Экономикалық шығын 84,1 миллиард доллар деп бағаланды
Түркияның оңтүстік-шығысында 6 ақпанда болған жер сілкінісінен қаза тапқандарды іздеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Соңғы мәліметтерге қарағанда, Түркияның он провинциясында табиғи апаттан 40 мыңға жуық адам қаза тапқан, деп хабарлайды Halyq Uni.
5,2 МИЛЛИОН АДАМ ЗАРДАП ШЕККЕН
Көршілес Сирияда тағы 5,8 мыңға жуық қаза тапқандар тіркелді, бірақ ол жақта құрбандар саны бірнеше күннен бері өзгермегендіктен, әлі де артуы ықтимал.
Түркияда 345 мың пәтер қирап, көптеген адам із-түзсіз жоғалып кеткендіктен, қаза тапқандар санының артатыны хабарланды.
Түркияның AFAD құтқару қызметінің басшысы Юнус Сезер жер сілкінісінің ошағына ең жақын орналасқан Кахраманмараш қаласында құтқару жұмыстарының аяқталып қалғанын хабарлады. «Кахраманмарашта 19 ғимаратымыз қалды, Адыямандағы Чинар учаскесінде жұмыс жалғасуда. Іздеу-құтқару жұмыстары негізінен ертең кешке аяқталады», – деді ол.
Бейсенбі күні 6 ақпандағы дүмпулерден қатты зардап шеккен Түркияның Хатай провинциясында ауық-ауық жер сілкініп жатыр. 20 ақпанда Хатайда тағы да магнитудасы 6,4 және 5,8 балдық жер сілкінісі тіркелді. Жерасты дүмпуінен кемінде үш адам қаза тауып, 200-ден астам адам жарақат алған. Сарапшылардың пікірінше, қазіргі жер сілкіністерін афтершок деп атауға келмейді және жер сілкінісі қайталануы мүмкін.
Хатайдағы соңғы жер сілкінісінен зардап шеккендердің саны әлі нақтыланып жатыр. Түркияда жер сілкінісі салдарынан барлығы 100 мыңнан астам адам әртүрлі ауырлықтағы жарақат алды, деп хабарлайды BBC түрік қызметі.
Түркия денсаулық сақтау министрі Фахреттин Коджаның айтуынша, табиғи апаттан зардап шеккен қалаларда алғашқы 12 күнде медициналық тексеруден өткендердің саны 962 мың адамға жеткен. БҰҰ жер сілкінісінен зардап шеккендердің жалпы санын 5,2 миллион деп есептейді.
Айтпақшы, түрік құтқарушылары Хатай провинциясында үйінді астынан 45 жастағы ер адамды тірі алып шықты. Хакан Ясин есімді азамат 278 сағат бойы, яғни 12 күн бетон астында жатқан. Мұндай сирек кездесетін жағдайды көпшілік «мұғжиза» деп атап, ерекше жағдайға балады.
60 МЕМЛЕКЕТ КӨМЕК ҚОЛЫН СОЗДЫ
6 ақпаннан бері Түркияда құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатыр. 7,8 балдық жер сілкінісінен соң 60-тан астам ел көмек қолын созды. Тіптен ертеректе Анкарамен жауласып қалған Армения мен Грекия да қираған қалаларға өз құтқарушыларын жіберді.
Түркия үкіметінің Апаттардың алдын алу және әрекет ету басқармасы (AFAD) 16 ақпанда түрік және халықаралық ұйымдардың аймаққа 387 мыңға жуық шатыр жібергенін, оның 172 265-інің орнатылып, қолданыста екенін хабарлады. Сондай-ақ аймаққа 3 миллионнан астам көрпе жөнелтілген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар бөлуді және қосымша гуманитарлық көмек жіберу жөнінде Үкіметке тапсырма берді.
Алматы қаласынан Түркияға алғашқы партиямен 61 генератор және 38 тонна гуманитарлық көмек және артынан қосымша тағы 27 тонна болатын көмек жіберілді. Сонымен бірге қазақстандық еріктілердің бастамасымен Қазақстаннан келген 84 киіз үй Кахраманмараш елді-мекеніне жеткізілді.
«Киіз үйлерімізге зілзаладан үйсіз қалған отбасылар толық кіріп, иелеп болды. Қазақы отау кәдімгі үйдің атмосферасын береді. Көңіліміз жайланып жатыр. «Бұл – Құдайдың құдіреті, 6 ғасырдан соң аталарымыздың үйіне қайта көштік» деп отыр. Негізі төтенше жағдайға темір сүйекті бозүйлер ыңғайлы екен. Әрқайсысын 40 минутта көтеріп тастап жаттық», - деп жазды киіз үй тігуге бастамашы болғандардың бірі, журналист Нұрбек Бекбау.
Түркиядағы Қазақстан Елшілігінің хабарлауынша, қазақстандық құтқарушылар Түркияның Газиантеп, Хатай және Нурдагы қалаларында құтқару жұмыстарын жүргізді. Олар жеті адамды аман алып шықты, сондай-ақ үйіндінің астынан 88 адамның мәйітін шығарған. Қазір Төтенше жағдайлар министрлігінің 38 құтқарушысы Түркиядағы жұмыстарын аяқтап, Қазақстаннан келген ұшақпен Астана қаласына ұшып кетті.
ҚЫЛМЫС ПЕН ЖАЗА
14 ақпанда үкімет отырысынан кейін сөйлеген Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған жер сілкінісінен қираған ғимараттардың 98 пайызы 1999 жылға дейін салынғанын айтты. Дегенмен, апат кезінде кейінгі салынған үйлердің де басым бөлігі қирап қалғандығы туралы деректер бар.
Ердоған зілзаладан аман қалған 890 мың адамның мемлекеттік жатақханаларға, тағы 50 мыңы қонақүйлерге орналастырылғанын және барлығы 1,6 миллионға жуық зілзала құрбандарының уақытша баспана тапқанын айтты.
Түркия президенті Ердоған Twitter арқылы халыққа үндеу жасап, бірлікке шақырады.
Халық пен мемлекеттің ынтымағы мен бірлігінің арқасында біз бұл зұлмат күндерді артқа тастаймыз деп ойлаймын. Бұл күні біз бірігіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға тиіспіз, – деген мәнде ол бірнеше жазба жариялады.
Қарсылас топ президент Ердоғанның сөздерін сайлау қарсаңында «ұпай жинап жатыр» деп айыптады. Оппозиция билік дұрыс әрекет еткенде үлкен шығынның алдын алуға болатынын алға тартады.
Мәселен, алдағы президент сайлауында үміткер болуы мүмкін оппозициялық Республикалық халық партиясының жетекшісі Кемал Кылычдароғлу Ердоғанның 20 жылдық билігін меңзеп, оны «ғасыр апаты» деп атады.
Осы тәрізді Германияда тұратын және сырттай 27 жылға сотталған түрік журналисі Джан Дундер Ердоғанның билікке «1999 жылғы жер сілкінісінің салдарын пайдаланып» келгенін еске алады.
Айта кетелік, 1999 жылғы Измиттегі сұмдық жер сілкінісінен кейін түрік билігі мұндай адам өліміне қайта жол бермеуге уәде беріп, Түркияда «жер сілкінісі салығын» енгізген. Бастапқыда Эжевит үкіметі енгізген бұл «уақытша» салықтың көлемін кейін Ердоған үкіметі көбейтті.
Ал бұл салықтан жиналған ақша ғимараттарды нығайтуға жұмсалуы керек еді. Әлемнің жетекші ақпарат құралдары 20 жылдан астам бюджетке 3-4,5 миллиард доллар шамасында қаржы түсті деп көрсетеді.
Сондай-ақ, Ердоған үкіметі 2018 жылы сайлаушыларды тарту үшін бірқатар заңсыз ғимараттарға рақымшылық жариялаған.
Қазір Түркияның Әділет министрлігі ғимараттардың жер асты дүмпулеріне төтеп бере алмағанына кінәлі тұлғаларды тұтқындап жатыр. Апта басында түрік билігі кінәлі деп танылған күдіктілерді қамауға алуға кем дегенде 113 ордер бергені белгілі болды. Кейін Әділет министрі Бекир Боздаг ғимараттардың қирауына кінәлі деп танылған 134 адамға шара қолданылғанын хабарлады.
Сондай-ақ өткен сенбіде Түркияның Әділет министрлігі жер сілкінісінен зардап шеккен Түркияның 10 провинциясының прокурорларына «жер сілкінісімен байланысты қылмыстарды тергеу департаменттерін» құруды тапсырғаны белгілі болды.
Түркия Кәсіпкерлер және бизнес конфедерациясының демалыс күндері жариялаған есебінде жер сілкінісінен келген экономикалық шығын 84,1 миллиард доллар деп бағаланды.