Ноғаев сөгіс жариялаған Ақтау қаласының әкімі қызметінен кетті
Ақтау қаласының жаңа әкімі тағайындалды
Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Ақтау қалалық мәслихатының депутаттарына Нұрдәулет Қилыбайдың орнына жаңа қала әкімінің кандидатурасын ұсынды. Ол - бұрын Ақтау қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Ербол Ізбергенов.
Ербол Ізбергенов Алматы құрылыс және менеджмент колледжін, Ақтау мемлекеттік университетін және Ресей Федерациясы президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын («Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану», «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» және «Әкімшілік іс шебері») бітірген.
Еңбек жолын 1991 жылы Ақтауда «Маңғыстау мұнай-газ барлау» мекемесінде тас қалаушы болып бастаған.
1994-1996 жылдары «Қаламқасстрой» ЖҚБ тас қалаушы болып жұмыс істеді.
1997 жылы «Каспий Кооперсервис» ЖШС шебері болып жұмыс істеді.
1997-2000 жылдары «Альбина» пәтер иелері кооперативінің шебері, учаске бастығы, бас инженері болып жұмыс істеді.
2000-2003 жылдары West Kazakhstan Construction Company ЖШС техникалық директоры болып жұмыс істеді.
2003-2004 жылдары – «Kuat корпорациясы» акционерлік қоғамының Ақтау филиалының шебері;
2004 жылы - Ақтау қаласы әкімі аппаратының сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы;
2004-2005 жылдары Маңғыстау ауылы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
2005-2007 жылдары - Қызылтөбе ауылдық округінің әкімі.
2007-2011 жылдары Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
2012 жылы Денсаулық сақтау министрлігінің бас сарапшысы болып жұмыс істеді.
2012-2013 жылдары - Маңғыстау облысының құрылыс басқармасының басшысы.
2014-2015 жылдары Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің ҚТРМ Ішкі әкімшілендіру басқармасының басшысы болды.
2015 жылы - Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің инвестициялық жобалар басқармасының басшысы.
2019 жылдан 2020 жылға дейін «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары.
2020 жылы Ақтау қаласындағы «Атамекен» республикалық кәсіпкерлер палатасының директоры, «Ақтау теңіз порты» АЭА АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі.
2020 жылдың тамыз айынан бүгінгі күнге дейін - Ақтау қаласы әкімінің орынбасары.
Нұрлан Ноғаев Нұрдәулет Қилыбайға атқарылған жұмысы үшін алғысын білдіріп, Ербол Ізбергеновке Ақтау қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Бұған дейін Ақтау қаласының әкімі қызметін атқарған Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Ол 2018 жылдан 2020 жылға дейін Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары болған. 2020 жылдың маусымынан бүгінгі күнге дейін-Ақтау қаласының әкімі қызметін атқарды.
Еске салайық, 2022 жылдың 8 тамызында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Ақтау қаласының әкіміне, оның орынбасарына және ТҮКШ бөлімінің басшысына сөгіс жариялады.