Halyq Uni логотип
×

ArtSport, бала құқығы және мәдени байқаулар: Қазақстанда балалар жылы қалай өтті?

Қазақстанда 6 млн астам бала бар

 Айнұр Шошаева 28.12.2022 | 10:01
ArtSport, бала құқығы және мәдени байқаулар: Қазақстанда балалар жылы қалай өтті?
Коллаж: Halyq Uni

Ел билігі 2022 жылды Балалар жылы деп жариялаған болатын. Halyq Uni Үкіметтің бұл жылды қалай өткізгеніне шолу жасап көрді. 

Еске сала кетейік, 2021 жылы 31 желтоқсанда Қазақстан халқын Жаңа жылмен құттықтау сөзінде президент Тоқаев 2022 жылды елімізде Балалар жылы деп жариялайтынын мәлімдеді. Аты айтып тұрғандай, осы жылы жас жеткіншектерге мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп, игіліктің бәрі солар үшін істелуі тиіс еді. 

Президент мәлімдемесінен соң Үкімет Балалар жылында жүзеге асырылатын іс-шаралардың жоспарын бекітті. Онда көзделген бірқатар мәселелер жүзеге асырыла бастады. 

Мәселен, аталған жоспарда ата-аналардың бала күтіміне байланысты демалысын 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұзарту мәселесін үкімет қарауына енгізу туралы жоспар болған. Таяуда президент қол қойып, заң жүзінде бекітілді. Биылғы Жолдауында Президент бұл тақырыпты көтеріп, аталған жаңашылдық 2023 жылдың 1 қаңтарынан жұмыс істеп бастайды. 

Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратына сәйкес, биыл ел аумағында балаларға арналған 1 691 нысан ашылды, оның 547 білім беру және қосымша білім беру нысаны, ал қалған 1 144 спорт, денсаулық сақтау және мәдениет нысандары.

Жергілікті атқарушы органдар Мемлекет басшысының 2026 жылға дейін 1000 мектеп салу жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында 2021 жылы 163 301 оқушы орнына (екі ауысымда) 277 мектеп пайдалануға берді. Бұдан әрі жұмыс «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында жалғастырылатын болады. 2026 жылға дейін 842 000 оқушы орындық жаңа 401 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда, – делінген министрліктің ақпаратында. 

Айта кетейік, биыл еліміздің әр аймағында Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер лауазымы пайда болды. Олар өңір әкімдерінің кеңесшілері және кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік комиссиялар төрағаларының орынбасарлары қызметін қоса атқарады. 

Сондай-ақ бұған дейін Қазақстанда болмаған халықтың әл-ауқат индексі әзірленді. Пилот нәтижелерін талдау көрсеткендей, көптеген аймақтардың әл – ауқатының орташа бағасы бар, оның ішінде 3 аймақ «қызыл аймақта» және 14 аймақ «сары аймақта». Индекстің барлық индикаторларын талдау нәтижелері бойынша балалардың әл-ауқатының орташа бағасы 55,3 құрайды.  Үкімет олардың әл-ауқатын арттыру жұмысын жалғастырамыз деп отыр. Әзірге елдегі тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілетін 10%-ға ғана өсті. Бүгінде оқушыларды тегін тамақпен қамтамасыз ету жұмысын өңір әкімдіктері әрқалай жүргізеді.

«Балалар үйлері тәрбиеленушілерінің контингенті азаяды. Министрлік балаларды балалар үйіне кіру мүмкіндігін қоспағанда, тәуліктің кез келген уақытында қабылдауға дайын асырап алушы кәсіби отбасыларды заңнамалық бекіту бойынша жұмыс жүргізуде. Аталған форма балаларға қажетті отбасылық өмір сүру жағдайлары мен күтімді қамтамасыз етеді, сонымен қатар балалар үйінің тәрбиеленушілерінің санын азайтуға мүмкіндік береді», – деп қосты министрлік. 

Ең бастысы, 2022 жылы ел бойынша  700-ге жуық жетім бала баспаналы болды. Министрліктің жыл сайын істеп жатқан «Мектепке жол» акциясы, оқушылар тасымалын ұйымдастыру, инклюзияны қолдау, олимпиада жеңімпаздарын марапаттау жұмыстары күшейтілді. Одан бөлек, балалардың құқығын қорғауға бағытталған шаралар күшейтілді. Мәселен, балалар арасындағы буллинг туралы жиі айтылып, тіпті тиісті заңға «баланы қорқыту» (буллинг) ұғымы енгізілді. Сондай-ақ буллингтің алдын алу жөніндегі қызмет тәртібін регламенттейтін қағидалар бекітілді. Тағы бір апат өтетін мәселе – Балалар жылында жеткіншектерді кітап оқуға баулитын жобалар көбейді. Мысалы, «Оқу мектебі» республикалық жобасы аясында балалар арасында оқырмандар қозғалысы жандандырылды. Бұл қозғалысқа 6400 кітапханашы мен 3,4 млн оқушы жұмылдырылды. Тек биыл 3,7 млн дана балалар көркем әдебиеті сатып алынып, 1 656 coworking-орталығы ашылды;

6,6 МЛН БАЛА ТЕГІН МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК АЛДЫ

2022 жылы елімізде балаларға медициналық көмекті қаржыландырудың жалпы сомасы 560 млрд. теңгені құрады. Бүгінде 6,6 млн бала әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін медициналық көмек алады. 
Елімізде балалар дәрігерлері тапшы екені жиі айтылып жүр. Балалар жылында бұл олқылықтың орнын толтыру үшін 1500 грант бөлінді. Сондай-ақ елімізде 2022-2023 жылдарға арналған неонаталдық хирургияны одан әрі дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленді және бекітілді. Оған қоса 2022-2024 жылдарға арналған балалар онкологиялық және гематологиялық көмегін жетілдіру бойынша Жол картасы әзірленді. 
 «2022 жылы амбулаториялық деңгейде 118 млн. балаларды консультациялық-диагностикалық қабылдау жүргізілді, тәулік бойы стационар жағдайында  576 мың бала емделді, балаларға 100 мыңнан астам ота жасалды», – деді Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Вячеслав Дудник.

Оның айтуынша, биыл балаларды скринингтермен қамту 3-тен 12% - ға дейін ұлғайды. Оның ішінде неонатальды скринингтік қамту 91%, аудиологиялық 75%, психофизикалық 86%, офтальмологиялық 92% құрады.

Айта кетейік, Қазақстанда емдеу мүмкін болмаған жағдайда, балалар «шетелде емдеу» бағдарламасы аясында ем ала алады. Биыл 71 бала гемопоэтикалық бағаналы жасушаларды трансплантациялау, электропарацияны қолдана отырып склероздау, радионуклидтік терапия және т.б. бағыттар бойынша шетелдік клиникаларға жіберілді. Ол үшін бюджеттен 1 млрд теңгеден астам сома төледі. 

Бүгінде Қазақстан Орталық Азияда туғаннан бастап кардиохирургиялық операциялар жүргізілетін жалғыз мемлекет.

2022 жылдың 11 айында туа біткен жүрек ақауы бар балаларға 1800 ашық жүрекке ота жасалды, оның 75%-ы бір жасқа дейінгі балаларға жасалды. Мастер-класс шеңберінде Германия мен Түркиядан шетелдік мамандарды тарта отырып, күрделі ақаулары бар 24 балаға операция жасалды.

СПОРТТЫҚ СЕКЦИЯЛАРҒА БӨЛІНГЕН ҚАРЖЫ ҚОЛДЫ БОЛДЫ

Балалар жылының басты жаңалығы Artsport бағдарламасы еді. Өткен шақта айтуымыздың себебі, басталмай жатып аяқталды. Бір жыл бойы бағдарламаға деп бөлінген қаржы небәрі 3-4 айға жетті. Қазір Бас прокуратура мен Антикор оған бөлінген қаржының әр тиынын тексеріп жатыр. Нәтижесінде спорттық секциялар мен мәдени үйірмелерді кәсіби біліктілігі сәйкес келмейтін тұлғалардың жүргізгенін анықталды. Тіпті олардың арасында бұрын жезөкшелікпен айналысқаны үшін жауапкершілікке тартылған азаматтар да болған. 

Бас прокуратураның тапсырмасымен Алматы қаласында бағдарламаға қатысты тексеру жүргізіліп жатыр. Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары Нұрсұлтан Рақышев ArtSport бағдарламасы бойынша 6 қылмыстық іс қозғауға негіз барын мәлімдеді. 

Біреуінің материалдары алынып, қылмыстық іс қозғалды. Қалғанына аудит, тиісті сараптамалар тағайындадық. Бірнеше миллион бюджет қаражатын жымқыру анықталды. Мұнда бюджет қаржысын ұрлау үшін нақты схема қолданылғанын көріп отырмыз. Біз осы бағдарламаның жұмысын қолданыстағы заңнамаға сәйкес реттеуіміз керек, – деді Нұрсұлтан Рақышев.

Сонымен қатар, ол бүгінгі күні прокурорлық қадағалау актілері енгізілгенін атап өтті.

«Бұған дейін спорт секциялары мен үйірмелерде бұрын сотталған және түрлі қылмыс үшін жауапқа тартылған 10-нан астам жаттықтырушы сабақ бергені туралы айтқанбыз. 3 мыңнан астам бала шетелде болса да, қағаз жүзінде үйірмеге тіркелген, 5мың сабақ өткізілмеген. Бұл ретте, еңбек шарттарын жасаспаған, зейнетақы аударымдары жүргізілмеген жаттықтырушылардың өздеріне қатысты да еңбек құқықтарының бұзылуына жол берілген. Бірнеше млн доллар залал келтірілді. Тексеру әлі жалғасып жатыр», – деп қосты прокурор. 

Оның мәліметінше, тек Алматыда тіркелмеген балалар мен жалған қызметтер үшін бюджеттен 2,5 млрд теңгеден астам қаржы төленген екен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама