«Такси қызметімен заңсыз айналысатындардың көлігі тәркіленіп жатыр»: Комитет түсініктеме берді
Ведомство мұндай шара сот шешімімен ғана қабылданатынын қаперге береді
Такси қызметімен заңсыз айналысатындардың көлігі тәркіленіп жатқаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.
«Қазіргі таңда жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей, такси қызметін ұсынатын фактілер анықталған жағдайда, жеке көліктердің конфискацияланып жатқаны туралы ақпарат қайта-қайта тарап жатыр. Бұл мәлімет шындыққа жатпайды», - делінген баспасөз мәлімдемесінде.
Ведомство мұндай шара сот шешімімен ғана қабылданатынын қаперге береді.
«Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің бірқатар баптарымен соттың шешімі болған жағдайда меншіктен айыру мүмкіндігі көзделген. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес ешкім өз мүлкінен айырылуы мүмкін емес, тек сот шешімі бойынша. Қазіргі таңда заңсыз такси ретінде жұмыс істегені үшін көлік құралдарының конфискацияланғаны туралы бірде-бір дерек жоқ», - деп толықтырады комитеттің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, Мемлекеттік кірістер комитеті такси қызметін жеке кәсіпкер ретінде тіркеусіз жүзеге асырғаны үшін 15 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл қарастырылғанын ескертеді.
Жеке кәсіпкерлікті электронды үкімет порталы арқылы (е-лицензирование) немесе «E-Salyq Business» мобильді қосымшасы, Kaspi және Halyk банктерінің мобильді қосымшалары арқылы тіркеуге болады.