Жамбыл облысында ҰҚШҰ оқу-жаттығуы басталды

Дастан Жұмабекұлы

Олар 3-7 қазан аралығында болады

фото: Қорғаныс министрлігі

Елімізде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының «Өзара іс-қимыл», «Іздеу» және «Эшелон» оқу-жаттығулары өткізіліп жатыр. Бүгін соның белсенді кезеңі Жамбыл облысында басталып, салтанатты жағдайда ашылды.

Оның ашылу салтанатына ҰҚШҰ бас хатшысының орынбасары Тахир Хайруллоев, ҰҚШҰ Біріккен штабының бастығы генерал-полковник Анатолий Сидоров, ұйымға мүше елдер қарулы күштерінің өкілдері қатысты. Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қарулы күштері бас штабының бастығы генерал-лейтенант Марат Құсайынов оқу-жаттығуларға қатысушыларды құттықтай отырып, өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіндегі және қатысушы мемлекеттердің әскери қызметшілерінің кәсіби шеберлігін арттырудағы ұйымның маңызды екенін атап өтті.

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше елдер стратегиялық әріптестер мен одақтастар, ал алдағы оқу-жаттығулар әскери қызметшілердің жауынгерлік шеберлігін және ұжымдық күштер бөлімшелерінің үйлесімділігін жетілдіру құралы ретінде ғана емес, онымен қоса тиімді халықаралық әскери ынтымақтастықты, тәжірибе алмасу бағытындағы іс-қимылды жетілдіру үлгісі, – деді генерал-лейтенант Марат Құсайынов.

Ұйымның оқу-жаттығуларының белсенді кезеңі 3-7 қазан аралығында болады.