Бұдан басқа, ұн, картоп пен капуста таратылады
Тыва билігі мобилизациямен әскерге алынған азаматтардың отбасыларына бір қойдан материалдық көмек көрсетті. Бұл туралы «Тувинская правда» хабарлады.
Тывада мобилизацияланған азаматтардың отбасыларына бірінші кезектегі көмек түрінде тірі қойлар мен көмір түсіріліп берілді. 28 қыркүйекте өңірдің 9 ауданында 90-нан аса қой таратылды – әрбір әскер отбасына бір-бір ұсақ малдан берілді, – делінген Тыва үкіметінің сайтында.
Бай-Тайға ауданында әскерге шақырылғандардың отбасы мүшелері қоймен бірге картопқа қарық болды. Тыва ауыл шаруашылығының басшысы Сергей Ондардың айтуынша, қой тарату аптаның соңына дейін созылады. Бұдан басқа, тағы ұн, картоп және капуста таратылады. Қайырымдылық көмегін муниципалды билік көлікпен қамтамасыз етуге тиіс.
Бірқатар аудандар үйлерге көмір жеткізіп беруді қолға алды. Шагонарда жергілікті әкімшілік ағаш отын да әкеп беріп жатыр. Сондай-ақ, бірінші кезектегі міндеттер қатарына отбасыларына қаржылай көмек көрсету де жатады. Әскерге алынған әрбір азаматтың жасы 17-ге толмаған әр баласына 5 мың рубль көлемінде ақша беру жоспарланған. Мұны алу үшін отбасы әлеуметтік қорғау бөліміне өтініш беру керек.
Өткен аптада болған баспасөз мәслихатында Тыва басшысы Валерий Ховалыга журналистер сұрақтарына жауап бере келіп, республиканың мобилизациядағы квотасы 700 адам екенін айтты.
Ал кеше республика әскери комиссары Демир-оол Артына аймақ басшысына өңірде ішінара жұмылдырудың аяқталғанын хабарлады.