×

Amanat партиясының екі жыл бұрынғы уәделері: нешеуі орындалды?

Билік партиясы сайлауалды бағдарламасында үлкен төрт уәде берген

 Ая Өміртай 13.02.2023 | 10:28
Коллаж: Halyq Uni

2021 жылы өткен алғашқы мәжіліс сайлауында «Nur Otan» партиясы 71 пайыздан жоғары дауыс жинап, 76 мандатқа ие болған. Қаңтардан соң атауын Amanat деп өзгерткен партия президент әкімшілігі шешімдерін орындайтын саяси институт деуге болады. 

Halyq Uni тілшісі бүгінге дейін билік партиясы болып келген Amanat-тың соңғы Парламенттік сайлаудан бергі екі жылда атқарған жұмысына шолу жасап көрді.

Партияның 2021 жылғы «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы баршаға бірдей мүмкіндік жасауға уәде береді. Партияның бұл бағдарламасын Тоқаев «объективті көзқарас» деп бағаласа, Нұрсұлтан Назарбаев «реформалардың заңды жалғасы» деп атаған болатын.

Партияның саяси бағдарламасы: 

  • Баршаға тең мүмкіндік;
  • Зияткер, саламатты және ыждағатты ұлт;
  • Экономика мен өңірлердің орнықты дамуы;
  • Халыққа есеп беретін мемлекет және жауапты азаматтар.

Ел бойынша дамыған әкімшілік инфрақұрылымымен ерекшеленетін партияның тармақталған құрылымы оның функцияларын кеңейте түсті. Қазір саяси ұйымның 800 мыңнан аса мүшесі бар. Бүгінге дейін президенттің жеке қолдауымен имидждік, ресурстық және қаржылық жағынан үстемдікке ие болып отырған партия өткен сайлауда азаматтардың әл-ауқатын арттыру бойынша кешенді іс-шаралар жиынтығын ұсынды.

АЙТЫЛДЫ. ОРЫНДАЛДЫ МА?

  • «Отбасы –  партиямыздың басты құндылықтарының бірі» деп атаған партия экстракорпоралды ұрықтандыру шарасын жүргізуге жыл сайын 7 мың квота бөлінетіндігін мәлімдеген болатын.

Үкімет сағатында баяндама жасаған министр Ажар Ғиният бағдарламаны іске асыру кезінде 3 мыңнан астам әйелде жүкті болып, 2,3 мың бала дүниеге келгенін атады.

  • Аманаттықтар тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайту үшін қатаң шаралар қолданатынын жеткізген.

Кейінгі мәліметтерге сүйенсек, 2022 жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында елімізде 520 тұрмыстық қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Бұл бір жыл бұрынғыдан 8,5 пайызға аз. Тұрмыстық құқық бұзушылық саны азайғанымен, отбасылардағы зорлық-зомбылықтың нақты деңгейі статистикадан тыс қалып отырғанын ескерген жөн.

  • 2025 жылға қарай 800 жаңа мектеп салу есебінен апаттық және үш ауысымды мектептердің проблемасын түбегейлі шешуге уәде берді. 

Елімізде екі ауысымды, үш ауысымды мектептер саны әлі де шешімін таппаған мәселелер қатарында қалып отыр. 2021-2022 оқу жылында Қазақстанда 169 үш ауысымды мектеп жұмыс істеді, бұл бір жыл бұрынғыдан 5,6 пайызға артық (160 мектеп), ал үш жыл ішінде мұндай мектептердің саны бірден 32 пайызға өскен. Үш ауысымды мектептердің көбі Алматыда, Маңғыстау, Атырау, Түркістан және Павлодар облыстарында орналасқан.

  • Партия халықтың жұмыспен қамтылуы мен табысын ұлғайтуға ықпал ететінін айтқан. Бұған қатысты «2025 жылға қарай жұмыссыздық деңгейі 4,7%-тен төмен болады», деп мәлімдеген.

Ресми дерекке сүйенсек, елдегі жұмыссыздық деңгейі бір жыл ішінде өзгермей, 2022 жылдың үшінші тоқсанында 4,9%-ды құраса, 2020 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 5%, 2019 жылдың үшінші тоқсанында 4,8% болған. Партия жұмыссыздық мәселесін «Еңбек» бағдарламасы, туризм саласы мен Ауыл шаруашылығы, IT-саласында жаңа компаниялар ашу есебінен шешетінін айтқан.

5G-ҒА БИЫЛ ДА ҚОСЫЛМАДЫҚ

Қазақстанда жоғары жылдамдықты 5G технологиясы 2022 жылы іске қосылатындығын мемлекеттік БАҚ арқылы хабарланған. Барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалар 5G жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілетіндігі партияның 2021 жылығы бағдарламасында да айтылған. Жуырда Әлихан Смайлов бұл бағыттағы жұмыстардың 2027 жылы аяқталатынын хабарлады.

Дегенмен мамандардың айтуынша, интернетпен қамту көрсеткіші мен интернет жылдамдығы арасында алшақтық бар. Ауылдық жер емес, қалалық елді мекендерде де тұрғындар интернет жылдамдығының нашар екенін айтып жиі шағымданады.

АУЫЗ СУ ТАПШЫЛЫҒЫ

2025 жылға қарай Қазақстан билігі халықты 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Бірақ сарапшылар бұл жоспарларға күмән келтіреді. Бүгінгі күнге дейін 1543 ауыл сапалы ауыз суға қол жеткізе алмаған. Бірқатар ауылдарда су құбырлары ескірген, кейбірі 50 жыл бұрын салынған. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2021 жылы сумен жабдықтау қызметіне қолжетімділік республика бойынша 96%, ауылдарда 93% құраған.

Соңғы 30 жыл ішінде халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында ауқымды бағдарламалар іске қосылды. Мәселен, 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бағдарламасымен 111,5 млрд теңге (232 млн доллар) бөлінді. Мамандардың болжамы бойынша, 2040 жылға қарай Қазақстанда суға деген сұраныс тағы 46 пайызға артып, тапшылық жылына 12 текше шақырымға дейін артуы мүмкін.

ЕҢ ЖАС ДЕПУТАТ

Қалыптасқан үрдіс бойынша, лауазымды қызметке қол жеткізу «Nur Otan» партиясының мүшелігіне байланысты екенін көрсетіп келеді. Партияның атауы мемлекеттік қызметпен синонимге айналғандықтан болар, көптеген мемлекеттік қызметшілер қызметтік өсу сатысы ретінде әуелі партия мүшелігіне өтіп жатады. Мысалы, Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін орнатуға ұсыныс жасап, көзге түскен 25 жастағы Мәди Ахметов партия атынан Мәжілістің ең жас депутаты атануымен тарихта қалды.

Ал партиялық тізімдерге әйелдер мен жастар үшін 30% квота енгізу жөніндегі нормаға байланысты, «Nur Otan» қатарында Мәжіліске өткендер арасында әйелдерден Мақпал Мыса, Жұлдыз Сүлейменова, Әлия Әбсеметовалар болды.

119 ҮМІТКЕР ҰСЫНЫЛДЫ

Басқарушы топ түрлі элиталар мен әлеуметтік топтарды біртұтас «билік партиясы» шеңберінде біріктіру арқылы режимді қолдау мүмкіндіктерін арттыруды көздейді. Партияның кезектен тыс съезінде белгілі болғандай, биыл Amanat партиясы мәслихаттарға 3821, Мәжіліске 119 кандидат ұсынып отыр.

«От ауызды, орақ тілді айтыскер ақын Ринат Зайытов кеше ғана қатарымызға қосылды. Енді ұлт тағдыры руханиятымызға қатысты мәселелермен бірге айналысамыз», – деген съезде партия төрағасы Ерлан Қошанов.

VII шақырылымда «Nur Otan» партиясының атынан мәжіліске барған Бекболат Тілеухан Үкімет үйін ауық-ауық шулатып жататын. Партияның бұл жолғы тізіміне қарасақ алдағы кезең әжептәуір көңілді өтетін сынды.

Бұған дейін біз «Ақ жол» партиясы мен Қазақстанның Халық партиясының 2021 жылғы сайлауалды бағдарламасы мен жетінші шақырылымда атқарған жұмысына қатысты мақалалар әзірлеген болатынбыз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама