Ресейге салынған санкциялар салдарынан СҚО шаруалары зардап шегуі мүмкін

Самат Жақып

Биыл өңірге 11 млрд теңгеге 433 техника сатып алынған

фото: Halyq Uni

Ел қамбасының үштен бірін астыққа толтыратын Солтүстік Қазақстан облысында сәуір айының соңында көктемгі дала жұмыстары басталуға тиіс. Бірақ ризығын жерден табатын диқандар қауымы ауыл шаруашылығы техникаларына қажетті қосалқы бөлшектер өңірге уақытында жеткізілмей қалуы мүмкін деп дабыл қағып отыр. Оған қоса, қосалқы бөлшектердің де бағасы шарықтап кеткен. Ресейге салынған санкциялардың салдарынан кейбір шағын шаруашылықтар машина - трактор паркін жаңарта алмай дал. Сондай кәсіпкерлердің бірі – Юрий Искаков.

Юрий былтырдан бастап егін егуді қолға алған. Жыл басында Қазақстанда құрастырылатын Қытайдың Lovol тракторын сатып алмақ болған. Алайда, соңғы кездері оның бағасы күрт қымбаттап кеткен.

«Лизингке алам деп жүрген едім. Теңгенің тұрақсыздығына байланысты келісімшарт жасасу мерзімі кейінгі шегерілді. Артынша бағасы күрт өсті. Мәселен жылдың басында ол 20 миллион теңге тұрса, қазір бағасы 25 миллионға жетті. Сондықтан Беларусь елінің техникасын алуға шешім қабылдадым. Оның бағасы - 18 миллион теңге. Әрі 25 процентін мемлекет субсидиялайды. Бұл мен сияқты шаруасын енді бастағандарға айтарлықтай қолдау», - дейді Юрий Искаков. 

Жасыратыны жоқ, Қазақстан – ауыл шаруашылығы техникалары бойынша импортқа тәуелді. Яғни, өнімділігі жоғары техникалардың басым бөлігі шет елдерден әкелінеді. Ал қазірдің өзінде оның бағасы орта есеппен алғанда  30% қымбаттаған. Оған металл бағасының қымбаттауы да әсер етпей қоймады. Оғңан қоса, елімізге шетелдік тракторларға қажетті қосалқы бөлшектерді жеткізуде де айтарлықтай қиындықтар туындай бастаған.

«Украина мен Ресей арасындағы соғыс салдарынан техникадан бөлек, оған қажетті саймандар да қымбаттап кетті. Доллар өсіп, теңгеміз құлдырады. Алдағы уақытта қосалқы бөлшектердің құны тағы да өседі. Себебі Украина елінде көптеген зауыттар қирап, жұмысын тоқтатты. Көбіне тауарды сол елден алатын едік. Енді Түркия, Қытай елдерімен әріптестік орнатуды көздеп отырмыз. Жалпы алдағы уақытта мұндай проблема тек бізде ғана емес, Ресейде де болады. Сондықтан біздің билік тығырықтан шығар жолды қазірден іздеуі керек деп ойлаймын. Бүгінгі күні Қостанай мен Теміртау қалаларында жақсы кәсіпорындар бар. Сол зауыттар шетелдік техникаларға қажетті бөлшектерді шығаруға қауқарлы. Мемлекет қолдау көрсетіп, істі ақырындап бастай бергеніміз абзал. Өйтпеген жағдайда ертең жақсы өнім ала алмай қалуымыз бек мүмкін», - дейді ауыл шаруашылығы  техникасын жеткізуші компанияның коммерциялық директоры Ойрат Мұхамеджанов.

«МИНЕРАЛДЫ ТЫҢАЙТҚЫШТАРДЫҢ БАҒАСЫ ҮШ ЕСЕГЕ ҚЫМБАТТАДЫ»

Алдағы маңызды науқанға өңірде қызу дайындық жүріп жатыр. Ауыл шаруашылығы басқармасындағылар егістікке жұмылдырылатын техникалардың 97 проценті дайын екендігін айтуда. Диқандар тұқым және жеңілдетілген жанар-жағармаймен қамтамасыз етілген. Өңірге Үкімет тарапынан жеңілдетілген бағамен 71 мың тонна дизель отыны бөлінді. Оның алғашқы партиясы жеткізілді. 2,7 миллион гектар алқапқа 170 мың тонна минералды тыңайтқыштар сіңірмек. Ал оның да бағасы үш есеге дейін шарықтап кетіпті. Мәселен қаңтар айында барлық ауыл шаруашылығы дақылдарына негізгі тыңайтқыш ретінде қолданылатын Карбамидтің тоннасы 130 мың теңге болса, қазір 450 мың теңге тұрады.

«Ресеймен Украина арасындағы қақтығыстың салдары бізге де кері әсерін тигізбей қоймады. Қазір біз шетелдік өндіруші компаниялармен арнайы келіссөз жүргізіп жатырмыз. Қосалқы бөлшектер бойынша өзімізде де мониторинг жүргіздік. Әзірге қоймаларда қажетті саймандар бар. Ал, минералды тыңайтқыштарды алу үшін республикалық бюджетке қосымша өтініш береміз», - дейді СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев.

Биыл өңірде 4,3 миллион гектар алқапқа ырыс дәні себіледі. Оның үш миллион гектары бидай болса, қалғаны майлы дақылдар.