Билік әлі күнге дейін ақ майнерлер мен сұр майнерлердің айырмашылығын түсінбеген сияқты, дейді ол
Қазақстанға энергетика саласын, криптоиндустрияны және жаңартылатын энергетика жүйесін дамыту үшін ақ майнерлерді қолдау қажет. Қазақстандық сарапшылар «майнинг индустриясын неліктен дамыту керек?» деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
2021 жылғы маусымда Тоқаев майнинг өндіру кезінде тұтынылатын электр энергиясының 1 кВт/сағ үшін 1 теңге мөлшерінде криптовалюта өндірумен айналысатын кәсіпорындар үшін қосымша салық салуды енгізуді көздейтін заңға қол қойды. Салық салудың жаңа тәртібі 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Соған сәйкес, майнерлер тұтынған энергияның 1 кВт/сағ үшін 1 теңге салық төлей бастады. Билік аталған заң сұр майнерлерді көлеңкеден шығаруға арналғанын айтты. Алайда Президенттің соңғы сынынан кейін Экономика министрлігі кеншілерді электр энергиясын тұтынушылардың ерекше тобына бөліп, оларға салынатын салықты 1 кВт/сағ үшін 10 теңгеге дейін арттыруды ұсынды.
Саясаттанушы Эдуард Полетаевтың пікірінше, салықты он есе ұлғайту саланы құрдымға кетіреді. Тіпті, 1 кВт/сағ үшін 5 теңге мөлшеріндегі салық Қазақстанды АҚШ-пен бәсекеге қабілетсіз етеді. Түптеп келгенде бұл майнинг фермаларының елден кетуіне әкеп соғады. Нәтижесінде салада жұмыс істеп жүрген қазақстандықтар жұмыссыз қалып, әлеуметтік наразылыққа әкелуі мүмкін.
Майнингті заңдастыру мемлекетке және криптоиндустрияға тиімді. Алайда билік әлі күнге дейін ақ майнерлер мен сұр майнерлердің айырмашылығын түсінбеген сияқты. Осы күнге дейін майнерлердің электр энергиясын тұтынуы туралы нақты ақпарат жоқ, ал жаңа энергия генерациялайтын қуаттар енгізіліп жатқан жоқ. Кейбір бағалау бойынша, майнинг индустриясы 1,5 гВт тұтынады, ал 4-5 гВт көлеміндегі профицит бір жерде жоғалып кетті. Сұр майнерлерді іздеп жатыр. Бірақ электр энергиясын тұтыну көрсеткіші сәйкес келмегендіктен, сол майнерлерді біреу қорғаштайды немесе олардың объектілері демонстрациялық жазадан кейін жұмысын жалғастырып жатыр деген күдік туындайды, - деп жазды Полетаев фейсбукте.
Бұған қоса сарапшы заңды тіркелген майнерлерді жазалайтын болса, бұл бизнестің көлеңкеге кетуіне әкелуі мүмкін дейді. Бұл өз кезегінде заңсыз фермалар мен электр энергиясын ұрлаудың көбеюіне әкеледі. Сондықтан, оның пікірінше, мәселені реттеудің ең тиімді жолы майнинг фермаларына міндетті тіркеуді енгізу және салық сомасын түзету болуы мүмкін.
«Бұл жаңа инвестицияларды, жұмыс орындарын тартуға, IT-мамандарды өсіруге, бюджет кірістерін ұлғайтуға (соның ішінде криптовалюта есебінен) мүмкіндік береді. Ақ майнингтен түсетін табыс үшін энергия желілерін қайта құру және қызмет көрсету, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласындағы әзірлемелерді қаржыландыру мүмкін болады. Дамыған технологиялық базамен цифрлық теңгені енгізу жеңілдейді және сыбайлас жемқорлық көріністері азаяды», - деді ол.
Сондай-ақ маман майнинг фермаларының жұмысы кезіндегі жылуды жылыжайларда ауылшаруашылығы өнімдерін өсіру үшін тиімді пайдалануға болады.
Саясаттанушы Марат Шибұтов энергетика министрлігінің майнерлерден әр киловатт үшін 1 теңге салық төлеткені аздай, жұмысына шектеу қоюы тұтас бизнеске қауіп төндіреді деген пікірде.
Мен бұған дейін айтқанмын, майнинг үшін дата-орталықтардың қызметін ажырата білу керек, әсіресе криптовалюта майнингін. Біздің үкімет ақ-қарасын ажыратпастан, майнерлер қомақты ақша тауып жатыр деп ойлайды. Дәл қазірге криптовалюта курсы төмендеп жатқанда қалай алу керектігі түсініксіз. Сонымен қатар электр энергиясының белгілі бір құны кезінде мәселен 8-10 теңгеден жоғары болса, майнинг-орталық тиімсіз болып қалады. Сондықтан іске қосылу үшін басқа өңірді іздеу керек болады, - деді ол.
Соңғы жылдары әлемде майнинг индустриясы қарқынды дами бастады. 2021 жылы Қазақстан бұл салада АҚШ-тан кейінгі екінші орында болды. Посткеңестік елдердің ішінде Қазақстан алғаш болып заң қабылап, шетелдік инвестиция келе бастады.
«Қазір сала құрдымға кету алдында тұр. Жаңа қуат көздері салынбағанын, жөндеу мен құрылыс тарифінің үлесін төмендетіп, тұтыну болжамын дұрыс жасамағанын жасыру үшін құлдыратқалы отыр. Тозығы жеткен жабдықтарда болған бірнеше апат пен тұтыну өскендіктен бірден энергия тапшылығы басталды. Қазір жаңа министрге бұрынғы басшылардың қателігін жасыруға тырыспай, майнингті әрі қарай қалай дамытып, ел экономикасына көмектесуді ойлау керек», - деп қосты Шибұтов.
Атап өтсек, үкімет Қазақстандағы майнинг индустриясын реттеу жолдарын қарастырып жатыр. Мысалы, сұр майнерлерге салықты 10 есе көп қылып, ІР-адресін шектеу сияқты бірқатар шара көзделген.