Шаруалар делдал мен энергоресурстарға шығындалып жатыр: Сарапшылар қымбатшылықтың себебін түсіндірді

Ербол Тұрымбет

Ресми статистикада жалған мәліметтің көп екені айтылады

Коллаж: Halyq Uni

Қасым-Жомарт Тоқаевтың 8-ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ұлттық банкке инфляция аралығын 2022 жылы 4-6% аралығына, ал 2025 жылға дейін 3-4% аралығына түсіру бойынша жұмыс істеуді тапсырған болатын.

Ұлттық статистика бюросының 4 қаңтар күні жариялаған мәліметі бойынша, 2022 жылғы желтоқсанда жылдық мәнде инфляция деңгейі 20,3% құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы 25,3%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 19,4%, ақылы қызметтер 14,1% қымбаттады. Ал азық-түліктің ішінде көкөніс бағасы айтарлықтай өскен. Желтоқсанда қияр 35,6%, қызанақ 14,6%, тәтті бұрыш 8,4%, пияз 7,9%, қызылша 3,8% қымбаттады. Тек құмшекер 3,8%, лимон 0,9% арзандаған.

ҰБ төрағасы Ғалымжан Пірматов инфляцияның шарықтау шегі 2023 жылдың бірінші тоқсанына келетінін айтқаны есімізде. Осыған байланысты баға нарығы қаншалықты шарықтауы мүмкін және қандай себептері барын мамандардан сұрап көрдік.

РЕСМИ СТАТИСТИКАДА ЖАЛҒАН МӘЛІМЕТ КӨП

Қазақстан фермерлері қауымдастығы төрағасының орынбасары Ермек Әбуовтың сөзінше, қазақстандық фермерлер екі жақтан ұтылып жатыр: біріншіден, техниканың, жанар-жағармайдың, тыңайтқыштар мен өсімдікті қорғау құралдарының, электр энергиясының, суармалы судың қымбаттауы бар. Екіншіден, фермерлердің өз өнімін сауда орындарына жеткізетін инфрақұрылымның болмауы, делдалсыз жеткізе алмауы, яғни делдалдарға желінуі.

Сарапшы Ауыл шаруашылығы мен Сауда министрлігінің форвардтық сатып алу жобасына да қырын қарайды. Себебі оның механизмі нақтыланбаған. Айталық, қаңтар-ақпан айларында ақша қарастырылып, күзде картоп-пияз, қырыққабат сатып алу керек. Ол жұмыстың қалай жүретіні белгісіз. Өйткені, фермерлердің сақтайтын орны жоқ. Олар күзде егінін жинап алғаннан кейін көбі сақтайтын орны болмаған соң сатып жібереді.

Сондай-ақ, тағы бір үлкен мәселе, ресми статистиканың жалғандығы. Статистикаға қарасақ, жылына 4,2 млн тонна картоп өндіреді екенбіз. Ал елдің қажеті 2,5 млн тоннадан аспайды. Сонда 2 млн тоннаға жуығы экспортқа кетуі керек қой. Сол қайда? Сыртқа ондай көлемде кетіп жатқан картоп жоқ, – дейді Ермек Әбуов.

Оның айтуынша, сүт те сол сияқты. Кешке дүкендерде табиғи сүт қалмайды, «Родина» мен «Зенченконың» сүті табылмайды. Сонымен қоса, баға қымбаттап кетті. Неге? Өйткені тауар аз өндіріледі, халықтың сұранысын ақтамай отыр.

Ермек Ерғазыұлының айтуынша, бұл жерде талайдан айтылып жүрген «приписка» деген мәселе бар. 2021 жылдың мәліметі бойынша елімізде 6,2 млн тонна сүт өндірілген. Оның ішінде өңдеуге кеткені 2 млн тоннаға жетпейді. Қалғаны қайда екені белгісіз. Сондықтан өтірік, жалған ақпарат беру жағдайының көптігі үлкен мәселеге айналғанын айтады.

СҮТ ЕНДІ ҚЫМБАТТАМАЙДЫ

«Қазақстан сүт одағының» атқарушы директоры Владимир Кожевниковтің айтуынша, мәселе геосаяси жағдайдың қалай өрбитініне байланысты болып тұр. Азық-түлік 25% қымбаттаса, оның ішінде сүт өнімдері 22% көтерілген.

Оның ойынша, жалпы біздің өнімдер соншалық осал емес. Қымбаттағаны рас, өйткені өзіндік құнын құрайтын барлық құрамының бағасы өсті. Мысалы, энергоресурстар: жанармай мен көмір, одан бөлек қорапшасы да айтарлықтай көтерілген. Себебі Қазақстанда қатты қорап өндірілмейді деуге болады. Тек Семейдегі зауыт қана қатты қорап шығарады. Олардың өзі де шикізатын импортан алатындықтан, өнімі қымбаттап жатыр.

Маманның сөзінше, 2023 жылдың бірінші тоқсанында қаншаға дейін өсетінін айту қиын. Әзірге бағаның шарықтап кетуіне еш себеп көрініп тұрған жоқ. Сол 2022 жылдың желтоқсан айындағы шамада тұр.

Тағы бір мәселе, қысқы уақытта сүт жинау азаяды. Өнім жетіспейді. Тұтынушылар құрғақ сүтті сатып алуға мәжбүр болады.

Менің ойымша, сүт өнімдері бойынша осы желтоқсан-қаңтар айларында шарықтау шегінен өтіп жатырмыз. Ақпаннан бастап сүт өндірісі молая түседі. Дегенмен, бәрібір өндіріске қажетті нәрселердің бағасы қалай қалыптасатынына байланысты, – дейді Владимир Кожевников.