Саяси тұлғалар британ университеттетерін агенттік алым төлеуге мәжбүрлеген, дейді зерттеушілер
Ұлыбритания жоғары оқу орындарында «Болашақ» стипендиясымен түскен қазақстандық студенттерді оқытуда жемқорлық схемалары болуы мүмкін, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бұл дерек Ұлыбритания сыртқы саясат орталығы үйлестіруімен Қазақстанға қатысты негізгі қиындықтар мен мүмкіндіктер туралы арнайы зерттеуде жарияланды.
Бейресми жұмыс тобының зерттеуіне Ұлыбритания мен Орталық Азия ғалымдары, ҮЕҰ өкілдері қатысқан.
Зерттеуде айтылғандай, Орталық Азиядағы халықаралық қатынастарды зерттеуші, Лондондағы Вестминстер округі депутаттары кеңесінің сайланған депутаты және төрағасы Адам Хаг өзінің баяндамасында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-на қатысты Ұлыбритания жоғары оқу орындарында қазақстандық студенттерді оқытуда жемқорлық схемалары болуы мүмкін екенін атайды.
«Жақында «Болашақтың» ресейлік техникалық жоғары оқу орындарына қайта бағдарлануы туралы мәлімдеме жүзеге асса, бұл өзекті бола түседі. Қалай болғанда да, Ұлыбритания үкіметі «Болашақ» бағдарламасының студенттеріне орын беру үшін саяси беделді адамдарға жоғары агенттік алымдарды төлеудің қажеті жоқтығына көз жеткізу үшін университеттермен жұмыс істеуі керек», – делінген баяндама мәтінінде.
Бұл орайда құқық докторы (PhD) Халида Әжіғұлова қазақстандық «саяси тұлғалар» британдық университеттерді үлкен агенттік алым төлеуге мәжбүрлегенін дәлелдейтін нақты айғақтары бар екенін жазды.
«Дәл осы схеманы журналист Гүлбану Әбенова осыдан екі жыл бұрын жазған болатын, бірақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, үкімет пен парламент депутаттары Мәжіліс сайлауы қарсаңында әлеуметтік желідегі бұл жазбаға мән бермеді. Ұлыбританияда докторантурада оқып жүргенімде «Болашақ» бағдарламасының осындай сыбайлас жемқорлық схемаларының бірі туралы білдім. 7 жыл бойы мен осы сыбайлас жемқорлық схемасының бар екендігі туралы айғақ жинадым. Қалай жұмыс істеді, оны Қазақстанда, Ұлыбританияда, Швейцарияда және басқа елдерде кім енгізді, сондай-ақ «Болашақ» стипендиаттарының оқу ақысын өтеу үшін Қазақстаннан қаншама қомақты қаржы шығарылғанына қатысты қолымда нақты сипаттайтын үлкен дәлелдер пакеті бар», – дейді заңгер Халида Әжіғұлова.
Заңгер аталған іс бойынша, 2022 жылы қыркүйек айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне 9 беттен және 400 бетке жуық қосымшадан тұратын арыз түсірген. Қазір арыз бойынша барлық сипатталған фактілер тергеуге дейінгі тексеруге жіберілген.
Жуырда мәжіліс депутаты Айгүл Жұмабаева да «Болашақ» стипендиясына қатысты сыбайлас жемқорлық схемаларын ұйымдастырып отырғандарды тексеруді талап етіп, депутаттық сауал жолдады.
Ал «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басшылығы аталған айыптауды жоққа шығарған, я растаған мәлімдеме бермеді. Тек «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға ұсынылатын шетелдік жоғары оқу орындарының тізіміне үш халықаралық академиялық рейтингке кіретін және екі және одан да көп халықаралық академиялық рейтингтердің алғашқы 250 позициясының қатарына кіретін жетекші шетелдік жоғары оқу орындары кіретінін айтумен шектелді.
Қазір британдық жоғары оқу орындарында 329 стипендиаттың оқитынын, оның ішінде 231 (70%) стипендиат британдық жоғары оқу орындарының Russell Group элиталық лигасына кіретін беделді жоғары оқу орындарында білім алып жатқанын атап өтеміз, – делінген орталықтың баспасөз қызметі берген ресми жауапта.
Сонымен қатар, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ үміткерлердің шетелдік университеттерге түсуіне ықпал етпейтінін жеткізді.
Айта кетелік, таяуда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов «Халықаралық бағдарламалар орталығының» 3 миллиард теңгеге жуық қаражаты Қазақстандағы екінші деңгейлі банктерге салынып, банкрот деп танылғандығын хабарлаған еді.