт.), ол жобада, өзіңіз көрсеңіз, тудың көлемі 15х7 метр болуы керек. Ал қазіргі тудың көлемі - 15х30 метр (450 шаршы метр). Тудың салмағы төрт есе көп деген сөз бұл. Тутұғыр ондай салмақты көтермейді. Бұл менің сөзім емес, сәулетші Әділовтің сөзі. Ол қазір Алматыда тұрады.

Одан бөлек, бүгін тепе-теңдікті сақтау үшін тутұғырдың табанына арнаулы шарнирлерден ақау шықты (повреждены шарниры, которые должны крепиться к фундаменту для сбалансирования) деген ақпарат түсті. Оны мен тексере алмаймын, сол себепті арнайы мамандардан, мемлекеттік органдардан құралған бірлексен комиссия құрып, ақауы бар-жоғын анықтау керек. Егер, ақау табылса, мердігер компания мен ТШО-ға түзету жөнінде тапсырма беру керек. Әйтпесе, құлап кету қаупі бар», - деді депутат Мүталиев.

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов депутаттың ұсынысын қабылдап, тиісті басқармалар мен мердігер компаниядан ол туды қабылдау кімнің шешімі екенін және ақау бойынша сұрақтарды анықтауға тапсырма беретінін айтты. Еске салайық, тутұғырдың құрылысына жер қойнауын пайдаланушылардың әлеуметтік аударымдары есебінен 2,5 млрд теңге бөлінген.

Нысан салынып жатқан кезде - 2019 жылдың басында темір құрылым қақ ортасынан сынып кетіп, құлаған болатын. Абырой болғанда, зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Нысанды 2019 жылдың соңында тапсыру жоспарланған еді. Алайда, ол 2020 жылдың аяғында тапсырылды.

ТАСЫМАЛДАУ ТАРИФІ

Бұдан соң облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Самат Айтқалиев аудан-ауылдарға қатынайтын тасымалдау жайын баяндай келе, қаладан кейбір ауылдарға тасымалдау құнын бекітуді ұсынды. Оның айтуынша, облыста барлығы 62 маршрут болса, облыс бойынша 12 мекеме тұрақты тасымалдаумен айналысады.

«Қазір қаладан Құлсары, Индер, Мақат, Махамбет аудандарына тұрақты маршруттар қатынауда. Құлсарыға жол ақысы – 2000 теңге, Индерге – 1000, Мақат – 800, Махамбет – 500 теңге. Халықтың сұранысын қанағаттандыру мақстанды тасымалдаушы мекеме - «Ақжайық автопарк» ЖШС-мен наурыз айынан бастап Атырау-Еңбекшіл-Ортақшыл-Есбол-Ақжайық және Атырау-Сарайшық-Жалғансай бағытында тасымалдау көлемін зерделеу үшін екі ай мерзімде маршруттар қатынайды. Зерделеу жұмысы аяқталған соң конкурс өткіземіз (тасымалдаушы мекемені анықтау мақсатында –авт.).

Сонымен қатар, Атырау-Ақтөбе республикалық жолының құрылысы бітуіне орай, Атырау-Сағыз-Миялы бағытында маршрут ұйымдастыру жоспарланып отыр. Осыған орай, Атырау облысы әкімдігінің 2019 жылғы 12 ақпандағы «Атырау облысында жолаушыларды әлеуметтік мәні бар тұрақты ауданаралық (облысішілік қалааралық) тасымалдау тарифін белгілеу туралы» қаулысына толықтырулар енгізу туралы қаулы жобасы дайындалды. Қаулыға сәйкес, Атырау-Еңбекшіл-Ортақшыл-Есбол-Ақжайық және Атырау-Сарайшық-Жалғансай - 400 теңге, Атырау-Сағыз - 2000 теңге көлемінде жол жүру тарифі бекітілді», - дейді Айтқалиев.

ЖЕР КОМИССИЯСЫ БОЙЫНША

Жер қатынастары басқармасының басшысы Әлібек Ермекқали облыстық жер комиссиясы құрамы мен ережесіне енгізілген өзгерістер жайында баяндады. Соның бірі - комиссия отырысына оның құрамының кемінде үштен екі мүшесі қатысса, отырыс заңды деп есептеледі. Сонымен бірге, Жер кодексінің 43-бабына сәйкес, жер комиссиясының отырысы аудио-видеожазба құралдарының көмегімен міндетті түрде тіркеліп, сақталады. Бүгінде комиссия құрамы 19 мүшеден тұрады. Оның 8-і облыстық жергілікті атқарушы органдарының өкілі, 11-і қоғамдық кеңес, мәслихат депутаты, кәсіпкерлік палатасы, мемлекеттік емес ұйымдардан. Комиссия төрағасы – облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев.

Әлібек Ермекқалидың айтуынша, жер комиссиясының функцияларына жер қойнауын пайдалану мақсаттары, магистралдық құбыр жолдарды, мұнай және газ өңдеу объектілерін, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектілерін салу (реконструкциялау) үшін, индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыру үшін жер учаскелерін беру, сондай-ақ, пайдалы қазбалардың кен орындары табылған кезде және оларды игеру үшін, магистралдық құбыр жолдарды салу үшін жер учаскелерін мемлекет мұқтажына мәжбүрлеп иеліктен шығару, жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы және су қорының жерін басқа санаттардағы жерге ауыстыру туралы өтініштерді қарау және қорытындылар дайындау жатады.