«Бірлік, татулық деген - ескірген идеология». Сарапшылар Пенжімдегі жанжал туралы
Әлеуметтанушы мен саясаттанушының Пенжімдегі оқиғаға қатысты пікірі
Елімізде ұлтаралық келісімге қатысты «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заң, «Ел бірлігі доктринасы» бар. Одан бөлек, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да конфликтолог мамандар дайындалады. Биыл бірінші рет Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Этносаясат» магистрлерін даярлайтын 2 жылдық жаңа бағдарлама ашылды. Сондай-ақ, елімізде 2011 жылдан бастап медиатордың көмегімен дауларды реттеуге ықпал ететін медиация институты жұмыс істеп келеді. Қазақстан халқы ассамблеясының 1 республикалық және 19 өңірлік медиация кеңесі жұмыс істейді. Ассамблеяда 2 097 медиатор тіркелген. Достық үйлерінде 17 медиация кабинеті бар. ҚХА аясында 341 диалог алаңы ашылған.
Алайда, елдегі этносаралық татулықты нығайтатын осыншалықты институттар болғанына қарамастан, Қазақстандағы қазақ ұлты мен өзге этнос өкілдері арасындағы кикілжің жалғасып келеді. Тәуелсіздікке дейінгі және одан кейінгі жылдарда ірілі-ұсақты даулар көп болғаны белгілі. Halyq Uni тілшісі оның бәрін қамтымай, соңғы жылдардағы елді елең еткізген оқиғаларды тізіп көрдік.
- 2015 жылдың ақпанында Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауылында жергілікті қазақтар мен тәжік ұлты өкілдерінің қақтығысы өтті.
- 2016 жылдың ақпанында Жамбыл облысының Бұрыл ауылында түрік ұлтынан шыққан 17 жастағы жасөспірім бір үйді тонамақ болып, үйдегі 5 жасар баланы 11 жерден пышақтап өлтірген. Осы оқиғаға байланысты ауыл қазақтары көтеріліп, тәртіпті сақтау үшін әскер жіберілді.
- 2018 жылдың 31-желтоқсанынан 2019 жылдың 1-қаңтарына қараған түні Қарағанды қаласында «Ежелгі Рим» мейрамханасында төбелес болып, қазақ жігіті армян ұлты өкілінің қолынан қаза тапты. Оның арты жергілікті қазақтардың жаппай бас көтеруіне алып келді.
- 2020 жылы 7-ақпанда Жамбыл облысы, Қордай ауданы Масанчи ауылында қазақтар мен дүнгендер арасында жанжал болып, нәтижесінде 8 адам қаза тапты. Тағы 40 адам жарақат алып, 30 үй және 23 автокөлік өртенді.
- 2021 жылы 27 қазанда Алматы облысы Пенжім ауылындағы мектептің жанында төбелес болды. 9-10 сынып оқушыларының дауы артынан қазақтар мен ұйғыр ұлты өкілдерінің жаппай төбелесіне ұласқан. Ішкі істер министрлігі оқушылардың ұлты бойынша бөлініп алысқанын мәлімдегенімен, артынша президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ешқандай ұлтаралық қақтығыс болған жоқ» деп министрліктің мәлімдемесін теріске шығарды.
«ҚАЙШЫЛЫҚТЫҢ БӘРІ БІРЛІК, ТАТУЛЫҚ ДЕГЕН ЕСКІ ИДЕОЛОГИЯДАН ТУЫНДАЙДЫ»
«Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығының президенті Гүлмира Елеуованың ойынша, Қазақстанның ең басты жетістігі - өте ауқымды қақтығыс (ұлтаралық) болған жоқ. Бұрынғы КСРО аумағында ірі қақтығыстар болып, тіпті территориясынан айрылуға дейін барса, оған қарағанда Қазақстанда жағдай әлдеқайда тыныш. Болып жатқан жайттар да локалды сипатта, әрі оны шешу тетіктері де бар. Күшпен басады немесе ҚХА, асқсақалдар кеңесі секілді түрлі институттар әсер етеді. Мысал үшін, 90-шы жылдардың басында қазақ-орыс қақтығысы болжанған. Бірақ ол жойылды. Енді соңғы 10 жыл немесе одан да әрі уақыттан бергі кезеңді алып қарасақ, негізінен қазақтар мен шағын этностар, яғни, шығыс халықтары немесе мұсылман халықтары арасында болып жатыр. Және көбіне елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында. Яғни, өзге этностардың ұзақ уақыт топтасып тұрып (анклав) келе жатқан жерлерінде, осыған назар аударуымыз керек дейді маман.
Мысалы, Мақтаарал ауданындағы тәжіктер. Оларда автохтония, өйткені ешқайдан келмеген. Сол жерде бұрыннан өмір сүреді. 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басындағы халық санағына қарасақ, қазақтар сол оңтүстік өңірлердің өзінде 100 пайызды құрамаған. Бірақ қазіргі жастар одан бейхабар. Ал мектепте біздің территорияда баяғыдан тек қазақтар тұрып келді деп оқытады. Сондықтан өзге ұлт өкілдеріне диаспора, т.б. деп ат тағамыз. Сөйтіп келіп, қанша жерден қазақ ұлттық мемлекетін құрамыз дегенімізбен, тұтас халық ретінде бірігу қатты қиындап кетеді, - дейді Гүлмира Елеуова.
Әлеуметтанушының айтуынша, бізде «қазақтар өзге ұлт өкілдерінен нашар тұрады, өзгелер біздің мүлкімізді иемденіп алған, сондықтан оларды сабасына түсіру керек» деген базалық түсінік қалыптасқан. 40 жастан асқандар Кеңес Одағы кезіндегідей «халықтар достығы» деген ұстаныммен өмір сүруге дағдыланмен, шынтуайтына келгенде, қазіргі жас қазақтарда түсінік түбегейлі өзгерген.
Оның бәрі «бірлік, татулық» деген ұстаным негізінде идеология қалыптастыруымыздан. Саяси ұстанымымыз да осының негізінде құрылды. Ал эносаралық қақтығыстарды қарасақ, олар саяси емес, әлеуметтік сипатта жүреді. Мысалы, екі ұлттың немесе екі ұлт өкілдерінің қақтығысы жер немесе су көзіне таласудан туындайды. Сосын ол әлеуметтік қақтығыс дәрежесіне көтеріледі. Ал біз бұндай жағдайларды о бастан саяси нәрсе деп қарастырып қойғандықтан, бірден саяси баға беріп кетеміз. Бұрын КСРО кезінде де осындай «халықтар достығы» деген ұран ұстанған еді. Содан қалған әдет. Сосын қақтығыстың соңы болмашы мәселеден асып, ұлттық ұстанымға өсіп кетеді. Бұрындары мұндай жайттарды әр жерде, яғни, локалды түрде көретінбіз. Қазір жас ұрпақ қазақ тілінде қазақ ұлттық мемлекеті деген парадигмада өскендіктен, қақтығыс әлдеқайда зорайып кете ме деген қорқыныш бар. Ал біз осы қазіргі жаңа социумды сол ұлтаралық келісім, бірлік деген ескірген саясатпен реттегіміз келеді. Қайшылықтың бәрі осыдан туады, - дейді әлеуметтанушы.
«ҰЛТАРАЛЫҚ ҚАҚТЫҒЫС ДЕУДІҢ ӨЗІ ҚАТЕ»
Саясаттанушы Дос Көшімнің пікірінше, «ұлтаралық қақтығыс» деген сөздің өзі соңғы болып жатқан оқиғаларға сай келмейді.
Өйткені, бұл кәріс пен орыс, өзбек пен ұйғыр емес, қазақ пен басқа ұлттардың арасында болып жатқан жайттар. Демек, бұны қазақ және өзге ұлттардың арасындағы қақтығыс деп ойлауға болады. Сондықтан ұлттар арасында достық, татулықтың бар-жоғын іздегеннен гөрі, көзге ұрып тұрған басқа бір проблемаға тіреледі, - дейді ол.
Дос Көшімнің ойынша, проблема қазақ мемлекетінің, Қазақ елінің тәуелсіз мемлекет құрғанына өзге ұлт өкілдерінің алаңдаушылығында.
Ертеңгі күніміз не болады? Бұл радикал, ұлтшыл мемлекетке айналып кетпей ме?» дегендей алаңдаушылық. Менің ойымша, өзге ұлт өкілдері әлі күнге дейін қазақ елінің тәуелсіздігін толық қабылдай алмай отыр. Кезінде Кеңес Одағы жалпыға ортақ отан болды. Енді Қазақ мемлекеті, Қазақ елі дегенді қалай қабылдайтынын білмейді.
Байқасаңыздар, Желтоқсан оқиғасы болсын, 90-шы жылғы тәуелсіздік үшін күрес болсын, керек десеңіздер, Жаңаөзен оқиғасы болсын, Шаңырақ қақтығысы болсын, ондай мәселелер кезінде үні шықпайды. Біздің оларға деген ренішіміз тек осы ғана. Неге мемлекеттің болашағы біз бірге бармаймыз? Одан басқа ештеңе жоқ. Яғни, қазақ пен өзге ұлт арасында осындай проблема бар. Оны міндетті түрде ашу керек, ашық сөйлесу керек. Бізде ұлтаралық қақтығыс жоқ дейді. Онда мүлде зерттемейік. Жылы жауып қоя салайық. Сосын оның арты Қордай болады, Пенжім болады, Малыбай болады, Шелек болады, - деп пікірін білдірді Дос Көшім.