Антикордың қызметкеріне қару кезенген полиция майоры ұсталды

Дастан Жұмабекұлы

Ішкі істер органының шенеунігіне қатысты қылмыстық іс қозғалды

фото: видеодан кадр

Әлеуметтік желілерде азаматтық киімдегі адамның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкеріне аңшылық қаруын кезенгені түсірілген видео тарады.

Соған байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы Қарасай ауданы полиция басқармасының шенеунігіне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Қолда бар мәліметке қарағанда, полиция майоры белгісіз адамдардан 500 мың теңге пара алғысы келген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері полиция майорын тінтіп жатқанда ол заңды талаптарға бағынбай, Антикордың адамдарына аңшылық қаруын кезенген.

22 қыркүйекте осы факт бойынша Қылмыстық кодекстің 380-бабы (билік өкіліне қатысты қауіп) бойынша қылмыстық іс тіркелді. 29 қыркүйекте күдікті соттың санкциясымен қамауға алынды.

Қазір тергеу жалғасып жатыр, өзге ақпарат ақпарат тергеуге байланысты жария етуге жатпайды.