Halyq Uni логотип
×

Балаларды ауыр сөмкелерден арылту қажет – Смайылов

Оқу процесін цифрландыруды тездету тапсырылды

 Динара Амантай 03.10.2022 | 09:35
Балаларды ауыр сөмкелерден арылту қажет – Смайылов
Фото: Halyq Uni

Бүгін Үкімет үйінде өткен кеңес барысында премьер-министр Әлихан Смайылов «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру жөнінде тапсырма берді деп хабарлады Halyq Uni тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл ретте ол мемлекет басшысы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының негізгі тәсілдерін мақұлдағанын, оның шеңберінде 800 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы мектептер салу жоспарланғанын еске салды.

Ұлттық жобаны іске асыруға жедел кірісуіміз керек. Алайда бүгінде өңірлердегі 143 мектептің жер учаскелерін анықтау бойынша сұрақтар шешілмеген. Бұл жұмысты барынша тездету қажет: қазан айының соңына дейін құрылысы 2023 жылға жоспарланған, ал жыл соңына дейін 2024 жылға жоспарланған мектептер бойынша мәселені шешу керек, — деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ ол оқу процесін цифрландыруды тездету қажеттігін атап өтті.

Осыған байланысты оқулықтарды цифрлық форматқа көшіруді жеделдету және балаларды ауыр сөмкелерден арылту қажет. Сондай-ақ әкімдіктермен бірлесіп, оқушыларды планшеттермен қамтамасыз ету мәселесін шешуді қолға алу керек. Атап айтқанда, «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп, оларды ауылдық мектептердің балалары үшін сатып алу мүмкіндігін пысықтау керек, — деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Кеңес соңында ол Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне байланыс операторларымен бірлесіп, еліміздің барлық мектептерін сапалы жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етуді тапсырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама