×

«Арзан несие беріп, жалақыны көтеру керек». Энергетикалық дағдарыстан қалай шығуға болады?

Заңды тұлғалар халықтың жылу ақысының жартысын төлеп отыр

 Айнұр Шошаева 27.12.2022 | 10:06
Коллаж: Halyq Uni

2022 жыл Қазақстан энергетикасы үшін сынаққа толы жыл болды. Еліміздің әр өңірінде энергия өндіруші нысандар апаттық жағдайда істен шығып, төтенше жағдай орын алды. Одан келтірілген шығын миллиардан асады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Биыл Қазақстандағы электр энергиясын өндіруші нысандардағы апаттық тоқтатулар (істен шығу) саны 22% артқан. Бүгінде еліміздегі өндіруші қуаттардың тозуы шамамен 60% құрайды. Елдегі жылу электр орталықтарында бірінен соң бірі апат болып, тіпті тұтас қаланың жылусыз қалуына әкелді. 

Алдымен 20 наурызда Петропавлдағы ЖЭО-ның түтін шығатын мұржалардың бірі опырылып құлады. Апат кезінде 1984 жылғы жұмысшылардың бірі үйінділердің астында қалып, көз жұмды. Аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, орталықтың директорымен бас инженері қамауға алынды. Тура бір аптадан соң Степногорск қаласының ЖЭО-да да апат болды.  Бұған қоса, 5 қараша күні Риддер қаласындағы ЖЭО-ның күл шығару жүйесіндегі жылу станциясында сорғы істен шықты. Нәтижесінде қаладағы 22 мыңнан аса абонентке жылу беру азайтылды. Қараша айында Арқалықтағы жылу орталығында жарылыс болғаны туралы ақпарат тарады. Сондай-ақ биылғы жылдың ең ірі апаты 27 қараша Екібастұз қаласында болды. Соның салдарынан тұтас қала халқы жылусыз қалды. Апаттан бері бір ай уақыт өтсе де, қаладағы үйлерлер әлі жылынбай жатыр. 

Аталған апаттан кейін Қазақстан қоғамында энергетика саласындағы проблемалар туралы айтыла бастады. Атап айтқанда елдегі энергия өндіруші нысандардың тозғаны туралы мәселе көтерілді. Энергетика министрлігінің мәліметінше, еліміздеші жылу электр орталықтарының көбі өткен ғасырдың ортасында салынған, бүгінде олардың орташа жасы 61 жылды құрайды. Сондай-ақ ЖЭО-дағы жабдықтардың тозуы 66%-ға жеткен. Тозып, апаттық жағдайда тұрған нысандарды жаңғыртуға қомақты қаржы керек. Алайда олардың көбі жеке меншікке өтіп кеткен әрі кәсіпкерлер ақша салуға асығар емес. 

Қазір сала мамандары елдегі энергия бағасына назар аудара бастады. Қуат өндіруші нысандардың жөндеу, жаңғырту үшін энергия бағасын көтеру туралы біраз уақыттан бері айтылып келеді. Әңгіме коммуналдық қызметтердің бағасын көтеру туралы болып отыр. 

Жалпы, еліміздегі энергетикалық саясатты бірнеше уәкілетті орган жүргізеді. Мысалы, Энергетика министрлігі стансалардың жұмысына жауапты. Ал жылу желілері әкімдіктерге берілген де, оларды дамытумен Индустрия және инфрақұрылымды даму министрлігі айналысады. Сондай-ақ жылу мен энергияның тарифін Ұлттық экономика министрлігі бекітеді. Экология министрлігі көмір генерациясын, яғни зиянды шығарындыларды азайтуды көздейді. 

«ЭНЕРГЕТИКАҒА ТӨМЕН НЕСИЕ ЖОҚ»

Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының төрағасы Талғат Темірхановтың пікірінше, үкімет жылдар бойы энергетикалық саясатты сауатты жүргізбегендіктен, қиын жағдайда қалып отыр. Энергетика министрлігі елде жылу энергиясына тапшылық барын біледі және жаңа нысандар салып, жұмыс істеп тұрған қуат көздерін жаңғырту мүмкіндіктерін іздестіріп жатыр. Ал Экология министрлігі шығарындылардың азайтуды талап етеді. Себебі 2021 жылы жаңа Экологиялық кодекс күшіне енді. Бұдан бөлек, Қазақстан Климат жөніндегі Париж келісіміне қол қойды. Оған қол қоя отырып, мемлекет өз аумағындағы шығарындыларды қысқарту бойынша міндеттеме алды. Ал еліміздегі қуат өндіруші нысандардың жартысынан көбі көмірмен жұмыс істейді. 

Бізге энергетика саласынды бірыңғай саясат керек. Қалалар үлкейіп жатыр. Газ  жоқ, болса да ол экспортқа кетіп жатыр. Экспорттық баға ішкі бағаға қарағанда қымбат болғандықтан, оны ала алмаймыз. Яғни, көмірден басқа бізде ештеңе жоқ. Мұндай жағдайда энергетиканы дамыту қиын. Нысандар жылдан жылға тозып келеді, – деді Темірханов. 

Оның айтуынша, энергетикалық нысандарға жөндеу жүргізу үшін несие алу проблема болып отыр. Себебі банктер тариф бойынша жеті жылдық болжамы жоқ компанияларға несие бермейді. 

Энергетикада төмен пайызбен бір мезгілде миллиардтап қаржы алып, 5-7 жылдың ішінде қайтаратын бірде-бір бағдарлама жоқ. Мәселен, автоөнеркәсіпте 4 пайыздық несиелендіру бар. Сондай-ақ тұрғын үй секторында 7-20-25 бағдарламасы табысты жұмыс істеп тұр. Бизнеске де төмен пайызбен несие бар. Ал біздің салада ондай мүмкіндік жоқ, – деп қосты спикер. 

Сонымен бірге, энергонысандарға қажетті құрал-жабдықтардың 80% Ресейден әкелінетінін айтып отыр. 

«Сырттан келетін жабдықтардың бағасы 40% пайызға қымбаттады. Құралдар металл мен металл конструкцияларынан тұрады. Биыл металл құралдары 50% қымбаттады. Алайда өндірістік құрал-жабдықтар елдің инфляциялық болжамында ескерілмейді. Инфляциялық болжам тек 40 өнім түрі бойынша есептеледі. Яғни құрал-жабдықтар қымбаттауда, бұл жөндеу жұмыстарына әсер етеді», – деді сарапшы. 

Саладағы тағы бір өзекті мәселе – жалақының төмендігі. Соның салдарынан кадр тапшылығы болып отыр. 

«Екібастұздағы төтенше жағдай болғанда біз апаттық бригаданы жасақтай алмадық. Себебі «Екібастұз жылуэнерго» АҚ тарифында жылу жүйесінде істейтін жұмысшылардың жалақысы 80 мың теңге. 80 мың теңгеге тәулік бойы 30 градус аязда кім істейді? Астанада жұмысшылар одан төрт есе көп алады. Жалпы, салада кадр тапшылығы бар. Батыс өңірлерде энергетикаға келген мамандар біраз істеп, мұнай-газ саласына кетіп жатыр. Себебі біздегі орташа жалақы 240-250 мың теңге деңгейінде болса, мұнай саласында 400-ден жоғары. Яғни, біз жалақы мәселесінде мұнай-газ саласымен бәсекелесе алмаймыз. Солтүстік өңірлердегі мамандар Ресейге жұмысқа кетіп жатқанын байқауға болады», – деді қауымдастық басшысы. 

«МЕМЛЕКЕТ ТАРИФТІ РЕТТЕУІ КЕРЕК ПЕ?»

«Қазір мемлекет елімізде телекоммуникация мен авиация бағасы реттеуге араласпайды. Нәтижесінде тәп-тәуір өнімдерін ұсынып, тұтас сала дамып жатыр. Есесіне жылу, энергия жүйесі мен теміржол тасымалын реттеп отыр. Бұл екі саланың қайсысын алсаңыз да, оңып тұрған жоқ. Мәселен, қазір 70 шаршы метр пәтердің жылуы үшін абонент 7000 теңге, ал интернет үшін айына 7500 теңге төлейді. Технологиялық ауыр процесс үшін төлем арзан. Ал көмірдің бағасы бізде реттелмейді, ол да жылдан жылға қымбаттап келеді», – деген пікірде спикер. 

Сондай-ақ ол энергетика саласы үшін дәл қазіргі басты міндет – жалақыны көтеріп, кадрды сақтау, тозған стансаларды жаңғырту. 

«Біз қазір алдымыздағы міндеттің басымдығын нақтылап алуымыз керек. Экологиялық кодекстің талаптарын орындаймыз деп, тұтынушылардың энергиясыз қалдырамыз ба? Меніңше, тариф бірден көтерілмейді, бірақ біртіңдеп енгізіледі. Себебі қазір елдегі әлеуметтік экономикалық жағдайды біле тұра бірден көтеруге жол берілмейді. Сондықтан 2-3 жылдың ішінде кезең кезеңмен көтерілуі мүмкін. Әрі оған дайын болуымыз керек. Тарифті тек көтеріп қоймай, атаулы әлеуметтік көмекті енгізу қажет. Мысалы, Атырауда электр энергиясын сатып алу құны 12 теңге бола тұра, жеке тұлғалар 6 теңге төлейді заңды тұлғалар 30 теңге төлейді. Яғни заңды тұлғалар жеке тұлғалар үшін арзан тарифті субсидиялайды. Бұл саралауды алып тастау керек», – деді Темірханов.

Оның пікірінше, заңды тұлғаларға тарифті төмендетіп, жеке тұлғалар үшін көтеру қажеттігіне назар аударды. 

Жеке тұлғалардың ішінде көпбалалы отбасылар, зейнеткерлер мен банкирлер және т.б. азаматтар бар. Бүгінде көпбалалы отбасы үшін де, банкир үшін бірдей 6 теңгеден субсидияланады. Әлеуметтік аз қамтылған азаматтар үшін атаулы көмек қарастыруға болады деп ойлаймын. Біз бұл тәжірибені пандемия кезінде іске асырдық. Сол кезде абоненттердің шоттарына 15 мың теңгеден ақша аудардық. Кейбір абоненттерге бұл қаржы бірнеше айдың төлемін жабу үшін жеткілікті болды. Алайда бұл моделге көшу үшін батыл шешім керек, – деп толықтырды Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының төрағасы.

Айта кетейік, елімізде Төмен көміртекті даму бағдарламасы бар. Соған сәйкес, 2040 жылдан бастап Қазақстан көмір генерацияларынан бас тартуы қажет. 

«Мен тозған стансалардың барлығын жаңғыртудың қажеті жоқ деп есептеймін. Себебі Экология министрлігі әзірлеген бағдарламаға сәйкес, 2040 жылдан бастап біз көмірмен жұмыс істейтін стансаларды жабуымыз керек. 15 жыл ғана пайдаланып жауып тастау үшін миллиардтап қаржы жұмсау қажет пе? Күні кеше апат болған Екібастұздың ЖЭО жөндеп, төмен көміртекті бағдарламамыз бар еді деп, 2040 жылы оны жауып тастаумен бірдей. Сондыөтан, әрі қарай пайдалануға келмейді деген стансаларға ақша салудың мәні жоқ, оның орнына жаңа станса салған дұрыс болар еді», – деп қорытындылады Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының төрағасы Талғат Темірханов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама