«Төзімділігіне кепіл жоқ». Сарапшылар «Аэрофлот» ұшақтарының қауіпсіздігіне үлкен күмәнмен қарайды

Ербол Тұрымбет

Ақпаннан бастап Қазақстанның үш қаласына «Аэрофлот» қатынай бастайды

Коллаж: Halyq Uni

Ресейдің «Аэрофлот» әуе компаниясы 1 ақпаннан бастап Астана, Алматы және Атырау бағыттарында әуе байланысын жандандырады. Оған Airbus А320 ұшақтарын қолданады. Елордаға күніне екі ретке дейін, Алматыға үш ретке дейін ұшу жоспарланған. Ал Атырауға аптасына екі рет, сәрсенбі және сенбі күндері ұшпақ. Одан соң наурыздан бастап дүйсенбі күндері де ұшу қарастырылып отыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

2022 жылдың 24 ақпанынан кейін АҚШ, Ұлыбритания, Еуроодақ елдері осы компанияға санкция салып, халықаралық бағыттарда ұша алмайтын жағдайға жеткізген еді. Кейін санкция тағы күшейте түсті. Осындай жағдайдағы компанияға Қазақстанға ұшуға рұқсат беру қаншалықты дұрыс шешім? Оны сарапшылардан сұрап көрдік.

...ДЕМЕК, ҰШАҚТАРДЫҢ ЖАБДЫҚ ҚОРЫ ӘЛІ ДЕ ЖЕТКІЛІКТІ

Азаматтық авиация сарапшысы Абыл Кекілбаевтың айтуынша, Ресей ұшақтарының қатынасты қайта жаңғыртуы екіжақты келісіммен болып жатқан нәрсе, өйткені, сұраныс бар. Мысалы, Qazaq Air шекаралас қалаларға, Scat Мәскеу мен басқа қалаларға ұшып жүр. Жалпы, екі ел арасындағы келісімшарт бойынша әуе қатынасында теңдік болу керек. Яғни, Ресейден қанша ұшақ бізге келетін болса, бізден де сонша ұшақ ол жаққа қатынайды. Сол теңдік сақталып отырады. Әрбір әуе компаниясының қай жерге ұшатыны, қандай көлемдегі ұшақпен ұшатыны, аптасына неше рет ұшатыны – бәрі келісімшарттың ішінде қарастырылған. Кейде әр тарап біржақты шешіммен ұшақтарын тоқтатуы мүмкін.

Екіншіден, мұнда қауіпсіздік мәселесін көтеру әлі ерте деп ойлайды. Себебі бізге ұшуға шешім қабылдаса, демек олардың әуе қатынасы жүйесінде жабдық қоры әлі де жеткілікті болып тұрғаны.

Алайда, санкцияға байланысты өндірушілер Airbus ұшақтарын жөндеуден бас тартқаны мәлім. Ал сарапшы ол жөнінде Ресейдің өз меншігіндегі Airbus-тарын мысалға келтіреді. Одан бөлек, лизингке алғандары бар. Өз меншігіндегі әуе кемелеріне заң тұрғысынан еш кедергі жоқ, сондықтан олар еш қиындықсыз, сол ұшақтармен қатынайын деп жатқан болуы керек.

Әлбетте, мұндай жағдайда барлық жағынан қарайды. Сақтандыруы бар, техникалық жағынан кем-кетігі жоқ, екіортада ұша алатын қашықтығы молдау ұшақтарды қояды. Астана мен Мәскеу ортасына қатынай алатын ұшақтардың саны да бөлек. «Super Jet» тіке ұша алмай жүрді. Сол үшін де осындай шешімге келген шығар. Оның үстіне, екіарада ұшатын ұшақтарды тексеретін заңгерлер бар, техника мамандары бар – бәрі алдын ала мұқият қарап шығады. Оқыс жайт болмаса, ешқандай қауіп көріп тұрғаным жоқ, – дейді маман.

Ал санкциядағы елмен, санкциядағы компаниямен байланыс орнатудың қандай қаупі бар дегенге келсек, Абыл Кекілбаевтың сөзінше, одан қорқатын дәнеңе жоқ. ICAO (Халықаралық азаматтық авиация ұйымы) тарапынан әуе кеңістігіне бірқатар шектеу болған. Бірақ әрбір ел шектеуді өзі қояды. Мысалы, Еуропа елдері санкция қойды да біз ондай қадамға бармадық.

«БІЗДЕ ЕШКІМ ПЕРРОНДЫҚ ТЕКСЕРІС ЖАСАМАЙДЫ»

Авиация сарапшысы Серік Мұхтыбаевтың сөзінше, ICAO-ның тізімінде талаптарға сай келмейтін елдер бар. Ресей соның ішінде. Boing, Airbus немесе азаматтық авиация үшін бөлшектер шығаратын халықаралық компаниялар санкция салып, бөлшек жеткізуге және ұшақтарды жөндеп отыруға шектеу қойды. Ал Ресейдің әуе парктерінде негізінен шетелдік ұшақтар тұр. Сайып келгенде, Ресейде бір жағынан ұшақтардың ұшу жарамдылығын қамтамасыз етуге қатысты санкция бар.

Екінші жағынан, Ресей үкіметі ұшақтарына комиссиясыз бөлшектерді, яғни өндірушілер мақұлдамаған бөлшектерді қолдануға рұқсат берді. Демек, олар басқа ұшақтардың бөлшектерін қолдана береді. Ол жұмыс істей беруі мүмкін, бірақ төзімділігіне кепілдік жоқ.

Ресей мұндай ұшақтармен өз ішінде не істесе де өздері біледі. Бірақ мәселе олардың Қазақстанға ұшып келетіндігінде, демек Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігіне қатысты болып тұр. Бұған Азаматтық авиация комитеті қалай қарайды? Мәселе сонда.

Сайып келгенде ICAO талаптарына сай келмейтіндіктен кей ел олардың ұшағын қабылдаудан бас тартуы мүмкін. Сондай ұшақтар енді бізге келейін деп тұр. Ондай ұшақтармен кім ұшқысы келеді, әркімнің өз еркі.

Естеріңізде болса, 2009 жылы Еуропа Қазақстанды қара тізімге қосып, біздің ұшақтарды кіргізбейтін болды. Өйткені Қазақстанның авиация басшылығы ұшақтардың қауіпсіздігі мен бақылау шараларын лайықты деңгейді жүргізбейтінін айтқан-ды. Ресейдің қазіргі хәлі сол іспеттес. Тек Еуропаның орнына құрамына 193 ел кіретін ICAO хабарлап тұр. Ол ұшақтардың қызметін қолдануға бола ма, болмай ма – ол әркімнің өз еркі. Бірақ, оларда ірі апат болмаса да Ресейде олқылықтың көбейіп жатқанын статистикадан көріп отырмыз. Сондықтан оларда жағдай мәз емес, – дейді сарапшы.

Оның сөзінше, айта кетерлік тағы бір жайт, перрондық инспекция деген бар. Ұшып келген «Аэрофлоттың» әрбір ұшағының рұқсатын, техникалық үлгісін, ұшқыштарының біліктілігін түгел тексеріп отырса, сол жерден кемшілік тапса, әуе қатынасын тоқтату керек деген мәселе көтерілуі мүмкін. Немесе Ресейдегі басшылығына сол кемшіліктерді түзету керек екенін айтып, ресми хат жібереді.

Бізде тексерістің ондай түрі бар. Бірақ оны ешкім істемейді. Мен, мысалы, сол перрондық тексерістердің нәтижесін сұратқам. Бір жарым ай болды, әлі үнсіз, – дейді маман.

«Аэрофлоттың» өзі де 2022 жылдың 6 наурызынан бастап бүкіл халықаралық бағыттар бойынша ұшпайтынын, ал 8 наурыздан бастап ұшақтары өзге елдерден кері қайтпайтынын жариялаған. Оның ішінде Қазақстанға да қатынамайтын болған еді.

Аталған әуе компаниясының бас директоры Сергей Александровский 2022 жылдың желтоқсан айында ресейлік ақпарат құралдарының біріне берген сұхбатында компания қарамағындағы 357 әуе кемесінің 13-і өзге елдерде бұғатталғанын мәлімдеді.