Сұраныс пен инфляция: Пәтер жалдау ақысы не себепті арзандап жатыр
Жалдауға қойылған үйлердің саны күрт көбейді
Krisha.kz-тің өткен аптаның соңына қарай жариялаған талдауында елімізде баспана жалдау ақысы былтырғы қыркүйек-қазан айларындағы дүрбелең кезіндегі бағаға қарағанда шамамен 33% арзандаған. Сөйтіп, қазір бұрынғы қалпына келіп жатыр.
Қалалар арасында ең қатты арзандағаны Оралда (– 52%), Петропавлда (– 50%) және Ақтөбеде (– 47%) байқалған. Ал Астана мен Алматыда сәйкесінше 36% және 29% түскен.
Экономист Эльдар Шамсутдиновтің пікірінше, пәтер жалдау ақысының орташа бағасы қаланың шеткері аудандарында ұсыныстың көбеюі есебінен төмендеп тұр. Әсіресе, Алматыда осындай жағдай деген ойда. Осы сөзіне мынадай статистиканы мысалға келтіреді.
2021 жылы 1-3 бөлмелі 5,5 мың пәтер ұсыныста болса, өткен қазан айында 2,8 мыңға кеміген. Ал қазір олардың саны 6,9 мыңға жеткен. Яғни, былтыр шетелден келген студенттер мен ресейліктердің бір парасы елде қалып қойды дегеннің өзінде пәтер жалдау нарығында ұсыныс 25%-ға көбейіп отыр. Сондықтан сарапшы баспана жалдау нарығының нақты көрінісін білу үшін әрбір аудандағы шаршы метр құнын нақтылау керектігін айтады. Қалай дегенде де оның пайымынша, пәтер жалдау нарығы біртіндеп қалпына келіп жатқаны рас, бірақ жаңа деңгейдегі қалпына келіп жатыр.
Бірақ оның бұл пікірімен Krisha.kz сарапшысы Алина Буравцева келіспейді. Оның айтуынша, нарықта алыпсатарлық әрекеттердің әсері азайған. Оған қоса, бағалардың бұрынғы шамасына қайта оралуы сұраныстың төмендігінен болып жатыр. Бұл әзірге жалпылама мәлімет, ал нақты қандай ауданданда бағаның қалай қалыптасып жатқанына қатысты талдау материалы енді жарияланбақ.
Krisha сарапшысының сөзімен «Alatau Lux» жылжымайтын мүлік агенттігі филиалының директоры Шолпан Абақованың да ойы үйлеседі. Оның айтуынша, ресейліктер кете бастаған соң Алматыда бағалар да түсе бастаған, ұсыныс та көбейе түскен. Оның жарқын мысалы, қалада бос пәтер көп. Оның үстіне, студенттер де қысқы демалысқа кеткен. Мысалы, агенттік бұрын «Орбита» ықшамауданында қарапайым екі бөлмелі пәтерді 350 мың теңгеге беретін болса, қазір соны 250 мыңға өткізе алмай отырғандарын айтады.
Қаланың шеткері аумақтарында жаңадан салынған тұрғын үй кешендерін жұрт көп сұрайды. Жалдаушылар үйдің ішкі сәніне, жиһаздарына баса назар аударатын болған. Мысалы, «Теремки» тұрғын үй кешенінде 1-2 бөлмелі пәтерлерді сұраушылар көп. Жалдау ақысы ойланбастан 200 мыңға дейін барып тұр, – дейді ол.
Әйтсе де сарапшының сөзіне қарағанда, орталық аудандарда, айталық, Алматы қаласы Медеу ауданында бір бөлмелі пәтерлердің арасында жақсылары жөндеуіне қарай 300-400 мыңға дейін баратындары бар. Тіпті 450 мың теңге болса да тұрып жатыр. Бірақ олар сұраныс азайса да бағасын түсіргісі келмейтін пәтер иелерінің санатына жатады.
Сайып келгенде, жылжымайтын мүлік маманы баға қалпына оралды дегеннің өзінде де инфляның әсер еткенін ескеру қажеттігін айтады. Яғни, қалпына оралды деген сөз бұрын 150 мың теңгеге жалдап тұратын бір бөлмелі пәтерлер қазір 200 мың теңге сұрайды.