Қор нарығы үшін қиын жыл: Биыл қазақстандық бір компанияның ғана акциясы қымбаттады

Бауыржан Мұқанов

Жыл басынан бері Amazon акциясы 95% құлдырап кетті

Коллаж: Halyq Uni

Қазақстан қор биржасы үшін 2022 жыл түрлі сын-қатерлермен қатар бірқатар мүмкіндіктерге толы болды. KASE мәліметінше, 2022 жылдың қаңтар-қазан аралығында қор биржасындағы сауда көлемі  65,1% өсіп, 214,3 трлн теңгеге жетті. Көрсеткіш долларлық мәнде 53,4% өсіп отыр.

Дегенмен, қор нарығындағы сауданың басым бөлігі валюта саудасына тиесілі. Жыл басынан бергі он айда ақша нарығы өткен жылдың он айымен салыстырғанда 67,9% көбейіп 190,2 трлн теңге болды. Яғни, биылғы биржадағы сауданың 88,7%-ы ақша нарығына тиесілі.

ҚОР НАРЫҒЫ ҮШІН ҚИЫН ЖЫЛ

Құнды қағаздарға келетін болсақ, қаңтар-қазан аралығында 97,2 млрд теңгенің акциясы сатылды. Акция нарығы былтырғы осы уақытпен салыстырғанда айтарлықтай 50,7% төмендеген. Соның ішінде 1 млрд теңге алғашқы шығарылым болса, 96,3 млрд теңге қайталама нарықтағы, яғни саудада бұрыннан бар акциялар, тағы 22 млрд теңге KASE Global аясындағы шетелдік компаниялардың акциялары.

Инвестициялық қорлардың бағалы қағаздарында жағдай бұдан да қиын. Сауда көлемі 79,9% құлдырап, бар болғаны 6,8 млрд теңгені құрады.

Есесіне корпоративті облигация нарығында жағдай біршама жақсы. Сауда көлемі 12,5% көбейіп, 1,7 трлн теңгеге жетті.

Қазақстан қор биржасындағы акциялардың индикаторы жыл басында 3585,86-дан 15 қарашада 3061,22-ге төмендеді. Көктемде айтарлықтай құлдырағанымен, сәуірде қайта көтеріліп, жаз ортасына қарай қайта көтерілір, тұрақталды.

ҚАЙ КОМПАНИЯЛАР ҚЫМБАТТАП, ҚАЙСЫЛАРЫ АРЗАНДАДЫ?

Жекелеген құнды қағаздарға тоқталар болсақ, қазақстандық компаниялар ішінде «ҚазТрансОйл» АҚ акциясы 2022 жылдың 5 қыркүйегінде 1070 теңге болса, 15 қарашада 615 теңгеге дейін 44% арзандаған.

Kaspi.kz акциясы да 49 429 теңгеден 31 703 теңгеге дейін айтарлықтай құлдырады.

Сонымен қатар «Қазақтелеком» АҚ акциясы 26%, KEGOC акциясы 4,8%, KCELL акциясы 4,4%, «ҚазАтомӨнеркәсіп» АҚ акциясы 19% арзандады.

Акциясы қымбаттаған жалғыз компания – Центркредит банкі. Оның акциясы жыл басынан бері 405 теңгеден 614 теңгеге қымбаттады.

Шетелдік компанияларға келер болсақ, былтырдан бастап қазақстандықтар KASE Global арқылы америкалық алпауыт компаниялардың акцияларын сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

2022 жылдың бірінші жартыжылдығында, Қазақстан қор биржасының мәліметінше, қазақстандықтар KASE Global секторында жалпы сомасы 18,1 млрд теңгеге америкалық компаниялардың 446 235 акциясын сатып алған. Атап айтқанда, ең көп Airbus акциясы сатылған. Отандастарымыз жарты жылда жалпы құны 9,9 млрд теңгеге осы компанияның акциясын алды. Одан кейін қазақстандықтардың қызыққан құнды қағазы Intel Corporation акциясы. Жалпы құны 1,2 млрд теңгенің акциясы сатылған. Үшінші орында Advanced Micro Devices, Inc. Акциясы үшін қазақстандықтар 704,3 млн теңге төлеген.

Қазіргі уақытта KASE Global секторында шетелдік эмитенттердің 45 бағалы қағаздары саудаланады. Солардың ішінде биыл жыл басынан бері ең көп қымбаттағандар мен айтарлықтай арзандағандар мыналар:

Компания

05.01.2022 бағасы

15.11.2022 бағасы

Өзгеруі

Exxon Mobile

$63

$108

+ 71,4%

Coca-Сola

$60

$63

        +  5,0%

IBM corp.

$133

$138

        +  3,8%

Netflix

$570

$220

      - 61,4%

Tesla

$1 120

$232

        - 79,3%

Amazon

$3 270

$132

        - 95,9%