Отбасы банкі мен БЖЗҚ-ны дүрбелең күтіп тұр

Ербол Тұрымбет

Салымшылардың баспана үшін берген өтініштері көбейіп барады

коллаж: Halyq Uni

Былтыр желтоқсанның 3-і күні зейнетақы қорындағы артық жинағын шешіп алуға қатысты ең көп өтініш тіркелді. Бір күнде 16 мың өтініш оған дейін болмаған. Әдетте күніне орта есеппен 2 200 өтініш қабылдайтын банк үшін ол да тым ауыр тиді. Салымшылардың артық жинағын шешіп алу қарқыны әлдеқайда бәсеңдегенімен, бәрібір бұрынғы қалыпты күйіне оралмаған. Банк пен қордың мәліметтеріне қарап, өтініштердің ай сайын ұлғая түскенін көруге болады. 

«ОТБАСЫ БАНККЕ» ӨТІНІШ ӘДЕТТЕГІДЕН КӨП ТҮСІП ЖАТЫР

«Отбасы» банкі берген мәліметтерге қарағанда, апта басынан бері күніге 3-5 мың аралығында өтініш келіп жатыр. Мысалы, дүйсенбіде жалпы көлемі 5 млрд теңгеге 3 мың өтініш, сейсенбіде 11 млрд теңгеге жуық қаражатқа 5 мың өтініш берілген. Сәрсенбі, бейсенбі күндері де 6-7 млрд теңгегеге 3 мың өтініштен келіп отырған. 

Өтініштің басым көпшілігі қазақстандықтардың үй жағдайын жақсартуды көздейді. Барлығы 581 мың өтініштің (2,278 трлн теңге) 445 мыңы (2 трлн теңгеден астам) соған бағытталған. Қалғаны емделу үшін шешіп алғандар. 

Ал БЖЗҚ мәліметінше, салымшылар өтінішін орындау көрсеткіші ай сайын өсіп барады. Айталық, былтыр 27-желтоқсандағы жағдай бойынша, тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін салымшылардың 710 мың өтініші орындалды. Уәкілетті оператор банктерде ашылған қазақстандықтардың арнайы шоттарына 2,4 трлн теңгеден аса қаржы аударған. Ал желтоқсан соңына дейінгі бір апта ішінде жалпы көлемі шамамен 100 млрд теңгені құрайтын тағы 25 мың өтініш орындалған. 

Енді биылғы ай сайынғы көрсеткіштерін қарайық. Өтініштер саны бойынша қаңтар айында 46 мың, ақпанда 86 мыңнан асқан. Аударылған қаражатқа келсек, қаңтарда 100 млрд-қа жетпесе де ақпанда 200 млрд теңгені құрап отыр. Наурызда қарқын тіпті үдей түскен. Ай басталғалы 9 күнде 57 мыңнан астам отандасымыздың өтінішіне 50 миллиард теңгеден астам қаражат берілген. 

БЖЗҚ сайтындағы соңғы мәліметте баспана жағдайын жақсарту мақсатымен 1,5 млн-ға жуық өтініш беріліп, оның 925 мыңнан астамы орындалғаны, ал төленген қаражат 2 трлн 750 млрд теңгеден асқаны көрсетіліп тұр.

29 НАУРЫЗҒА ДЕЙІН МҮМКІНДІК БАР

Дегенмен бұл әлі дүрбелеңнің соңы емес секілді. Себебі ақпан айы үшін зейнетақы жарналары БЖЗҚ-ға енді түсе бастады. Ол заң бойынша әр айдың 25-іне дейін төленіп болуы тиіс. Жұрт соны күтіп отырғандықтан, наурыздың аяғына қарай «Отбасы банкі» мен БЖЗҚ-ны тағы бір сын сағаты күтіп тұрғаны анық.

«Отбасы банкі» өкілдерінің сөзінше, Enpf-otbasy.kz порталында өтініш бергенде банк оны ең арысы 2 күн ішінде қарастырады. Сосын ол БЖЗҚ-ға жіберіледі. Демек, баспана жағдайын жақсартуға, емделуге не басқа да мақсаттар үшін наурыздың 29-ына дейін өтініш беріліп болуы тиіс. Сөйтіп, наурыздың 31-ін қоса алғанда, осы күнге дейін түскен барлық өтініш зейнетақы жинағындағы жеткіліктілік шегінінің бұрынғы тәртібімен қарастырылады.