Halyq Uni логотип
×

«Басқа брендтер де кетуі мүмкін»: 2 мыңға жуық McDonald's жұмысшысы қайда барады?

Компания бүгінге дейін бюджетке 3 млрд теңгеден астам салық төлеген

 Айнұр Шошаева 10.01.2023 | 09:37
«Басқа брендтер де кетуі мүмкін»: 2 мыңға жуық McDonald's жұмысшысы қайда барады?
Коллаж: Halyq Uni

McDonald’s брендінің Қазақстаннан кететіні туралы ақпарат қоғамда біраз пікірталас тудырды. Әсіресе, отандық кәсіпорының компанияның талаптарына сәйкес келетін өнім ұсына алмауына қатысты сын айтылды. 

Еске сала кетейік, 5 қаңтарда McDonald’s жеткізілім шектеулеріне байланысты Қазақстаннан кететінін мәлімдеді. Белгілі болғандай, компанияны жартылай фабрикат өніммен қамтамасыз ететін кәсіпорындар Ресейде орналасқан. Ресейдің Украинаға басқыншылығынан кейін 32 жыл бойы жұмыс істеген бренд көрші елден кететінін мәлімдеген еді. 

Ал елімізде бұл бренд 2016 жылдан бастап жұмыс істеді. Компанияның дерегінше, жабылғанға дейін 3 млрд теңгеден астам салық төледі. Сондай-ақ Алматы, Астана, Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды және 2000-ға жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырды. 

Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі компанияның нарықтан кетуі себебіне қатысты мәлімдеме жасады. Ведомство елімізде шикізат жеткілікті екенін сендірді. Сондай-ақ шетелдік компанияның өкілдері келешекте қазақстандық өнімге көшуге дайын болғанын, алайда, отандық өндірушілердің компанияның жоғары стандарттарын енгізуі үшін уақыт қажет болғанын айтты. 

«Осы уақытта қазақстандық ет және сүт өнімдерін өндірушілер өндірісті McDonald's талаптарына сәйкес келтіру бойынша жұмысты бастады және 2023 жылдың басында кәсіпорындардың аудиті бойынша жұмыстар жоспарланған болатын. Алайда, McDonald's-тың жабылуына байланысты жоспарланған аудит болған жоқ», – делінген министрліктің ақпаратында. 

Айта кету керек, бұл компанияға шикізат немесе жартылай фабрикаттар жеткізушісі болу үшін арнайы сертификаттаудан өту керек, бұл бүкіл өндіріс тізбегіне қатаң және қымбат талаптар қойылатынын білдіреді: мал азығынан бастап қаптамаға дейінгі аралықты қамтиды. Бұл жағдайда компанияның белгілі бір жеткізушіні таңдайтынына кепілдік жоқ. Бұған қоса, АШМ  Қазақстан еттің барлық түрі бойынша ішкі нарықты толық көлемде қамтамасыз етіп отырғанына сендірді. Соңғы деректер бойынша, 2022 жылы Қазақстанда барлық түрі бойынша 1,06 млн тонна ет өндірілді, оның көлемі өткен жылмен салыстырғанда орта есеппен 0,4% өскен. 

Мейрамханалар желісінде жұмыс істеген 2 мыңға жуық жұмысшының әрі қарай жұмысқа орналасуы бойынша әзірге нақта мәлімет жоқ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, еңбек биржасында 100 мыңға жуық бос жұмыс орны бар. Компания экс-жұмысшылары биржадан жұмыс таба алады. 

«СОҢҒЫ 10 ЖЫЛДА ТЕК РЕСЕЙДЕН КЕТТІ» 

Экономист Асхат Наметшаның пікірінше, McDonald's-тың Қазақстаннан кетуі еліміздің репутациялық имиджіне теріс әсер етеді. 

«Ол тұтынушыларға жоғары сапалы өнім ұсына отырып, басқа да ойыншыларға ықпал ете алды. Нарықтағы инновация, түрлі идеяларды тартып, соның арқасында өнім сапасы, қызмет сапасы, интерьері, жұмысты ұйымдастыруы арқылы нарыққа жақсы ықпал ететұғын.  Сондай-ақ ол мемлекеттің имиджіне әсері болды. Компания бар мемлекеттің инвестициялық тартымдылығы жоғары болады. өйткені ол компания келсе ол мемлекетке келіп жұмыс істеуге болады, халықтың ахуалы мен мүмкіндіктері жоғары саналады. Экономикада бигмак индескі деген ұғым бар. Елдердің елдердің жалпы ішкі өнімінің паритетін анықтайтын», – деді ол. 

Сондай-ақ оның ойынша, танымал бренд тек салық төлеп қоймай, жұмысшыларын әлеуметтік қамтамасыз етіп отырды. 

«Бәрінен бұрын мемлекеттің инвестициялық репутациясы тұр. Соңғы 10 жылдың ішінде бұл брендтің бір елден кетті дегенін естіген жоқпыз. Тек Ресейден соғысқа байланысты кетті, ал бізден экономикалық жағдайға – сапалы жабдықтаушының болмауына байланысты болып жатыр. McDonald’s кетуі басқа әлемдік танымал брендтердің кетуіне ықпал етуі мүмкін. Егер 5-6 жылдың ішінде қажетті жабдықтаушылармен қамтамасыз етпесек кетуі мүмкін. Мысалы, Қазақстан ет өндіруші, мал саны көп деп мақтан етеміз. Шын мәнінде бізде сапалы ет өндіретін кәсіпорындар болмай отыр. Бұл мемлекет үшін кері әсер ететін фактор. Сондықтан бізде әлемдік деңгейде ет өндірісін жолға қою қажет. Соларды шығаратын кәсіпорындарға жол ашып, мүмкіндік беру керек», – деп қосты сарапшы. 

Қазір қоғамда танымал брендтің орнына қандай бренд келеді деген сұрақ бар. экономист имиджі төмен елдердің өнімдерінің Қазақстанға келуі ел экономикасына кері әсерін тигізетінін айтады. 

Санкциялық және имиджі төмен елдердің брендтері келетін болса, мемлекеттің имиджіне кері әсерін тигізеді. Тұтынушылар ол брендтерді іштей қабылдамауы мүмкін. Өйткені қазіргі соғысқа байланысты көптеген елдер Ресейді агрессор ретінде қарайды. Қазақстандықтардың көбісі солай қарастырады. Оның бізге келуі біздің әлемдегі позициямызға кері әсер ететін фактор. Жалпы инвесторлардың барлығын тартудың қажеті жоқ. Бізге еліміздің имиджін арттыратын инвестор керек. Мысалы, қазір санкциялық елдерден келетін болса, оның пайдасынан зияны көп болады. Тек қана табыс, салықты ойламай, ең бастысы репутацияны ойлауымыз керек. Қазіргі таңда репутация табысқа, имидж бен тұтынушылардың көңіл күйіне әсері бар, – деп қорытындылады Central Asian Institute for Development Studies (CAIDS) компаниясының бас директоры Асхат Наметша.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама