Депрессия мен күзгі күйзелісті ажырата білу керек, дейді психиатр
Күз мезгілінде адамның көңіл күйі болмай, физикалық белсенділігі төмендеп, депрессияға түсіп келу қаупі артады. Halyq Uni тілшісі кәсіби психотерапевтпен сөйлесіп, күзгі күйзелістің неден пайда болатынын және оны елемеудің салдары неге әкелуі мүмкін екенін білді.
«ДЕПРЕССИЯ – ҚАЗАҚСТАНДА ЕҢ ЖИІ КЕЗДЕСЕТІН ПСИХИКАЛЫҚ ДЕРТ»
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2021 жылдың соңындағы жағдай бойынша, елімізде психикалық, мінез-құлық бұзылуларымен динамикалық бақылауда 300 329 адам тұр. Соңғы 10 жылда есеп саясатының өзгеруіне байланысты психикалық сырқаттанушылық көрсеткіші де, бақылаудағы адамдар саны да төмендеп келеді. Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда ең көп таралған психикалық бұзылулардың бірі депрессия.
«Бұл бұзылу әлеуметтік, психологиялық және биологиялық факторлардың күрделі өзара іс-қимылының нәтижесінде пайда болады. Стресстік жағымсыз жағдайлар (жұмыстан айрылу, біреуді жоғалту, психологиялық жарақат), тұрақты сәтсіздіктер сияқты әлеуметтік факторлар депрессияның пайда болуына әсер етуі мүмкін. Әлеуметтік факторлардан бөлек отбасының бұзылуы, жақын адамның қайтыс болуы, науқастың өзіне ғана емес, оның туыстарына да әсер еткен ауыр ауру сияқты ауыр психологиялық жарақаттар депрессияны туындатуы ықтимал», – деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі.
Сондай-ақ депрессияның пайда болуының ықтималдығы гормоналды өзгерістер кезінде: жасөспірім шағында, босанғаннан кейін, климакс басталған кезде, сондай-ақ қартайған кезінде артады. Бұған қоса, бас миының зақымдануы және соматикалық патологиялар депрессияның пайда болуына ықпал ететін факторлар болуы мүмкін. Статистика бұл дерттің көбінесе инсульт алған, бас сүйек-ми зақымынан кейін мидың созылмалы қан айналымы жетіспеушілігінен зардап шегетін адамдарда тіркелетінін көрсетіп отыр.
Депрессия симптомдары дәрі-дәрмектердің жанама әсерінің нәтижесінде пайда болуы мүмкін (бензодиазепиндер, кортикостероидтар секілді). Генетикалық факторлар да белгілі бір рөл атқарады, бұл тұқым қуалайтын бейімділік туралы айтуға мүмкіндік береді. Созылмалы аурулар, темекі шегу, алкогольге немесе басқа психикалық белсенді заттарға тәуелділік, тіпті теңгерімсіз тамақтану да депрессияның пайда болу қаупін арттыруы мүмкін, – деді министрлік.
Бүгін қазақстандықтардың психикалық денсаулығын тексеру үшін емханаларда Бастапқы психикалық денсаулық орталықтары құрылып жатыр. Орталық мамандары халықтың психикалық бұзылуларының алғашқы белгілерін, ақыл-ой өнімділігінің төмендеу көріністерін, соның ішінде деменция белгілерін, сондай-ақ егде жастағы адамда пайда болатын және қоса жүретін басқа да бұзылулардың алдын алу мен ерте анықтау жұмысын жүргізеді.
«КҮЗГІ ХАНДРАНЫ ЕЛЕМЕСЕ, СОЗЫЛЫП КЕТЕДІ»
Кәсіби психиатр, психотерапевт Алима Қанқұлованың айтуынша, депрессивтік жағдай мен күзгі күйзелістің (обострение) айырмашылығын ажырата білу керек. Күзгі хандра жағдайын медицинада маусымдық «аффектілі бұзушылық» деп атайды. Ал депрессия оның ұзақ уақытқа жалғасып, асқынып, ауруға айналуы.
Маусымдық аффектілі жағдай белгілі бір уақытта, көбінесе күз бен қыста болады. Бұл жағдай ең алдымен күннің қысқаруымен, яғни күн сәулесінің азаюымен тікелей байланысты. Көбіне түн ұзарып, күн қысқарған уақытта көбейеді. Сондай-ақ жаңа оқу жылының басталуын мысал ретінде келтіруге болады. Мәселен, жаз бойы демалып, жұмысқа шыққан адам бірден кірісіп кете алмайды. Сондықтан көңіл күйі түсуі мүмкін. Немесе жыл басында қандай да бір мақсат қойып, жыл соңында күткен нәтижеге қол жеткізе алмауы ықтимал. Бұған көңіл күйі түсіп, апатия басталуы мүмкін, – дейді дәрігер.
Сондай-ақ ол апатия басталғанда адам бұрынғыдай белсенді болмай қалатынын айтады. Ал белсенділіктің төмендеуі адамның көтеріңкі көңіл күйде болуына себепші болатын серотонин гормонының бөлінуін төмендетеді. Бұған қоса, маман маусымдық күйзелістің белгілеріне тоқталды. Ол ұйқыдан оянудағы қиындық немесе әдеттегіден көп ұйықтау, физикалық белсенділіктің азаюы, сөз көтермеу, шаршау, көңіл хошының болмауы, тәтті тағамдарды көп жеу және т.б.
«Психотерапияда депрессиямен жұмыс істеудің бірнеше кезеңі бар. Соның бірі депрессияның қалай және неден пайда болғанын анықтау. Соңғы кезең белсенділік кезеңі деп аталады, ол адам мүмкіндігінше, қолынан келетін қандай да бір қадамдарды жасау керек. Мысалы, күн сайын бірнеше іс-шараға қатысып жүрсе, маусымдық күйзелісте немесе депрессивтік жағдайда жүрген адамға оны жасау қиынға соғады», – деп қосты ол.
Психотерапевт адамның маусымдық аффектілік бұзушылық жағдайын елемеу, көңілсіз күйде ұзақ жүруіне әкелетінін айтады. Бұл түптеп келгенде депрессияға әкелуі мүмкін.
Егер маусымдық аффективтік бұзушылық жағдайы ұзақ уақытқа созылса, міндетті түрле дәрігердің қабылдауына баруға кеңес берем. Біреудің көңіл күйі болмайды, енді біреу жылағысы келеді. Ол ағзадағы дәрумендердің жетіспеушілігінен болып жатқан шығар. Түптеп келген дәрумен тапшылығы адамның көңіл күйі мен психоэмоционалдық жағдайына тікелей әсер етеді. Егер адамның белсенділігі төмендесе, өзіне жүктелген жұмысты істей алмай қалуы мүмкін. Яғни одан бірінші болып жұмысы зардап шегеді. Түптеп келгенде айналасындағы адамдармен тіл табысуы, қарым-қатынасына ықпал етеді. Себебі көңіл күйі жоқ адаммен бір жерде отырғанда жайсыз сезінеді, дұрыс коммуникация болмайды. Сол себепті мұндай жағдайда кәсіби маманның көмегіне жүгінген артық болмайды, – деді дәрігер.
Сондай-ақ депрессия ол аруру түрі болғандықтан, оны кәсіби дәрігерлер емдеу керек деген пікірін қосты. Айта кетейік, бүгінге кәсіби дәрігерлермен бірге қысқа мерзімді курс оқыған бейкәсіби мамандар да қызмет көрсетеді. Әсіресе әлеуметтік желілерде түрлі психологиялық курстан ұсынатын коучтар бар. Алима Қанқұлованың пікірінше, психолог маман таңдағанда кез келген адам бірнеше факторға мән беруі тиіс.
«Психолог, коуч таңдауда әркімнің өз таңдауы бар. Адам өзіне жекелеген маманды таңдағанда бірінші кезекте оның біліктілігіне назар аудару керек. Әр маманның дипломы немесе сертификаты бар. Көпшілікке қызметін ұсынатын адам өзінің қандай білім алғанын немесе психотерапия мектебін аяқтағанын, тәжірибесі мен пациенттерінің көрсеткен нәтижелері туралы жазуы керек. Бұл өте маңызды. Өйткені кейбір тренингтердің теріс көрсеткіштері (противопоказания) болады. Яғни кез келген адам қатыса алмайтын третингтер болады. Сондықтан, бұл мәселеге келгенде маман да, оның қабылдауына келетін адам да мұқият болуы керек», – деп қорытындылады Алима Қанқұлова.