«Өкінгендер де бар»: Бұған дейінгі IPO-лар халыққа қанша табыс әкелді

Бауыржан Мұқанов

2012 жылдан бері «Самұрық-Қазына» төрт компанияның акцияларын сатты

Коллаж: Halyq Uni

«ҚазМұнайГаз» АҚ-ның IPO-ға шыққаны қаржы нарығы үшін жылдың ең басты жаңалығының бірі болды. Отандық брокерлік компаниялар халыққа акцияларды сату үшін ауқымды науқан жүргізіп жатыр. IPO-ға 8 406 теңгеге шыққан акция құны бұдан әлдеқайда қымбат болуы тиіс, сәйкесінше алдағы уақытта әлі де өседі дейді брокерлер бір ауыздар. Осы орайда, Halyq Uni «Самұрық-Қазына» қорына қарасты ұлттық компаниялардың бұған дейінгі IPO-ларына шолу жасап, оны сатып алған азаматтарға қаншалықты табыс әкелгенін есептеп көрді.

САМҰРЫҚ САТҚАН КОМПАНИЯЛАР

2012 және 2014 жылдары қор нарығына тиісінге «ҚазТрансОйл» АҚ мен «KEGOC» АҚ-ның акциялар пакеті шығарылды.

2018 жылы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның 14,92% акциялар пакеті Лондон қор биржасына (LSE) және «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасына (AIX) бастапқы жария (IPO) орналастырылды.

Биыл 9 қарашада «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ны IPO-ға шығару бойынша өтінімдер қабылдау басталды. Өтінімдер 02 желтоқсанға дейін қабылданады.

«ҚазТрансОйл» АҚ 27 млрд теңгеден артық сомаға акция шығарды. Соның ішінде: 

  • жеке тұлғалар – 22 млрд теңге;
  • зейнетақы қорлары – 5,7 млрд теңге;
  • маркет-мейкерлер – 0,15 млрд теңгеге акция сатып алды.

«KEGOC» АҚ 13 млрд теңгеге жуық сомаға акция шығарды. Соның ішінде: 

  • жеке тұлғалар – 9,5 млрд теңге; 
  • БЖЗҚ – 3,45 млрд теңге;
  • маркет-мейкерлер – 0,2 млрд теңгеге акция сатып алды.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның 14,92% немесе 38 694 708 дана акциясы және «Астана» халықаралық қаржы орталығының Astana International Exchange (AIX) биржасында және Лондон қор биржасында (LSE) қосарланған листингі бар жаһандық депозитарлық қолхаттар мөлшерінде акциялары сатылды. Нәтижесінде жеке тұлғалар 36,8 млн АҚШ доллары сомасына акцияларды сатып алды, бұл орналастыру көлемінің 10% -ын құрайды.

2019 және 2020 жылдары тағы да өтінімдерді жедел жинау арқылы LSE және AIX-те «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның SPO (Secondary Public Offering – акицяны нарыққа екінші рет шығару) өткізілді:

  • 2019 жылғы қыркүйекте ЖДҚ түрінде 3,8% немесе 9 863 021 акция екінші рет орналастырылды, 1 ЖДҚ бағасы 13 АҚШ долларын құрады. Нәтижесінде жеке тұлғалар 6 млн АҚШ доллары сомасына акцияларды сатып алды, бұл орналастыру көлемінің 5%-ын құрайды.
  • 2020 жылғы маусымда 6,28% немесе 16 281 423 акция және ЖДҚ қосымша орналастырылды, 1 ЖДҚ бағасы 13 АҚШ долларын құрады. Нәтижесінде жеке тұлғалар 5 млн АҚШ доллары сомасына акция сатып алды, бұл орналастыру көлемінің 2%-ын құрайды.

Жоғарыда көрсетілген орналастырулардың (IPO, SPO) нәтижесінде, «Самұрық-Қазына» АҚ-ға тиесілі «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ акцияларының үлесі 75%-ды құрайды, шығарылған акциялардың 25%-ы еркін айналымда.

БІРЕУЛЕР ҚУАНЫП, БІРЕУЛЕР ӨКІНІП ЖАТЫР

2012 жылы «ҚазТрансОйл» АҚ-ның акциялары шығарған кезде бағасы 725 теңгені құрады. Биыл 16 қарашада бағасы 611 теңгені құрады. Яғни, бұл компания акциясын алған азаматтар салған ақшаларының 16 пайызын жоғалтып алды. Дегенмен, осы аралықта олардың дивиденд алып келгенін де есте ұстау керек. Бүгінге дейін «ҚазТрансОйл» АҚ 435,6 млрд теңге сомасында дивиденд төледі. 

2014 жылы «KEGOC» АҚ-ның акцияларын шығарған кезде бағасы 505 теңгені құрады. Биыл 16 қарашада бағасы 1 575 теңгені құрайды. Бүгінгі таңда «KEGOC» АҚ 187,9 млрд теңге сомасында дивиденд төледі. Дивидендті санамағанның өзінде бір акционер үш еседей пайда тауып отыр.

2018 жылы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның акцияларын шығарған кезде акция бағасы жаһандық депозитарлық қолхат құны 11,6 АҚШ долларын және жай акция құны 4 322,74 теңге болған. Биыл 16 қарашада бағасы 12 887 теңгені құрады. Одан бөлек компания осы аралықта 556,4 млрд теңге дивиденд төлеген. Бұл компания құнды қағазын алған қазақстандықтар да салған ақшаларын шамамен үш еседей көбейте алды. 

Жалпы, «Самұрық-Қазына» қорына қарасты компаниялардың ІРО-нан 2012 жылдан бері 789,6 млн АҚШ доллары мен 40,9 млрд теңге тапқан.