«Денсаулығына немқұрайлы қарайды»: Қазақстанда әрбір жетінші жұп бала сүйе алмай отыр
Мемлекет бедеу жұптардың нақты статистикасын жүргізбейді
Астанада өткен халықаралық конгрессте Қазақстан халқының бедеулігі мен репродуктивтік денсаулығының маңызды мәселелері талқыланды. 20 мемлекеттің дәрігерлері мен ғалымдары бедеулікті емдеудің заманауи тәсілдерімен бөлісті, деп хабарлайды Halyq Uni.
ҮЙЛЕНБЕЙ ТҰРЫП ТЕКСЕРУДЕН ӨТУ КЕРЕК
Қазақстанда бедеулікті емдеудің барлық озық технологиясы бар. Белгілі репродуктолог Салтанат Байқошқарованың айтуынша, отандық медицинаға жасанды ұрықтандыруға жасанды интеллект көмектесіп жатыр.
«Эмбриологияда жасанды интеллект қолданып жатыр. Мәселен, ең жақсы сапалы эмбрионды таңдап беретін жаңа технология шықты. Қазір Қазақстан алғашқы төртеуін сатып алды. Жасанды интеллект 7 млн эмбрионның суретімен салыстырып отырып, бізге ең сапалысын таңдап қорытынды береді. Сондай-ақ қазір генетикалық дагностика да елімізде қолданыста бар», – деді дәрігер.
Оның айтуынша, генетикалық диагностика жұптарға болашақ баланың қандай ауруға бейім екенін анықтауға мүмкіндік береді.
Жалпы жастар үйленердің алдынды қан тапсырып, өзінің генетикалық ауруларға бейімділігі бар ма, соны тексеріп алғаны дұрыс. Әлемнің көптеген елдерінде жастар алдымен қандай ауруға бейімді соны тексеріп біліп алады. Қазір балалары түрлі аурумен ауырып, оның еміне ақша іздеп жатқан ата-аналар бар. Сондай науқас баланы дүниеге әкелмес үшін генетикалық диагностика жасап, соның алдын алуға болады», – дейді.
БҰРЫН 10 ЖЫЛҒА ДЕЙІН КҮТКЕН КЕЗЕК ҚАЗІР 2-3 АЙДА КЕЛЕДІ
Оның пікірінше, «Аңсаған сәби» бағдарламасы еліміздегі бедеу жұптарға бала сүю мүмкіндігін арттырған тиімді бағдарлама. Бүгінге дейін аталған бағдарлама аясында 7000 квота бөлініп, 2 097 отбасында көптен күткен 2 461 бала дүниеге келді. Оның 1 288 қыз және 1 172 ұл бала, 364 бала көп ұрықты жүктіліктен (егіз, үшем) туған.
Аталған бағдарлама шеңберінде орта есеппен квотаға 1 млн теңге бөлінеді. Бұл ЭКҰ кететін сомасын 70-80 пайызын жабады.
«Пациенттерге бірден ескертеміз. Қазір технологиялар өзгерді. Бұл есептеулер 2012 жылы жасалған. Мәселен, ол кезде криоконсервация, эмбрионды қатыру болған жоқ. Мемлекет бөліп отырған соманың өзі науқастар үшін көп көмек. Қазір ЭКҰ-ға квотаны алу жеңілдеді. Бұрын кезекті 5-10 жыл күтетін болса, қазір кейбір аймақтарда 2-3 айдың ішінде квотаны алып жатқандар бар. Әрине, оның да жүгірісі көп. Оған құжат жинап, комиссиядан өтіп, кезекке тұрады. Қанша дегенімен елге мүмкіндік бар», – деді дәрігер.
Репродуктолог қазақстандық әйелдерде ерте климакс жиі кездесіп жатқанын айтады. Мұны ол экологиялық факторлар – ауаның ластануы, радиациялану салдарымен байланыстырады.
«Жақына Түркістанда қабылдау өткіздім. Екі жас келіншек келді. 21 жастағы екеуінде ұрық жоқтың қасы. Оларда 30 жасқа жетпей климакс болады. Бұл экологиялық фактор, айналаның ластануы, радиациялануы салдарынан болып отыр. Соңғы жылдары әлемде ауру балалар көп туып жатыр. Аутизмді алайық, ұлдарда әрбір 50-ші, қыздарда 80-ші бала ауытқумен туып жатыр», – деді ол.
КӨПЖҮКТІЛІК ТИІМСІЗ
Сонымен бірге, ол көпжүктілік мәселесіне тоқталды. Оның ойынша ЭКҰ арқылы егіз немесе үшем тууға тосқауыл қою керек.
«Қазіргі проблеманың бірі көпжүктілік. Егіз, үшем көтерген аналар ерте босанып қояды. Мерзімінен бұрын туған баланы дамытып, 9 айлық нәрестенің деңгейіне дейін жеткізу үшін мемлекеттің қыруар ақшасы кетеді. Бізде оған қаржы МӘМС-тан бөлінеді. Егер ақшасын салыстыратын болсақ, бір шала туған баланы жетілдіру үшін бірнеше ЭҚҰ-ның ақшасы кетеді екен. Ол баланың сау болып өсетініне кепілдік жоқ, көбінесе ауру болып келеді. Егіз немесе үшем туғысы келетін пациенттер 2 немесе 3 эмбрион салыңыз деп репродуктологпен саудаласып отырады. Ол кейін өзін-өзі ақтамайтын шығынға әкеледі. Бұл мәселеге ата-аналар мұқият болу керек», – деді репродуктолог.
ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАРДЫҢ 15%-Ы БАЛА СҮЙЕ АЛМАЙ ОТЫР
Бүгінде елімізде қанша азаматтың бедеу екені туралы нақты статистика жоқ. Дәрігерлер шамамен елдегі жұптардың 15 пайызы бала сүйе алмай отыр деп бағалап отыр. Сонымен бірге ол әйелдердің бала туу жасына қатысты пікір білдірді.
Мен әйелдердің 50-55 жаста бала тууын құптамаймын. Себебі бұл жаста жүктілік кезінде көптеген асқыну болады. Жасы неғұрлым үлкен болса, баланы көтеріп, мерзіміне дейін жеткізе алмау тәуекелі де жоғары. Қан қысымы жоғарылап, комаға түсіп қалатын жағдайлар кездеседі. Кез келген нәрсені өз уақытында істеп үлгеру керек. 45-50 жасқа дейін күтіп жүрудің қажеті жоқ. 40-тан асқан әйелдерде ана болу мүмкіндігі аз болады, себебі қазір әйелдерде аналық ұрық аз. Меніңше, физиологиялық жағынан алғанда ең жақсы репродуктивті жас 18-25 жас. 25 жастан кейін өзгерістер басталады. Сондықтан 30 жасқа дейін екі бала туып үлгерген жөн», – деп қорытындылады Салтанат Байқошқарова.
ЕРКЕКТЕР ДӘРІГЕРЛЕРГЕ ҚАРАЛА БЕРМЕЙДІ
Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығы 14 жылдан бері елдегі бедеулік мәселесін зерттеумен айналысып келеді. Ұйымның президенті Вячеслав Локшиннің пікірінше, қазақстандық әйелдер өз денсаулығына немқұрайлы қарайды.
Өкінішке қарай, қазақстандық әйелдер посткеңестік елдердің әйелдері сияқты өз денсаулығына немқұрайлы қарайды. Зерттеу жүргізіп, еліміздегі әйелдердің жартысынан көбі акушер-гинеколгқа бармайтынын көріп отырмыз. Контрацептивті препараттарды пайдаланатындар өте аз. Науқастардың көбі өзін-өзі емдеумен айналысады. Мұның салдары ауыр дерттер мен бедеулікке әкелуі мүмкін», - деді репродуктолог.
Оның айтуныша, елдегі емханаларда ерлердің денсаулық бағдарламасы бар, алайда оған қатысып жатқан ерлер аз.
«Тағы бір маңызды проблема ерлердің бедеулігі. Бізге келетін әр екінші жұп, ер азаматтың бедеулігінен болып отыр. Оларға андрологтардың сапалы тексеруі керек. Қазір әрбір клиникада андролог жұмыс істейді. Ер азаматтардың денсаулығын емдейтін технологияның бәрі бар. Сондай-ақ ерлердің денсаулық бағдарламасы бар, оны емханалардағы урологтар жүргізеді. Өкінішке қарай, еркектер дәрігерге келе бермейді. Көбіне проблеманы әбден асқынып кеткен соң біліп жатады», – деп толықтырды Вячеслав Локшин.