«Аманат» кәсіподақтар достастығы президент сайлауына өз кандидатын ұсынды
«Өткен аптада «Аманат» Қазақстан кәсіподақтар достастығы» республикалық кәсіподақтар бірлестігінде жиын болып, кезектен тыс өтетін президент сайлауына «Астана» халықаралық ғылыми кешенінің экономикалық зерттеулер институтының басшысы Мейрам Қажыкеннің кандидатурасын ұсынды.
Бұл жаңалықты зерттеу институтының баспасөз қызметі растады.
Ұйым мүшелері Мейрам Қажыкеннің кандидатурасын қолдап дауыс берді. Ол 4 қазанда Орталық сайлау комиссиясына барып, үміткер ретінде тіркелмек.
Мейрам Қажыкен 61 жаста, Павлодар облысының тумасы. Экономика ғылымдарының докторы, профессор. «Астана» халықаралық ғылыми-зерттеу кешенінің Экономикалық зерттеулер институтының басшысы. 2015 жылы Қазіргі қоғамды зерттеу институтының директоры қызметін атқарған. 2015-2018 жылдары Қазақстан кәсіподақтар федерациясы жанжалдарды зерттеу және шешу жөніндегі оқу орталығының директоры болды.
Еске салайық, 20 қарашада Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтеді.
Елімізде президенттікке кандидаттарды ұсыну 23 қыркүйекте басталды.