Төбелес Оралдағы түнгі клубтардың бірінің жанында болды
Оралда төбелескен Ресей азаматтары сот шешімімен елден шығарылатын болды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік соты «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» заңы 28-бабының негізінде Қазақстан заңнамасын бұзғаны үшін оқиғаның барлық қатысушысын республика аумағынан шығару туралы шешім қабылдады. Бұл туралы ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Төбелес 30 қыркүйекте Оралдағы түнгі клубтардың бірінің жанында болды.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері мас күйінде бір-бірімен төбелескен Ресей азаматтарын ұстады. Куәгерлерден жауап алынып, төбелеске қатысушылар Абай полиция бөліміне жеткізілді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңның 434-бабы («Ұсақ бұзақылық»), 440-бабы («Қоғамдық орындарда мас күйінде болу»), 437-бабы («Тыныштықты бұзу») бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Оралдың мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңның 434-бабында көзделген ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 1992 және 1995 жылы туған Ресей азаматтарына 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза тағайындалған.