Экономист Ресейден аударылған қаржының рекордқа жетуін түсіндірді
Қазақстанға сырт елдерден аударылған қарды көлемі рекорд орнатып жатыр. Ұлттық банк мәліметінше, 2022 жылы елімізге қаржы аударым жүйесі арқылы сырттан 678,5 млрд теңге жіберілген. Ол алдыңғы 2021 жылғы көлемнен 2,4 есе көп. Жалпы, ел аумағына шетелден мұндай қаржы көлемінің келуі кемі соңғы 5 жылда болмаған көрсеткіш. Бірінші кредиттік бюро осындай мәлімет таратты.
Оның ішінде ең көбі Ресей аумағынан аударылған. Бірақ ресми статистикадағы тауар айналымын қарасақ, ол жақтан келетін импорт үлесінің айтарлықтай азайғанын көреміз. Экономист Мақсат Халық оның себебін бейресми, яғни ресми органдарда тіркелмейтін сауданың көбеюінен деген пікір айтады.
АҚША АУДАРЫМДАРЫ МЕН ТАУАР АЙНАЛЫМЫ ЕКІ ТҮРЛІ
Қаржы аударымының рекордты көлемге жету себебі, әсіресе, сәуірден желтоқсанға дейінгі әр айда өте жоғары көрсеткіш тіркеліп отырған. Оның ішінде ең көбі маусымда – 91,9 млрд және шілдеде 88,2 млрд теңге аударылыпты. Салыстыру үшін айтсақ, соңғы рекордты көлем 2018 жылдың шілдесінде 39 млрд теңге екен.
Осынша мол қаржының жартысынан астамы Ресей аумағынан аударылған. 2022 жылы солтүстік көршіміздің территориясынан 357,1 млрд теңге жіберілген, ол дегеніңіз 2021 жылғы көлемнен 6,7 есе көп. Сайып келгенде, Қазақстанға шетелден аударылатын қаржы көлемінің ішінде Ресейдің үлесі әдеттегі 18,7%-дан 52,6%-ға бір-ақ жеткен.
Қырғызстаннан жіберілген ақша да арта түсіпті. Көп жыл бойы тұрақты көлем көрсетіп келгенімен, былтыр ол жақтан келген қаржы да 94,5 млрд теңгеге дейін 2,8 есе өсіп кеткен.
Ресей аумағынан келген орасан мол қаржының саудаға түк қатысы жоқ екенін ресми статистикадан көруге болады. 2022 жылғы қаңтар-қарашада Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 122 млрд долларды құрап, алдыңғы жылға қарағанда 33,4% көбейді. Оның ішінде экспорт – 77 млрд, (жылдық өсім 42,4%), импорт – 44 млрд (жылдық өсім 20,1%).
Оның ішінде ЕАЭО елдерімен өзара саудасы 25,5 млрд долларға жеткен. Ол алдыңғы жылдың сәйкес кезеңінен 7,1% көп. Сауда түрін бөліп қарасақ, экспорт 8,6 млрд (22,3% көп) болса, импорт – 16,9 млрд доллар (0,7% көп).
Бірақ, ел импортындағы негізгі әріптес елдердің ішінде Ресей қашан да шамамен 42%-бен басым тұратын. Бұл жолы 35,5%-ға дейін төмендеген. Яғни, жоғарыда айтылған импорт пен экспорт өсімінде Ресей үлесі жоқ. Демек, көршімізден аударылған қаражат бюджетке не экономикаға құйылған қаржы дей алмаймыз.
РУБЛЬДЕН ПАЙДА ТАБАМЫЗ ДЕГЕН БАНКТЕР ОПЫҚ ЖЕДІ
Мақсат Халықтың айтуынша, импортымыздың Ресейге байланып қалуы стратегиялық қателік. Ресейдің үлесі 2021 жылы 42,5% болды. Сол үшін де Ресейде рубль құнсызданса, теңге де құлдырап, күшейсе, теңге де күшейіп келді.
Соны өткен жылдың басында қатты ұғындық. Рубль қатты құнсызданған кезде Ұлттық банк теңге бойынша өз саясатымызды ұстаймыз деген шешім қабылдамағанда теңгеміз долларға шаққанда 650-700-ге дейін бір-ақ жететін еді. Демек, Ұлттық банк өткен 2022 жылдан бастап өз бетінше саясат ұстана бастады. Оның кері әсері де болды. Кейін рубль аяқ астынан құны артып кетті де теңгеміз де күшейе бастады. Осы тұста теңгемізді тағы да ұстап қалдық. Өйткені, одан ары күшейте беруге еш негіз болмады, – дейді сарапшы.
Соның салдарынан рубль мен теңге арасындағы баланс бұзылғанын айтады. Алдында рубль 6 теңгенің маңайында болса, жазғы уақытта 9 теңгеге дейін жетіп, біздің тауар Ресей үшін арзан болып қалды. Сөйтіп, Wildberries бар, басқа да электронды сауда желілері бар, одан бөлек елге келіп-кетіп сауда жасағандар өте көп болды. Олар бізге ақшаны құйды.
Осы жерде ресми статистика сөзімізді растай түседі. 2022 жылы ЕАЭО елдерімен жасаған саудамыздың ішінде Ресейдің үлесі 92,3%. Осы елдерден келген тауарларға қарасақ, ең көбі: жеңіл автокөлік (3,4), телефон аппараттары (3,0%), дәрілік заттар (2,7%), есептеу машиналары және олардың блоктары (2,3), шанақтар мен кабиналар (2,2%).
Менің ойымша, бұл жерде Ресейді қолдау мақсатындағы саясат та бар сияқты. Өйткені Ресейге қандай санкциялар салынды?! Еуропадан айфоны бар, басқасы бар, келмейтін болды. Ендеше олар смартфон мен техниканы басқа қайдан алады? Көрші тұрған шекарасы ашық Қазақстан бар. Және осы статистика тағы мынаны дәлелдейді. Бізге былтыр смартфон мен техника екі есе көп келді. Оның бәрі біздің қажеттілігіміз үшін емес, реэкспорт жасау үшін келіп жатыр. Оның ішінде көпшілігі көлеңкелі сауда, – дейді экономист.
Айта кетерлігі, былтыр елге 3 миллион ресейліктің кіргені туралы дерек жариялан еді. Сарапшының ойынша, соның бәрі осында сауда жасап, тауар тасыды. Демек, Ресейден рубль көп ағылды деп айтуға негіз бар. Бірақ бізге қиындық туғызды. Өйткені, ресейліктер рубль әкеліп, теңгеге ауыстырып, керек затын сатып алып кетеді. Нәтижесінде біздің банктерде рубльдің артық массасы қордаланған. Банктеріміз осы жерде көп табыс табамыз деп ойлағанымен кейін сол ақшаны Ресейге аударайын десе олар қабылдауға асықпайды. Себебі, оларға рубль емес, доллар керек.
Сосын, екіортада бизнес жасаған ресейліктер де болды. Өз нарықтарында биржалары заңды түрде жұмыс істеп тұрған жоқ еді. Доллар курсы 60-65 рубль деп тұрса да қара нарықта 100, тіпті 100-дің үстінде сатылды. Сондықтан бізге рубльмен келіп, теңге сатып алып, оны долларға айырбастап, соны өздерінің қара нарығында 100-ден сатқандар болды, – дейді Мақсат Халық.
Сондықтан мұндай құйтұрқылықтың бәрін барынша бақылауда ұстамаса, батыс елдерінің санкциясына ілігуіміз бек мүмкін деген пікір айтады.