×

«Дебатқа шығуға дайынмын!» Талғат Ерғалиев жеңіл ипотекаларды көбейтуді ұсынады

Алайда сарапшылар оның дәлелдерін фейк санайды

 Ербол Тұрымбет 25.01.2023 | 16:20
Коллаж: Halyq Uni

Құрылысшылар Одағының төрағасы Талғат Ерғалиевтің айтуынша, құрылыс компаниялары жұмысшыларын қысқартуға мәжбүр. Демек, жылдар бойы жинаған қаншама маманды жұмысынан алып тастайды. Олардың арасында күнкөріс үшін жастар жағы ұрлыққа дейін баруы мүмкін. Себебі елде жағдай нашар.

Оның ипотекалық бағдарламаларды қысқартпау керек деген ұстанымын айтуы бірінші рет емес. Қыркүйек айында да ақпарат құралдарында жеңіл тұрғын үй бағдарламаларын жандандырмаса, ел ішінде наразылық қайта өршуі мүмкін екенін айтқан еді. Құрылысшы осы жолы да мәселе көтеріп отыр.

Біз нағыз нарықта жүрген азаматтармыз. Нарықтағы жағдайды білу үшін бізден сұрау керек. Құрылыс саласында жұмыс істеп жүрген соң, күн сайын мұқтаж азаматтармен кездесіп жүргеннен кейін білеміз. Қаншама адам пәтер алғысы келеді, бірақ мүмкіншілігі жоқ. Наталья Годунованың өзі құрылыс материлдарының 50-100%-ға дейін қымбаттағанын айтты. Жалпы құрылыс бағасы 80%-ға өсті. Бірақ жұрттың жалақысы 20% ғана көтерілді. Сондықтан халықтың үй алатын мүмкіндігі жылдан жылға азайып бара жатыр, – дейді ол.

Талғат Ерғалиевтің сөзінше, «7-20-25» бағдарламасында желтоқсан айында аптасына 15 млрд теңге игеріліп отырды. Сондықтан 100 млрд теңге бір жылға аз.

Сондай-ақ, одақ басшысының сөзінше, оның сөзін сынаушылар құрылыс нарығындағы жағдайды толық білмейді. Сондықтан, халықтың жағдайын ойлап, сөз президент әкімшілігіне жету үшін мәселені көқтеріп жатқандарын айтады. Себебі, экономикада айдан айға рецессия болып жатыр.

Ол сондай-ақ, құрылыс компанияларының үй салып келе жатқанына 20 жыл болса да мұқтаж азаматтар санының әлі азаймай тұрғанын дәлелге келтіреді.

Кез келгенін дебатқа шақырам. Кім болса да бағамен, сандармен бәрін дәлелдей алам. Дебаттан қорықпаймын. «Шантаж», «популист» дегендер шақырсын, бәріне дайынмын. Тек министрлікте осы салада істейтін не нарықта жүрген адам болсын, жеңіп шығам. Нарықта істемеген адаммен, жағдайды білмейтін адаммен немесе үкіметтегі популистермен уақытымды кетіріп дебатқа шықпаймын, дейді Талғат Ерғалиев.

Жалпы құрылыс нарығында құрылыс заттарын шығаратын, сататыны бар, барлығы – 1,5 млн-дай адам еңбектенеді. Ал тек Құрылысшылар одағында 1400 мекеме бар, оларда 200 мыңдай адам істейді. 

«ҚҰРЫЛЫС КӨЛЕМІ 50% ҚЫСҚАРАДЫ ДЕУ – ФЕЙК»

Қаржыгер Андрей Чеботаревтің айтуынша, құрылыс көлемі 50% қысқарады деу – фейк! Себебі, былтыр жеңілдетілген бағдарламалардың бір парасы жұмыс істемеді. «Отбасы банкі» бойынша қарыздардың пайызы көтерілді. «7-20-25» қысқарды. Алайда баспана құрылысы небәрі 7% ғана төмендеді. Оның пайымынша, бұл қалыпты жағдай. Себебі, бізде үй тым көп салынады. Мысалы, бізде баспана аумағы өте үлкен Ресейге қарағанда екі есе ғана аз салынған. Сондықтан оның көлемін азайту керек.

Жеңілдетілген бағдарлама сұраныс тудырады. Ол бағаны өсіреді. Шамамен соңғы екі жылда үй бағасы 81% көтерілді. Ол өте жоғары. Кінә жеңілдетілген бағдарламаларда. Сондықтан оны доғару керек. Жеңілдетілген бағдарламалар әлеуметтік осал топтар – көпбалалылар, тұрмысы төмендер, әскерилер мен полиция, мемқызметкерлер үшін қалу керек. Қалғандары нарық жағдайында сатып алу керек. Құрылысшылардың мәселе көтеру себебі, ол ақшаның бәрі қалтасына түсер еді, – дейді ол.

Оның пікірінше, құрылысшылардың үстеме табысына да қарау керек. Орташа маржа Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 140%. Демек, құрылыс компаниялары шаршы метр құнының бағасын әсіре өсіріп отыр.

ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯЛАРЫ МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЙТА-ҚАЙТА ИЕК АРТПАУ КЕРЕК

Сарапшы Айбар Олжаевтың айтуынша, «7-20-25» бағдарламасына биыл лимит қойылды. Бұл мемлекеттің экономикадан кетуінің нақты көрінісі. Мемлекет бүкіл жерге араласа бермеуі тиіс. Оның сөзінше, негізі ипотека жекеменшік банктердің нарығы болған кезінде. Солай болуы да тиіс.

2008 жылдары Американың құрылыс нарығында үлкен дағдарыс болып, содан кейін ипотека тұралап қалды. Сол кезде мемлекет осы нарықты жандандыру үшін келген еді. Қазір мемлекет өз миссиясын толық аяқтап бітті деуге болады. Қалған 100 млрд «7-20-25» бағдарламасының әлеуметтік миссиясын ары қарай жалғастыру ғана. Арасында біршама өзгерістері арқасында адрестері көбейеді, – дейді ол.

Екінші жағынан, Айбар Олжаевтың пікірінше, «7-20-25» бүкіл коммерциялық ипотеканың орнын алмастырмау керек. Осы тұрғыдан құрылыс компаниялары да нарыққа бейімделіп, мемлекетке қайта-қайта иек артып, сұрай бермеу керек. Өйткені, құрылыс компаниясы коммерциялық ұйым. Оның өзінің нарықтан қалай ақша табам деген коммерциялық стратегиясы болу керек. Сондықтан мемлекет ешқандай нарыққа араласпайды. Бұл нарық заңдылығы, одан басқа жол жоқ деген ойда.

Оның үстіне, бөлінген 100 млрд теңге бастапқы айларда бітіп кетпейтінін айтып отыр. Өйткені, ай сайын 8,3 млрд теңге лимитке бөлінген. Сондықтан бағдарлама жылдың аяғына дейін жұмыс істейді.

Иә, бағдарламаның қарқыны бұрынғыдай болмас. Бірақ бағдарлама бар, ол жалпыға ортақ емес. Өйткені, коммерциялық ипотекалар да жұмыс істеуі керек. Банктер өздері де жұмыс істеп, осылай нарыққа жол ашылу керек, – дейді сарапшы.

Мемлекеттік ипотекалық бағдарламалардың қысқаруы елдің жағдайын ушықтырады дегенге де мүлде сенбейді. Себебі, біздің еңбек нарығында тапшылық бар. Құрылыс нарығының өзінде техникалық мамандар сұраныста. Сондықтан құрылыс мамандары жұмыссыз қалады дегенге сену қиын. Тұрғын үй құрылысынан басқа өндірістік ошақтардың құрылысы бар, үлкен жобалар жүріп жатыр. Бәріне құрылысшы керек. Сондықтан әркім еңбек нарығында өз орнын таба алатынын айтады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама