«Алдағы 5-6 жылда Ресеймен арада ірі жобалар қалмайды». Қазақстан Ресейден алшақтап жатыр ма
Алайда азық-түлікті сатып алатын Ресейден басқа ел жоқ
Украина мен Ресей арасындағы қарулы қақтығыстың жүріп жатқанына он айға жуық уақыт болды. Ол Қазақстан экономикасына жан-жақты тікелей және жанама қиындықтар тудырды. Транзиттік кедергілерден бөлек өндіріс тізбегінің үзілуі бизнестің кей түрінің бәсеңдеуіне себеп болды.
Үкімет бұл мәселені шешу үшін жыл басынан бері не істеді және 2023 жылы бизнес осы қиындықпен тағы да бетпе бет қала ма? Сарапшы Айбар Олжаевтың айтуынша, Қазақстан Ресейден бірдіндеп қашықтай береді.
5-6 ЖЫЛДА РЕСЕЙМЕН БІРЛЕСКЕН ІРІ ЖОБАЛАР ҚАЛМАЙДЫ
Биыл Ресеймен арада сауда 5 пайыз өскенімен, соның ішінде Ресейдің Қазақстаннан импорты көбейіп келеді. Оның себебі Ресей санкциялық тауарларды Қазақстан арқылы параллель импорттап жатыр. Оның ішінде теледидар, смартфон, ноутбук, компьютер секілді техника бар.
«Келешекте Қазақстан транспорттық-логистикалық шешімдер қабылдағанда Ресейге қатысты қатерлерді ескеретін боламыз. Бұл Ресей үшін жағымды жаңалық емес. Себебі санкцияға ұрыну қаупі болғандықтан, біріккен жаңа ірі жобаларды бастамайтын боламыз. Оның нақты жемісі 5-6 жылдан кейін белгілі болады. Өйткені қазіргі жобалар оған дейін бітеді, енді жаңа жобалар басталмайды. Қазақстан кәсіпкерлері енді ірі жобаларды Қытай, Өзбекстанмен, Әзірбайжанмен жасайды, Ресей нарықтан ығыстырылып шыға бастайды», – дейді Айбар Олжаев Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОМПАНИЯЛАРДЫҢ БІЗДІҢ АЙМАҚҚА ДЕГЕН СЕНІМІ АЗАЙДЫ
Таяуда қазақстандық McDonalds жылдам тамақтану мейрамханалары желісіне Ресейден келетін ет тоқтап қалған еді. Бұл қазақстандағы шетелдік франшизалардың да Ресей арқылы жұмыс істеп отырғанын көрсетеді.
«Ресей мен Қазақстандағы McDonalds желілеріне өндірістік көлемде ет өнімдерін жеткізетін Мироторг атты компания. Әлемдік франшизалар бір кездері Қазақстанға Ресей арқылы кірді де, қазір Қазақстан шетелдік компаниялармен тікелей жұмыс істей алмай отыр», – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, қазір Ресейден кетіп жатқан халықаралық компаниялардың тек Ресейге емес, жалпы біздің аймаққа деген сенімі азайды.
Халықаралық компаниялардың біздің аймаққа деген сенімі азайды. Санкциядан бөлек ұлттық валюталардың девальвациясы бар. Девальвация болған кезде халықаралық компаниялардың доллармен табысы азаяды. Халықтың төлем қабілеті де азаяды. Осының барлығы олардың (халықаралық компаниялардың – ред.) «бұл аймақ бізге қаншалықты керек?» деп күмәндауына түрткі болды, – дейді сарапшы.
РЕСЕЙМЕН БАЙЛАНЫСТЫҢ ҮЗІЛУІ ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЛТАСЫНА САЛМАҚ САЛАДЫ
Сарапшының айтуынша, Қазақстан азық-түлік импортында Ресейге тәуелді және оны алмастыратын ел жоқ. Мәселен, Түркияның азық-түлік экспортындағы тағам түрлері Ресейдікінен басқа. Қытайдың да тағам түрлері де біздің сұранысқа сай емес. Бұл елдер Ресей ұсынған рационарды ұсына алмайды, сол үшін солтүстіктегі көршіні алмастыру қиын.
«Дегенмен, қант пен құс етінен Үндістан көмектесті, ет жағынан Моңғолиямен қарым-қатынас орнату керек. Бірақ еттің де өз стандарттары бар. Мәселен, жылдам тамақтану орындарында пайдаланылатын етті тиісті стандартпен өндірістік көлемде шығаратын зауыт Моңғолияда жоқ, сондықтан қазір McDonalds қымбат болса да тікелей шығыс Еуропаның зауыттарынан алуға көшіп жатыр», - дейді Айбар Олжаев.
Сарапшының айтуынша, көптеген бизнес осылай көшетін болады, нәтижесінде бұл халықтың қалтасына тағы салмақ салады.
КАСПИЙ ҚҰБЫР КОНСОРЦИУМЫН АЛМАСТЫРАТЫН БАЛАМА ЖОҚ
Айбар Олжаевтың айтуынша, Ресей транзитін алмастыра қоятын да Қазақстанда басқа жол жоқ.
«Каспий құбыр консорциумында (КҚК) ойда жоқта проблема басталғалы бері 2022 жылғы мұнай өндірісінің жоспарын қайта қарауға тура келді. Атап айтқанда, 2,5 млн тоннаға азайды. Бірақ бұл айтарлықтай көп емес. Қазақстан мұнай тасудың баламалы жолдарын іздей бастағанымен, бүгінге дейін айтарлықтай жетістікке жеткен жоқ. Баку-Тбилиси-Джейхан жолымен келесі жылға 1,5 млн тонна тасымалдауға келісімшарттар жасалды. Алайда бұл КҚК арқылы жіберетін 67 млн тоннамен салыстырғанда аз», - дейді.
Сонымен қатар ТШО Финляндияға темір жолмен жіберілген 1 мың тонна жіберді, Баку-Тбилиси-Джейхан жолымен тағы байқап көрді, Қытай бағытындағы тасымалдың көбейетіні айтылды, бірақ оның өзінің шекті қуаттылығы бар, одан аса алмайды.
«Қалай дегенде де, Қазақстан мұнайын тасымалдауда Каспий құбыр консорциумын алмастыра қоятын балама жоқ. Осы құбыр айналасындағы қатерлер Қазақстанның егемен рейтингінің де төмендеуіне әсер етіп жатыр. Нақтырақ айтқанда, рейтинг «тұрақтыдан» «теріске» ауысты. КҚК тоқтап қалатын болса, Қазақстан өз мұнайын сыртқа сата алмай қалады», - дейді сарапшы.
КАСПИЙ АРҚЫЛЫ КОНТЕЙНЕРЛІК ТАСЫМАЛДА НӘТИЖЕ БАР
«Мұнайдан бөлек контейнермен тасымалданатын басқа да тауарлар бар. Транскаспий халықаралық көлік дәлізі (ТХКД) Қазақстаннан Каспий теңізі арқылы Әзербайжанға, ары қарай Түркия арқылы Еуропаға контейнермен тасымалданатын тауар тасиды. Осы бағытта біз қазір жақсы жұмыс істеп жатырмыз. ТХКД-ның қазір қолда бар барлық қуаттылығын игердік. Бірақ мұның өзінде Әзербайжан тарапы мен Ақтаудағы Құрық порттардың қуаттылығы төмен, көп жүк өткізе алмайды. Сонымен қатар Қазақстанда танкерлер флоты жеткілікті деңгейде емес. Сол үшін келер жылы контейнер таситын танкерлер алатын боламыз», - дейді ол.
Айбар Олжаевтың айтуынша, 2023 жылы Қазақстан тасымал бағытын әртараптандырумен айналысуы керек. Биылдың өзінде контейнерлік тасымал бойынша жетістікке жетті деуге болады.
Оңтүстік дәліз бойынша да үлкен келіссөздердің жүріп жатқанын айту керек. Бұл – Түркіменстан мен Иран бағыты. Түркіменстан қарсы емес болуға тиіс, ал Иранның өзінің Ресеймен «солтүстік-оңтүстік» жолы бар, соны дамытуға мүдделі. Дегенмен осы оңтүстік дәліздің де болашағы бар екенін ескерген жөн, - дейді ол.
«Жалпы, 2023 жылы осы бағыттағы ізденістер жалғасады. Одан бөлек Ресейдің де ауанын байқау керек. Ресейдің соғысының қашан тоқтайтыны, ондағы режимнің қашан ауысатыны біз үшін өте маңызды. Егер Ресей соғысты тоқтатып, санкциялар алынып, олардың бізге көзқарасы дұрысталса, КҚК арқылы тасымал ең дұрысы, арзан. Тіпті Баку-Тбилиси-Джейханның өзі бізге салыстырмалы түрде қымбат», - дейді сарапшы.