Депозиттегі ақша 29 трлн теңгеден асты
2022 жылдың қазан айында банктердің экономикаға берген несиесі 21,1 трлн теңгеден асты. Ал депозиттегі ақша 29,3 трлн теңгеге жетті, деп хабарлайды Halyq Uni Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
ХАЛЫҚ НЕСИЕ АЛУДЫ БӘСЕҢДЕТТІ
Ұлттық банктің мәліметінше, несие портфелі бір жылда 24,4 пайыз өскен. Банктерге берешектің бір жылда осыншалықты өсуі айтарлықтай әлеуметтік мәселе ретінде көрінгенімен, несие түрлеріне жіктеп қарайтын болсақ, жағдайдың анау айтқандай қиын емес екенін аңғаруға болады.
Атап айтқанда, жалпы берілген несиенің 11,4 трлн теңгеге жуығы жеке тұлғалардың алған қарызы болса, бизнестің алған несиесі қалған 9,7 трлн теңгені құрайды. Соның ішінде жеке тұлғалар қарызының 7,2 трлн теңгеге жуығы тұтынушылық несие. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл қолма-қол ақша, затты несиеге алу, тағы сол секілді қарыздар. Қалған 4,2 трлн теңгеден астамы ипотекалық несие.
Былтырғымен салыстырғанда халықтың қарызы 9,9 трлн теңгеден 11,4 теңгеге көбейгенімен, бұл негізінен ипотекалық несие есебінен артып отыр. Өйткені былтыр ипотекалық қарыз 2,8 трлн теңге болса, тұтынушылық несие 7,1 трлн теңгеден астам болған. Яғни, ипотекалық қарыз 47 пайыз көбейіп, тұтынушылық несие бар болғаны 7 трлн теңгеден 7,2 трлн теңгеге көбейген. Жан басына шаққанда халықтың тұтынушылық қарызы 357 мың теңгеден биыл 366 мың теңгеге көбейген.
ДЕПОЗИТТЕГІ АҚША КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ
Депозитке келер болсақ, 2021 жылдың қазан айында банктерде 26 трлн теңге депозит болса, биыл қазанда көрсеткіш 29,3 трлн теңгеден асып отыр.
Соның ішінде бизнестің депозиттегі ақшасы былтырғы 13,5 трлн теңгеден биыл 15,4 трлн теңгеге жақындаса, жеке тұлғалардың банкте сақтап отырған ақшасы 12,5 трлн теңгеден 14 трлн теңгеге жақындады. Жан басына шаққанда былтыр депозиттегі ақша 635 мың теңге болса, биыл көрсеткіш айтарлықтай 709 мың теңгеге дейін жетіп отыр.
Қорыта айтқанда, халықтың банкке қарызынан гөрі оған салған артық ақшасы екі еседей көп.
ХАЛЫҚ «ПАТРИОТ», АЛ БИЗНЕС ӘЛІ ДЕВАЛЬВАЦИЯДАН ҚОРҚАДЫ
Депозитті қандай валютамен жинайды дегенге келсек, халық доллардан гөрі теңгемен ақша жинауды көбейткен. Атап айтқанда, ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі бір айда 8,2 трлн теңгеге дейін 1,3% ұлғайса, шетел валютасында 4,2 трлн теңгеге дейін 0,4% азайды.
Ал бизнес әлі де болса девальвациядан қауіптеніп, шетел валютасынан бас тартқысы жоқ. Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері 2021 жылғы қазанда 8,5 трлн теңгеге дейін 1,8% өскенімен, шетел валютасындағы жинақ та 5 трлн теңгеге дейін 1,9% көбейіп отыр.