×

V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны Қазақстанда өтеді

Түркияда өткен сайыста Қазақстан құрамасы 3 алтын, 3 күміс, 2 қола алды

 Халық үні 03.10.2022 | 13:01
Фото: Ұлттық спорт қауымдасты

V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны Қазақстанда өтеді. Бұл туралы Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Сіздерге Түркиядан сүйінші хабар жеткізгім келеді. Кеше ғана Түркияның спорт министрі Мехмет Касапоглу Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевқа келесі V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу эстафетасын тапсырды. Яғни, келесі ойындар 2024 жылы Қазақстанда өтеді», - деп хабарлады Исламбек Салжанов.

Сондай-ақ Изник қаласында өткен IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындары мәресіне жетті. Әлемдік додада спортшыларымыз ұлттық спорттың туын жықпай, айтулы нәтижелерге қол жеткізді.

Көшпенділер ойындарының бағдарламасына тұңғыш енген көкпарда Қазақстан алтын жүлделерді еншіледі. Жарыс барысында біздің құрама Өзбекстан мен Моңғолия құрамаларынан өтіп, ақтық ойында Қырғызстан құрамасын 4:3 есебімен жеңді, - деп жазды Ұлттық спорт қауымдастығының президенті.

Сондай-ақ, Марат Нығматуллаев 60 келі салмақта қазақ күресінен алтын жүлдені иеленсе, 65 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі алтынды Зарина Сарипова жеңіп алды.

Оған дейін Қазақстан дүстүрлі садақ ату мен жамбы атудан күміс жүлде еншілеген.

«Көшпенділер ойындарының нәтижелері бойынша Қазақстан құрамасының қоржынында 3 алтын, 3 күміс, 2 қола жүлдесі бар. Бұл тамаша нәтижені келесі көшпенділер ойындарында еселеу – Ұлттық спорт қауымдастығының келесі 2 жылдағы мақсаты деп білемін», - деп түйіндеді Салжанов.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық спорт қауымдастығы президентінің кеңесшісі Әлібек Әлденей  Қазақстан келесі әлемдік көшпенділер ойынын өз жерінде өткізуге өтінім бергенін хабарлады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама