Бағасы арзан және алдын ала төлем сұрайды: Инстаграмдағы алаяқтарды қалай тануға болады
Экс-депутат онлайн алаяқтықпен күресіп жүр
Бұрынғы Мәжіліс депутаты Юрий Ли Қазақстанда тұтынушылар құқығын қорғаумен айналысатын «Сапа сауда» жобасын бастады. Аз уақыт ішінде алаяқтарға алданған 60-қа жуық қазақстандықтан шағым түсті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Соңғы жылдары елімізде онлайн сауда көбейді. Әсіресе пандемия кезінде қатты дами бастады. Оның бір себебі енгізілген шектеулермен, екіншісі уақыт үнемдеумен байланысты. Мәселен, былтырғы жылдың 10 айында Қазақстандағы интернет сауда көлемі 800 млрд теңге сомасынан асқан.
«Пандемия сауданы онлайн жасамаң, ештеңе ала алмайсың деп үрейлендірді. Бұл әсіресе тамақ жеткізу, киім-кешекке қатысты болды. Халық біртіндеп сауданы онлайн жасауды үйренді. Себебі ыңғайлы, уақыт үнемдейді. Әрі онлайнда бағаларды салыстырып, таңдауға мүмкіндік бар. Ал дүкен аралап салыстыратын болса, көп уақыт кетеді. Мысалы, 2022 жылдың 10 айында елдегі интернет сауда 800 млрд теңге сомасынан асып түсті. Оның ішінде нақты қанша адам алаяқтарға немесе жосықсыз жеткізушілерге алданғанын ешкім білмейді. Менің есебім бойынша, соңғы екі аптада алаяқтарға алданған қазақстандықтар шамамен 100 млн теңгеге жуық ақшасын жоғалтты», – дейді Юрий Ли.
Оның пікірінше, интернет саудасындағы алаяқтықтың көбі инстаграм желісі арқылы жүзеге асырылады.
«Сіздің алдыңызда ғана инстаграмдағы сатушыға алданған бойжеткен жазды. Спорттық аяқ киім сатып алу үшін 50 мың теңге аударған. Ақша түскен соң дүкеннің кері байланысқа шығуын қойғанына шағымданды. Бұл аз сома емес әрі оған сенімді сатушыдан сапалы тауар алуға болатын еді», – деп қосты ол.
Қоғамдық белсенді сауда жасау кезінде алданған азаматтардың ресми органдарға шағымданбайтынын айтады. Есесіне шағымды әлеуметтік желілерге жазады.
Адамдар екі себеп бойынша полицияға шағымданғысы келмейді: ішкі істер органдарына сенбейді немесе арызданып жүретін уақыты жоқ. Сол себепті әлеуметтік желілердегі пабликтерге жазады. Бір жағынан басқа адамдар қармаққа түсіп қалмасын дейді. Екінші жағынан оны көрген сатушының ары оянып ақшаны қайтарып береді деп үміттенеді, – дейді ол.
ОНЛАЙН ДҮКЕНДЕРДІҢ ҚАРА ТІЗІМІ ЖАСАЛДЫ
Алаяқ дүкендердің жұмыс істеу әдісі бір-біріне ұқсас деп есептейді белсенді.
«Біріншіден, парақша әдемі суреттермен безендіріледі, тіпті кейбірінде модель ретінде шынайы адамдарды пайдаланады. Екіншіден, арзан баға, жеңілдіктер мен жазылушылардың (көбіне жасанды цифрлар) көп болуы маңызды рөл атқарады. 5 литр сұйық майдың бағасы базардағы бағадан 1000 теңгеге, қарақұмықтың бағасы 100 теңгеге арзан болса қалай алмайды? Мәселен, жақында бір әйел инстаграм арқылы азық-түлік алам деп 300 мың теңгеге алданған», – дейді Юрий Ли.
Қазір «Сапа сауда» ұйымы жосықсыз жеткізушілер мен алаяқтардан зардап шеккен қазақстандықтардың шағымын қабылдайды. Сондай-ақ арнайы бағдарламалардың көмегімен интернетті сканерлеп шағымдарды табады. Оларды тізімге енгізбес бұрын бақылау мақсатында сауда жасайды. Егер шағым расталса, тізімге қосады.
«Арнайы сайт әзірлеп, қолданушылармен кері байланыс орнату тетігі қосылды. Кеше бір күнде 8 адамнан шағым түсті. Одан бөлек, желіден өзіміз іздеп тапқан жазбалар бар. Жоба басталғалы 58 жосықсыз жеткізуші тізімге енгізілді. Қара тізім не үшін керек? Кез келген қолданушы сауда жасамай тұрып, оған енген дүкендерді көре алады. Сондай-ақ дүкендердің бұрынғы атаулары да көрсетіледі. Алаяқтар дүкеннің атауын жиі ауыстырады. Жалпы, біз тұтынушылардың құқығын қорғайтын инновациялық ұйым болғымыз келеді. Бір жағынан халықтың сауатын арттыру, жауапсыз жеткізушілердің мәселесін сотқа жеткізбей шешіп, бизнеске жәрдемдескіміз келеді», – деп толықтырды спикер.
Жедел желіге түскен шағымдардың негізінде белсенді алданғандардың көбі арзан бағамен азық-түлік сатып алмақ болғанын айтады.
Бір қызығы, олардың ұсынып отырған бағасы «Магнумнан» да төмен екен. Екінші орында әйелдердің киімі мен аксессуарлары түр. Одан кейін балаларға арналған киімдер мен заттар. Кеше ғана үш әйел балалар инстаграм арқылы балалар арбасын сатып алып, алданғанына шағымданды. Әрқайсысы 130 000 – 200 000 мың теңге аралығында ақша аударған. Ерлердің киімін сататын дүкендер бар. Мәселен, 23 мыңға шалбар, худи, кроссовка, кепканы қойыпты. Соған сеніп сан соғып жатқандар бар. Себебі әдемі баға мен картина өз нәтижесін берді, – деді Юрий Ли.
«ӘР СМАРТФОНҒА БІР ПОЛИЦЕЙ ҚОЯ АЛМАЙМЫЗ»
Сонымен бірге, спикер әлеуметтік желідегі алаяқ дүкендерді бірнеше белгімен анықтауға болатынын атап өтті.
«Алдымен аккаунт туралы ақпаратты қарап, дүкеннің орналасқан жерін көру керек. Көбінесе Қазақстаннан гөрі Ресей, Кипр, Украина жиі көрсетіледі. Метада жеке есеп бар, одан жарнаманың қай жерден басқарылып тұрғанын көруге болады. Сонымен бірге дүкеннің атауы неше рет өзгертілгені жазылып тұрады. 4-5 рет ауыстырылған болса, күмән тудырмай қоймайды. Тағы бір маңызды назар аударатын мәселе – аккаунтқа жиі шағым айтылуы. Міне, осының негізінде ол дүкеннің рас жұмыс істейтінін немесе алаяқ екенін пайымдауға болады», – дейді қоғам белсендісі.
«Қазақстандықтарды алдап жатқандар кімдер?» деген сұраққа да жауап берілді.
Меніңше, олар екіге бөлінеді. Біреулері Қазақстанда, сондай-ақ шетелде отырып тонап жатқандары бар. Ресей, Укарина, Молдовада болуы мүмкін деп күдіктенем. Себебі бұл елдерде несиеге байланысты алаяқтық ең жақсы дамыған. Ал ақшаны шешіп алатындар қазақстандықтар, олар дроппер деп аталады. Қазақстандық картаға түскен ақшаны шешіп алып, электрондық әмиянға немесе криптовалютаға салады. Бұл интернет бостандығынан туындап жатқан проблема. Кибербуллинг туралы заң қабылданғалы жатқанда қоғам шулады. «Интернетті жайына қалдыру керек» деді. Оны қалдырды. Енді «қаржы пирамидалары мен алаяқтардың жарнамасы неге көп?» деп шулайды. Мемлекет әр смартфонның қасына ір полицейдей қоя алмайды. Егер халық интернет бостандығын қаласақ, оны пайдалана білуге тиіс. Ал мемлекет ақпараттандыру жұмысын күшейтуі керек, – деп толықтырды сөзін.
ҰЙЫМДАРДЫҢ 10 ПАЙЫЗЫ ҒАНА ЖҰМЫС ІСТЕП ТҰР
Қазақстанда тұтынушылардың құқығын қорғаумен айналысатын ұйымдар аз емес. Алайда іс жүзінде жұмыс істейтіндері некен-саяқ.
«Еліміздегі тұтынушылар құқығын қорғау ұйымдарының 10 пайызы ғана жұмыс істеп тұр, оның өзі өңірлермен шеткеледі. Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті ғана жұмыс істеп жатыр. Алайда оның ресурсы шектеулі, мәселен бақылау мақсатында сауда жасай алмайды. Мәселен, «Е-тұтынушы» ресурсы бар. Былтыр сонда үш шағым жаздым. Бір шағым бойынша 2,5 айдан кейін хабарласып, «шағым не туралы еді, біздің жүйеде ақау болып еді» деп нақтылады. Қалған екі шағымнан хабар жоқ. Жалпы, сатушыларға алданған тұтынушылардың статистикасы жүргізіліп жатыр деп айта алмаймын. Бәлкім комитет жүргізетін шығар, оны нақтылау керек», – дейді ол.
Қазір елімізде Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заң жобасы әзірленіп жатыр. Экс-депутаттың пікірінше, жобада кәсіпкерлерді жазалауға басымдық берілген.
«Кәсіпкерлердің кейбірі оған өздері себеп тауып береді. Алайда бәрі бірдей жауапсыз деп айтуға болмайды. Заң теңдестірілген болуы керек. Сатып алушылар да бір жағынан өздері жауапты екенін ұмытпауы керек. Мәселен, «тұтынушылық экстремизм» деген түсінік бар. Адамдар қымбат тоң сатып алып, суретке түсіп алған соң қайтарып береді. Немесе көлік алып, біраз айдап, суретке түсіп, қызығы басылған соң әкеледі. Ал заң оларды қорғайды. Кәсіпкер үшін ол шығын, тауардың құнының қымбаттауына әкеледі. Тағы бір мәселе тұтынушылардың құқығы бұзылса кәсіпкердің төлейтін айыппұл сомасына қатысты. Айыппұл сомасы бұзушылықтың сипатына қарамайды дейді. Соны реттеген жөн, кішігірім бұқзушылық үшін аз сома немесе үлкен бұзушылық үшін жоғары сома қойып, градация болуы керек», – деп қорытындылады сөзін Юрий Ли.