Halyq Uni логотип
×

«Ағаш материалдары экспорты 74 есе көбейіп кетті». Алайда заңда оны шетелге сатуға тыйым салынған

Он жылдан бері Қазақстаннан ағаш материалдарын шетелге шығаруға тыйым бар

 Ербол Тұрымбет 23.12.2022 | 12:40
«Ағаш материалдары экспорты 74 есе көбейіп кетті». Алайда заңда оны шетелге сатуға тыйым салынған
Коллаж: Halyq Uni

2012 жылдан бері Қазақстаннан шығатын ағаш материалдарының, қалпына келтірілетін қағаздың, картонның, макулатураның жекелеген түрлерін сыртқа шығаруға тыйым салынған. Сол уақытта Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Кедендік одақ аясында тарифтен тыс реттейтін шара қолданудың жалпы ережелерінен алынып тасталған. Атап айтқанда, Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының 2012 жылдың 16 тамызындағы «Тарифтен тыс реттеу саласындағы нормативтік құқықтық актілер туралы» №134 шешімі осы мәселені реттейді.

Оған қоса, ресейлік ағаш материалдарының реэкспортына жол бермес үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің «Ағаш материалдарының жекелеген түрлерін әкетуді реттеудің кейбір мәселелері туралы» 2022 жылғы 7 желтоқсандағы № 690 бұйрығына сай, 2019 жылдан бері ағаш материалдарын шыққан еліне қарамастан сыртқа шығаруға тыйым бар. 

Бұдан бөлек, Еуразиялық экономикалық одақтың Сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасында 4401, 4403, 4404, 4406 және 4407 кодымен көрсетілген ағаш материалдарын әкетуге алты ай мерзімге тыйым салынғаны хабарланды. 2022 жылдың 9 желтоқсанында күшіне енген бұйрық 2023 жылдың 9 маусымына дейін жалғасады.

Яғни, Қазақстанның ішкі заңнамасына да, Еуразиялық одақ заңнамасына да сай, елден ағаш материалдарын сыртқа шығаруға болмайды. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, бұл заң сақталып, қазір елден ағаш материалдары сыртқа сатылып жатқан жоқ. Бұл айтылған мәліметті ресми статистика да растап отырғанын жеткізді.

Сонымен бірге, РФ Үкіметінің қаулысымен Ресей территориясынан шығатын ағаш материалдары тек теміржол арқылы ғана белгілі бір өткізу пункттеріннен шығады. Онда да «ЛесЕГАИС» жүйесі арқылы бақыланып отырады. Ал қазақстандық ағаш материалдарының РФ аумағы арқылы тасымалдануы тіпті қарастырылмаған.

Заңмен тыйым салынған тыйым мен ресми статистикада көрінбегенімен, шын мәнінде Қазақстаннан ағаш материалдарын экспорттауды жалғастырмақ түгілі, тіпті күрт көбейіп кеткен. Белорусь зерттеу орталығы Белорусь ағаш материалдарын ЕО-қа жасанды құжаттармен жеткізіп жатқаны жайлы мақала жариялады. Мақалада 2022 жылдың наурыз айында ЕО беларусьтің өңделген ағаш өнімдерін импорттауға тыйым салғанын, соның салдарынан Беларусь ағашының ЕО-ға жеткізілуі маусым айынан бастап 30 еседен астам азайып қалғаны айтылған. Есесіне, осыдан кейін ЕО Қазақстаннан ағаш материалдарын сатып алуды 74 есе, ал Қырғызстаннан импортты 18 мың есе көбейткен. Бұл туралы Eurostat мәліметінде де келтірілген. Алайда, жоғарыда айтылғандай, Сауда және интеграция министрлігі бұл мәліметтен хабарсыз болып шықты. Ресми деректе Қазақстаннан ағаш материалдары сыртқа шығарылмағаны айтылады. 

Айта кетейік, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметінше, мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 01.01.2022 жылғы жағдайы бойынша 30552,5 мың га, ол республика аумағының 11,2%-ын алып жатыр.

Орманмен қамтылған жерлер 13635,3 мың га-ды немесе орман қоры жерлерінің жалпы ауданының 44,6%-ын құрайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама