Мамандар акциялардың қымбат бағаланып отырғанын мәлімдеді
Қазақстандық миноритарлық акционерлер қауымдастығы (QAMS) өкілдері «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның IPO-ға шығып жатқанына қатысты ойларымен бөлісті. Сарапшылардың айтуынша, жалпы идея жақсы болғанымен, орындалуы ақсап тұр. Өйткені IPO нашар, құр президент тапсырмасын орындау үшін ұйымдастырылған деген пікірде. Мамандар негізінен «ҚазМұнайГаз»-дың корпоративтік басқаруы проблемаға бығып жатқанын айтады.
QAMS басқару кеңесінің төрағасы Ерқанат Әбенидің сөзінше, әлі күнге компанияның даму стратегиясы жарияланбаған. Ақыры компанияны IPO-ға шығарған екен, онда қалай дамитынын да түсіндіріп беруі керек-ті. Оның орнына, бұрынғы жылдардан қалған кальканы, он шақты жылдан бері слайдтарда бірінен біріне көшіп жүрген тезистерді ғана көріп отырмыз.
Оның үстіне, табыс қалай көбейетіні, капитализация қалай өсетіні ашып түсіндірілмейді. Оның орнына «Қашаған» мен басқа да активтерге үміт артылып отыр. Корпоративтік басқаруда да мәселе қалай шешілетіні айтылмайды.
Толық шешілмеген тағы бір мәселе, соның ішінде шетелдік инфесторларды да шошытып отырған жағдай, «ҚазМұнайГаз» ғана емес, басқа да ұлттық компанияларда саяси ықпалды тұлғалар белсенді түрде қатысады. Мысалы, «ҚазМұнайГаз»-да сол бұрынғыша түрлі қаржылық-олигархиялық топтармен байланысы бар тұлғалар жұмыс істеп отырғанын көріп отырмыз, – дейді ол.
«ҚазМұнайГаз»-дың корпоративтік басқаруында проблема көп екенін QAMS атқарушы директоры Данияр Темірбаев та растайды. Компанияның табысы мұнай бағасына тәуелді болғандықтан әр кезде әр түрлі. Соған қарамастан компанияның шығыны көбейіп бара жатқанын айтады.
Инфестор үшін қазір мұнайдың Каспий құбыры арқылы жіберілуі үлкен тәуекел. Оған қосымша, алда мұнай бағасы төмендейді. Себебі әлем экономикасы рецессияға түсіп барады. Осыларды ескере келгенде, «ҚазМұнайГаз» қымбат бағаланып отырған сияқты. IPO-ға қатысқысы келген азаматтар осыларды білуі тиіс, – дейді Данияр Темірбаев.
Сөзіне тұздық ретінде мынаны келтіреді. «ҚазМұнайГаз»-дың еншілес компаниясы «ҚазТрансОйл»-дың IPO-ға шыққанына биыл 10 жыл толады. «ҚазТрансОйл»-дың акциясы 725 теңгеден сатылды. Ал қазір сонау 2012 жылғы бағасынан арзан тұрады. Мұндай жағдайға жеткен себебі, корпоративтік басқаруында проблема көп. Бір ғана су құбырын тартуға 98 млрд теңге жұмсау зор шығын екенін айтады.
Қарашаның 8-і күні өткен брифингте «Самұрық Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев кемінде 200 млрд теңге кепілді дивиденд төленіп отыратынын айтқан еді. Мамандардың есебінше, бұл 327 теңге. QAMS басқару кеңесінің мүшесі Арман Батаевтың айтуынша, халық биыл мұнай бағасы жоғары болып тұрғанда 8406 теңгеден біраз акция сатып алар. Алайда кейінгі жылдары мұнай бағасы құлдырап, тек 327 теңгеден ғана алып отырса, қызықтың көкесі сонда болмақ.
Жуырда іске қосылған зауыт 14 жылдай салынды. Сондағысы жәй пропилен зауыты. Енді қолға алайын деп жатқан полиэтилен зауытын 2026 жылға жоспарлап отыр. Бірақ, оны да тағы 14 жылдай күтуіміз ғажап емес. Сондықтан қазір IPO ұйымдастырушыларының айтып отырғандары соншалық дивиденд әкеле қоймайды, – дейді ол.
Оның пікірінше, бұл IPO-ны негізінен әлгі мұнай-химия зауыты, «Теңіз», «Қашаған» орындарын кеңейту арқылы болашақта компанияның дамуы күшейеді деген сеніммен шығарып отыр. Бірақ мұндағы «Теңіз» бен «Қашаған» жобалары ККҚ құбырындағы тұрақты қауіп-қатердің кесірінен күмәнді болып тұр. Сондықтан бұл жобалардан ақша құйылып тұрады деу өте күмәнді. Сайып келгенде, жұрт 8406 теңгеден сатып алып, дивиденді 327 теңге ғана болып отырса, тағы бір үлкен әлеуметтік дүмпуге тап болуымыз мүмкін деген ойда. Сондықтан жұрт өсім тарихы мен дивиденд тарихы дегеннің қандай болатынын толық бағалай алмай тұрғанда, ішкі нарыққа қымбат бағамен сатуға болмайтынын айтады.
Айта кетейік, 9 қарашадан бастап «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ акциялары IPO-ға шығарылды. Оның егжей-тегжейі 8 қарашада өткен баспасөз мәслихатында айтылды.