×

«Бір отбасы тұтас ауылдың жерін иемденіп алды». Жамбыл облысының тұрғындары әділдік іздейді

Олар «ауылымыздың барлық жері бір отбасының меншігіне өтіп кеткен» дейді

 Айнұр Шошаева 03.03.2022 | 11:00
коллаж: Halyq Uni

Жамбыл облысының тұрғыны ауылдың барлық жері бір отбасының меншігіне өтіп кеткенін айтып, бір жылдам астам уақыт соттасып жүр, деп хабалайды Halyq Uni тілшісі. 

Қордай ауылына қарасты Қайнар ауылының тұрғыны Болар Байшымыровтың айтуынша, ауылдық округ жері Варшакидзе отбасының меншігіне айналып кеткен. 

Варшакидзе деген кәсіпкер бұрынғы совхоздың жерін, бар мүлкін өзіне және бүкіл ағайын-туыстарының атына жазып алған. 25 жыл ішінде ауыл жері бір отбасының меншігіне айналып кетті. Қайнар ауылының жері аздай, ауылдық округтің жайылым жерлері мен жеке тұрғын үй құрылысына деп белгіленген жерлерді де иемденіп алды. Ауыл әкімі ол жерді тұрғындар келісімін алмай неге жекеменшікке береді? Совхоз кезінде жерді бөлгенде ол ауылда 1 мың пайшы болды. Демек олардың үлесі бар - деді Байшымыров. 

Сондай-ақ ауыл тұрғындары жылдар бойы өз пайларынан дивидент алмадық деп отыр. 

«1991 жылдан бері дүниеге келген балалардың алды қазір 30 жасқа келді. Жер алайын десе, мемлекеттің жер қорында жер жоқ. Себебі бәрі сол отбасыға өтіп кеткен. 25 жыл бойы сол жерімізден дивидент алған жоқпыз. Біз сотқа беріп бастаған соң халықтың ауызын жабу үшін азын-аулақ ақша бере бастады. Ауыл әкімі есептік кездесу кезінде халыққа осынша жер бар, осынша адам кезекте тұр, жағдай былай деп айтуы керек емес пе? Ешқашан айтпайды, халықтан жасырылады», - деп қосты ол. 

Бұған қоса тұрғын жердің бәрі заңсыз рәсімделген деген пікірде. 

«Жер заңсыз рәсімделді» деп негізсіз айыптап отырған жоқпын. 2002 жылы Варшакидзе пайшылар тізімін жасап, хаттамамен 3,5 мың га жерді өз інісіне беріп жіберген. Ал тізімде сонау 1994 жылы қайтыс болған, Германия мен Ресейге көшіп кеткен адамдар жүр. Өліп қалған, көшіп кеткен адамдардың атын пайдалану заңсыз екенін көрсетіп тұр. Варшакидзенің күйеубалаларында 300 га, баласында 234 га, інісінде 3500 га жер бар. Бұл тізімнің бер жағы, - деді шағымданушы. 

Қазір Болар Байшымыров ауылдық округ жерлеріне аудиторлық тексеріс жүргізуді талап етіп, сотқа шағымданды. 

«Көбі «жылдар бойы неге үндемей келдіңіздер?» дейді. Шынын айтқанда, ауылда бас көтерер адам қалмады. Ауыл тұрғындары қорқып қалған, біреулерінің күні сол отбасыға қарап отыр. Бастапқыда сотқа жүгінгенде 100-ге жуық адам болды. Бірақ көпшілікті басқару оңай шаруа емес. Ең соңында төрт адам қалдық. 25 жылда ауылда бір дәретхана салынған жоқ. Ауылға келетін суды жоқ қылды. 1930-шы жылдары аталарымыз күрекпен қазған каналдың суын ешкімге бермей өздері пайдаланады. Бізге әділдік керек», – деді Байшымыров. 

Қазір Қайнар ауылы жеріне қатысты іспен «Әділдік жолы» РҚБ-нің Жамбыл облыстық филиалы айналысып жатыр. 

Ауыл адамдары қорқады. Сауатсыздық бар. Оның үстіне қаржылық жағдайлары мәз емес. Таразға келіп адвокат жалдау – бәрі ақша тұрады. «Әділдік жолы» РҚБ халыққа тегін құқықтық көмек көрсетеді» деп естіген соң бізге келген. Қазір бұл іс бойынша біз айналысып жатырмыз, - деді «Әділдік жолы» РҚБ-нің Жамбыл облыстық филиалы жетекшісі Ерік Батырғалиев. 

Оның айтуынша, тәуелсіз аудиторлық тексеріс жүргізуге қаржы керек. Ауыл тұрғындарының оны төлейтін ақшасы жоқ.  

«Жердің заңды рәсімделгеніне аудиторлық тексеріс жүргізу туралы өтініш бердік. Алматыдан аудиторлық тексеріске маман жалдайын десе ақысы өте қымбат. Қателеспесем 1 млн теңгеден асады. Жер рәсімделгенде ауыл әкімі болған адамдар қазір жұмыстан кетіп қалған. «Кәсіпкер жерді рәсімдегенде әкіммен келісті» деген күмән бар. Соны қазбалап, аудиторлық тексеру жүргізейін десе оған рұқсат бермей отыр. Егер сот аудиторлық тексеру тағайындаса, көп сұрақтың жауабы табылар еді. «Әділдік жолы» істі соңына дейін жеткізуге ниетті», - деп қосты Батырғалиев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама