×

Абайдың соғыстан қайтпаған ұрпақтары туралы тың деректер жарияланды

Зерттеуші шежірені 1988 жылдан бастап жинастырған

 Ая Өміртай 29.12.2022 | 16:52
Коллаж: Halyq Uni

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан семейлік жауынгерлердің қатарында ақын Абай Құнанбайұлының ұрпақтары да қатысқан. Олардың көбі соғыс майданынан оралмаған. Жуырда «Информ-Арна» баспасынан жарық көрген «Тобықты-Шыңғыстау шежіресі» энциклопедиясының VII томына Абай ұрпақтары туралы тың мәліметтер енгізілген. Семейлік зерттеуші Молдабек Жанболатұлы Абай ұрпақтарына қатысты деректерді 1988 жылдан бері жинақтағанын айтады. Halyq Uni тілшісі 86 жастағы қарияға хабарласып, деректерді қалай жинастырғанын сұрап білді.

Өзінің айтуынша, ол Әрхам Кәкітайұлымен жақсы таныс әрі көрші болған. Әрхамның әкесі Кәкітай (шын аты Ғабдұлхәкім), Абайдың туған інісі, Ысқақтың баласы. Кәкітайдың бәйбішесі Салихадан туған тұңғышы Әрхам қазақ салты бойынша атасы Ысқақтың бауырында өсіп тәрбиеленген.

Әрхам Ысқақов деген кісіні көрдім, ол – менің әкемнен үлкен адам. Көрші тұрдық. Кешкілікке үлкен ақсақалдар жиналып, далада отырып әңгімелесетін, дойбы, тоғызқұмалақ ойнайтын. Әрхам деген кісі тоғызқұмалақ пен дойбыдан Орталық Азия бойынша чемпион болған адам. Көп адам ақыл, кеңес, әңгіме сұрайтын. Өзі де жарқылдап, көп сөйлейтін кісі емес, бірақ қысқа ғана сөз айтып отыратын адам еді, – деп еске алды Молдабек ақсақал.

Әрхам Кәкітайұлы 1920 жылдан 1923 жылға дейін ол азық-түлік комитетінде, 1923 жылдан 1930 жылдарға дейін су шаруашылығы бірлестігінің төрағасы болып, онан соң кеңшарда учаскі бастығы болып жұмыс істейді.

«Бақанас деген жерде қырға су шығарып, егін салады. Поселок құрап шыққан. Оны артынан байдың баласы деп қуғындап, Өзбекстан жаққа қашып кетеді. Кейін 1939 жылы Мұхтар Әуезов Абайдың 100 жылдығында музей ашу керек деген сөз шыққан кезде Абайдың өмірін өте жақсы білетін және ұмытпай, өзгертпей айта алатын Әрхамды іздеп тауып алып, сол музейге қызметкер етіп қабылдатады. Семейдегі Абайдың мемориалдық музейі 1971 жылы қайтадан салынды, сол ауданда атқару комитетінің төрағасының орынбасары едім. Соған мен басшылық жасап, музейді қызыл кірпішпен қалап шықтық. Өзім сол өңірдің адамы болғаннан кейін өмір бақи Абайдың әңгімесі, Абайдың тіршілігі туралы естідік. Ал тікелей шежіре жинауым 1988 жылдан басталды», – дейді Молдабек Жанболатов.

Оның айтуынша, кеңес мектептерінде білім алып, тәрбиеленген Абайдың он шақты немересі мен шөбересі соғысқа аттанып, оралмаған. Абайдың шөбересі Ишағы Жағыпарқызы соғыста авиация технигі болған.

Абайдың ондаған ұрпағы соғысқа кетіп оралмаған. Тікелей ұрпағы Ишағы Жағыпарқызы Харбин маңында соғысқан. 2013 жылы қайтыс болып, өзінің тілегімен Ақшоқы деген жерде Құнанбай жатқан жерге қойылды, – дейді ол.

Кітапта Абайдың немересі Тоқташ Ізкәйілұлы соғыс даласында 1943 жылы қайтыс болғаны айтылады.

Сол сияқты ақын немерелері Құзайыр Мекайылұлы мен Қалышер Мекайылұлы бай тұқымы ретінде Фрунзеге жер аударылып, сонда әскер қатарына алынады. Қалышер Мекайылұлы 1942 жылы, ал ағасы Құзайыр Мекайылұлы 1945 жылы майданда қайтыс болған. Абайдың шөберелері Әлихан Әубәкірұлы соғыста хабарсыз кетсе, Берекехан Құтайбаұлы, Жошыхан Жағыпарұлы соғыста қаза тапқан.

Молдабек Жанболатов – 1936 жылы Шыңғыстауда туған. Оқу-ағарту ісінің үздігі, Журналистер одағының мүшесі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама