Біз қоршауда қалдық, сендермен қоштасу үшін телефон соғып жатырмын, – деді солардың бірі әйеліне
Украина Қарулы күштері Донецк облысының Лиманға жақын 5 елді мекенін Ресей басқыншыларынан азат етті.
Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Қазір осы бағыттағы тұрақты шаралар жалғасып жатыр.
Украина Шығыс әскерлер тобының спикері Сергей Череватый ұлттық телеарнада сөйлеген сөзінде бұлардың арасында Ямполь, Новоселовка, Шандриголово, Дробышево, Ставки бар екенін айтты. «Лиман маңындағы Ресей әскерлер тобы қоршауға алынды, – деді ол.
Оның айтуынша, Лиман ауданында 5-5,5 мың шамасындағы оккупант қоршауға алынған. Ол сонымен бірге, дәл қазір «қазаншұңқырға» қамалған ресейліктердің дәл санын айтудың қиын екенін де ескертті. Себебі, онда әлі кескілескен шайқас, тоқтаусыз атыс жүріп жатыр. Сондықтан жаудың саны «минусқа кетіп жатқаны» да шындық. Рас, басқыншылар бірнеше рет қоршауды бұзып-жарып шықпақшы болып әрекет етіп еді. Бірақ УҚК-ның тегеурінді соққыларынан олардың іс-қимылдары соншалықты сәтті бола қоймады.
Шығыс әскерлері тобының спикері сондай-ақ оккупанттар арасында беріліп жатқандары да бар екенін, ресейліктер арасында өлгендер мен жараланғандар өте көп екенін, бірақ Лиманда азат ету жолындағы жорықтың әлі аяқталмағанын сөз етті.
Осы мезгілде Украина бас барлау басқармасының қоршауда қалған ресейліктердің сыртпен телефон арқылы байланыстарын да ұстап алып жатқаны белгілі болды.
Біз қоршауда қалдық, сендермен қоштасу үшін телефон соғып жатырмын, – деді солардың бірі әйеліне.
Бүгін тәулік ішінде Ресей армиясының 530 солдатынан, 16 танкісінен айырылғаны да белгілі болды.
Оккупанттар жалпы осы кезге дейін 59 610 жауынгерін ажал құштырды.